Сайт Өрлеу

Оқыту мен тәрбиелеудегі мотивацияның рөлі

Оқыту мен тәрбиелеудегі мотивацияның рөлі

Рзағазы Гүлхан
Алматы облысы, Балқаш ауданы, Жиделі ауылы,
Жиделі орта мектебі, І санатты тарих пәні мұғалімі
gulhan_1981@mail.ru

«Мұғалім көп әдісті білуге тырысуы керек.
Оны өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек»
А. Байтұрсынов

Оқушылар оқуға деген ықылас-ынтасы, ниеті болмаса оқу нәтижелі болуы екіталай. Француз жазушысы Анольд Франс «Тамақ тек зор тәбетпен ғана сіңеді» деген екен. Оқу мотивациясы дегеніміз дәл осы сияқты білуге, оқушының үйренуге деген тәбеті дейді ғалым Асхат Әлімов.[1] Нидерландық ғалым Карл ван Парререн қазіргі күнгі инновациялық технологиялардың идеялары мен практикасының 12 қағидатын көрсетеді. Соның ең біріншісіне үйренуге деген тұрақты қозғаушы(мотивация) қалыптастыруды қояды.
Мотивация (ағылш. motіvation) – қолданылу ыңғайына қарай қазақша «ниет», «түрткі», «кірісу», «жігерлену», «ынталану» сөздерінің мағынасына жақын келетін, қазіргі заман мәдениеті мен гуманитарлық ғылымдарында кең қолданылатын ұғым. Бұл ұғымды алғаш рет немістің иррационалды волюнтаризм философы А.Шопенгауэр өзінің философиялық шығармасында жеткілікті төрт негіздің бірі ретінде қарастырған. «Moveo» латынша сөз болып, «қозғалу, әрекет ету» мағынасын береді, демек «motіvation» сөзбе-сөз мағынада «қозғалту, әрекетке келтіру» мағынасын береді. Бірақ қазіргі заман мәдениетінде ол тіке мағынасында емес, көбіне көп ауыспалы, жетілдірілген, түрлендірілген мағынада қолданылады. [2] Мотивация оқушының білімге деген қажеттілігі мен мұқтаждығы, қызығушылығы мен құмартушылығы, оның білім процесінде алдына қойған мақсаттары мен мүдделері болып табылады.  Психологияда мотивацияны адамға әрекет ету жоспарын құрғызған, іс бастатқызған, мақсатқа бағыттаған, талпыныс жігерін күшейткен, істі табанды жалғастырып, мақсатқа жетуге құлшындырған ішкі ынталылықтың ықпалдылығы деп көрсетеді.  Ол мақсатқа деген күшті аңсар (ынта), ішкі өздік кедергілер мен келіссіздіктерді жою (арылу), саналы да, жігерлі қозғалыс (батыл кірісу) -үштігінің бірлігінен көрінеді. Мұғалімдердің біліктілігін арттырудың деңгейлік курсы бағдарламасында ішкі және сыртқы мотивация ұғымымен танысқан болатынмын. Мотивацияны әрекетіміздің, ниетіміздің, қалауымыздың себепті ішкі түрткісі деп те атайды. Бұл ішкі мотивация болады. Бұл сөз зат есім болғанда «Ниет түрткісі» сөзіне, етістік болғанда «Жігерлену» сөзіне жақын келеді. Жігерлену арқылы ниеті шабыттанып, іске кірісуге қозғау салынған адам бір түрлі бұлқынған ішкі қозғаушы күшке ие болады, өзінің көздеген мақсатына қарай кедергілерден тайсалмай белсенді жүру жігері кеудесін кернейді. Ішкі мотивацияның оянуына түрткі болатын «сыртқы мотивация» болады.  Сыртқы мотивация — мотивация тұрақты талпындырушы ретінде көбінесе сыртқы орта талаптарынан қоздатылады.
Біз мұғалімдер оқушыларымыздың ішкі мотивациясын тудыру үшін А.Әлімов еңбектегінде көрсетілген мотивация ережелерін басшылыққа алсақ артық болмайды. Себебі, сыртқы мотивация ішкі мотивацияға айналмай нәтижеге жету екіталай екендігін айтқан болатынмын.  Оқушылардың білімге деген қажеттілігін тудыру, оның беретін пайдасы туралы пікірлесу,    әр оқушының білімді игеруі үшін жауапкершілігін қамтамасыздандыруға ұмтылу, оқушылардың қызығушылығын тудырып, оларды үнемі қолдап отыру, сабақта алған білімдерінің практикалық маңызына ерекше көңіл бөле отырып, әр сабақтың  пайдалы деген сипат алуы, оқушылардың үйренуін мадақтап, қолпаштап отыру, оқушылардың бір-бірімен жарыспай, өз-өзімен жарысу сезімін қалыптастыру, мұғалімнің өзі де шабыттанып, оқушыларына жақсы көңіл күймен қарау, әр оқушының оқудағы мотивтерін айқындауды,  сабақ барысында тұлғааралық қарым-қатынастардың дамуына жағдай жасау мотивация ережесіне жатады.
Егер мұғалім оқушыларды тек айтқанды тыңдаушылар қатарында ұстап,  олардың ұмтылысы мен ынтасын басатын сын айтып, қателіктерін бетіне басатын болса, оқушыларға әдейі қиын, түсініксіз сұрақтар қойып олардың білмейтіндігін үнемі сезіндіріп отырса оқушы сенімсіз, қателіктен қорқатын күйге ұшырайды.  Біз әдетте оқушылардың жіберген қателіктеріне назар аударамыз да, қол жеткізген жетістіктеріне назар аудара бермейміз. Ата-ана үшін ең қуанышты нәрсе баласының жетістігі болса, мұғалім  оқушының екінші ата-анасы.    Ендеше, ең бірінші оқушылардың қол жеткізген жетістігін  атап, сонан кейін жұмысын одан да жақсы ете түсетін нәрселерге назар аудартуға болады.  Мұғалімнің осындай кері байланысы оқушылардың оқу әрекеттерін әрмен қарай жетілдіруіне көмектеседі, ынталандырады, қателіктен қорықпай оны қай кезде де түзетуге болатындығын түсінеді.  Асхат Әлімов өз еңбегінде Пайғамбарымыздың «Адамдар туралы ұдайы жақсы пікірде бол!» деген өсиетін мысалға келтіреді.  Мұғалім оқушылары туралы жақсы пікірде болып, оқуына көмектесуі үшін біршама шаралар жүргізеді. Соның бірі сауалнама жүргізу. Оқушыларға:
 1-сауалнама.
1.Оқу неліктен қажет?
2.Мектепке не үшін келесің?
3.Мектепке келмей-ақ, өз бетіңмен білім алу мүмкін бе?
 2-сауалнама.
Сөйлемді толықтыр.
1.Маған сабақта …………. ұнайды.
2.Маған сабақта …………………….кедергі келтіреді.
3.Сабақтың ………………………..болғанын қалаймын. [3] Оқушылардың оқуға ынтасын және кедергілерді анықтау қажет. Оқушының қажеттілігін, мінез-құлқын ескеру керек. Оқушылар жіберілген қателіктері үшін төмен баға қойып жазаламай-ақ, қателіктерін түзетуді өздеріне тапсырған дұрыс. Оқушылар өздеріне берілген сенімді ақтауға тырысады, олармен жылы сөйлесу, сабырлы қарым-қатынас жасау, өзіңмен тең тұлға ретінде сыйлау оқуға мотивациясын арттырады. Төмендегі кестеде жағымды және жағымсыз мотивацияны салыстырып отырмын.

Жағымды мотивация.
·  Оқуынан рахаттану
·   Нәтижесінің сапалы болуы
Мотивация – Оқу материалын белсенді қабылдау үдерісіндегі танымдық деңгейін арттырушы құрал Жағымсыз  мотивация.
·  Нәтижесіне сыйлық не баға күту
·  Амалсыздан оқу
 Мотивация белгілері:
·       Өз әрекетін жүзеге асыру
·       Өз пікірін дәлелдей алуы
·       Сыныптастарының әрекетіне баға бере алуы
·       Түсінбеген оқушыға түсіндіре алуы
·       Ең қиын тапсырманы орындауға ұмтылысы
“Ешқандай нәтижені жақсы деп қабылдамау керек, егер оқушы одан да жоғары нәтижеге жете алатын болса». «Және азғантай ғана жетістікті төмен деп қабылдамау қажет, егер ол оқушының максималды мүмкіндігі болса». Мотивации белгілері:
·       Оқуға қызығушылығы аз
·       Тек баға үшін оқу
·       Мақсат қоя алмауы
·       Қиындықты жеңуге ұмтылысы болмауы
·   Мектепке және мұғалімдер туралы пікірі нашар

Мұғалім оқу үдерісінде жағымды мотивация бере алмаса, оқушының ішкі мотивациясын оята алмайды. Оқушы деңгейіне қарай отырып, өз биігіне жеткізу арқылы жағымды мотивация қалыптасады.  Мұғалім оқушыны өз биігіне жеткізуде мотивацияны орынды қолдана алса,  өмірде позитивті көзқарастағы шәкірттер, яғни  нәтижеге жетуге болатынына сенімді тұлғалар көп болады деп сенемін.

  1. wikipedia.kz сайты
  2. А.Әлімов. Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері. Алматы,2013.
  3. Мотивирующие школы:   средняя  школа,  стимулирующая мотивацию  учеников  к  учебе http://www.nap.edu/catalog/10421.html