Өрлеу сайты

Инновациялық технологияларды білім беру үдерісіне ендіру – сапалы білім негізі

Инновациялық технологияларды білім беру үдерісіне ендіру – сапалы білім негізі

Самуратова Жанна Бекетаевна
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты
қоғаммен байланыс және баспа қызметі бөлімінің басшысы
[email protected]

Аннотация
В работе изложены рассмотрены основные особенности использования инновационных технологии в учебном процессе.
Annotation
In work are stated actual problems of the system of the formation, as well as are considered main particularities of the use innovation technologies in scholastic process.
Түйінді сөздер: инновация, педагогикалық технология
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Бізге экономикалық және қоғамдық модернизация талаптарына сәйкес қазіргі заманғы білім беру жүйесі керек. Білімді дамыта білмейтін ел XXI ғасырда сәтсіздікке ұшырайды», — деп атап көрсетті. Осыған орай елімізде білім беру саласын дамытуға арналған іс-шаралар мен реформалар жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке жағдайлар жасау, оқытудың инновациялық технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу», — деп, білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделген болатын. Бұл міндеттерді шешу үшін білім беру ошақтарында, әр оқытушының күнделікті ізденіс арқылы ғылымға барлық жаңалықтар, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа тәжірибе қажеттігі туындайтыны сөзсіз. Инновациялық технологияларды қолдану оқу процесін сапалы түрлендіруге, жаңашыл жобаларды енгізуге, оны тиімді басқаруға негіз болып, әрбір білім мекемесінде өзіндік даму жолын табуға, әрбір мұғалімге өзінің әдістемелік жүйесін құруға септігін тигізер еді. Сондықтан қазіргі кезеңде оқытудың инновациялық технологияларын оқу орындарының практикасына белсенді түрде ендіру – қоғам талабы. Ғылым мен техниканың жедел дамыған, ақпараттық мәліметтер ағыны күшейген заманда ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, адамның қабілетін, талантын дамыту білім беру мекемелерінің басты міндеті болып отыр. Ол бүгінгі білім беру кеңістігіндегі ауадай қажет жаңару оқытушының қажымас ізденімпаздығы мен шығармашылық жемісімен келмек.
Білім беру мазмұнын жаңарту, үздіксіз білім беру жүйесін дамыту – бүгінгі күннің талабы. Қазақстанның білім беру жүйесі әлемдік білім беру стандарттарына сәйкестенуде. Бұл білім беру жүйесі мен оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр: білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, озық идеялар, жаңашыл ұстаздар пайда болды. Бүгінгі оқыту жүйесінде жаңа технологияларды пайдалану тәжірибеге еніп, оң нәтижелер беруде. Осыған орай әр ұстаздың алдында бәсекеге қабілетті, бүгінгі заман талабына төтеп бере алатын білімді ұрпақ тәрбиелеп шығару мақсаты қойылған.
Білім беру саласы қызметкерлерінің алдына қойылған міндеттердің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру. Қазіргі таңда оқытушылар инновациялық және интерактивтік әдістемелерді сабақ барысында пайдалана отырып, сабақтың сапалы әрі қызықты өтуіне ықпалын тигізуде. Білім беру жүйесіндегі басым бағыттардың бірі – оқыту үрдісін технологияландыра отырып, білімнің кепілдік нәтижелеріне қол жеткізу. Ол үшін оқыту үрдісін өзгерте отырып, мүғалім шығармашылықпен жұмыстануы керек. Өйткені бұрын оқушы білімді қабылдаушы, жинақтаушы, өзіне сіңіруші рөлдерін ғана атқарса, ал қазіргі жаңа талап бойынша өздігімен білім алушы, үйрене білуші ретінде танылады. Сондықтан жеке тұлғаны осы рөлдерді атқаруға лайықтау үшін оның жаңа бейнесін заман талабына сай дайындауымыз қажет.
Инновациялық құбылыстар білім беру саласында өткен ғасырдың 80-ші жылдарында кеңінен тарала бастады. Әдетте, инновация бірнеше өзекті мәселелердің түйіскен жерінде пайда болады да, берік түрде жаңа мақсатты шешуге бағытталады, педагогикалық құбылысты үздіксіз жаңғыртуға жетелейді». Р.Масырова, Т.Линчевская – «жаңаруды» былай деп түсіндіреді: «Жаңару – белгілі бір адам үшін әділ түрде жаңа ма, әлде ескі ме оған байланысты емес, ашылған уақытынан бірінші қолданған уақытымен анықталатын жаңа идея.» С.Ожегов сөздігіне сүйенсек, инновация – бірінші рет шыққан, жасалған, жуық арада пайда болған, бұрынғының орнын басатын, алғаш ашылған, бұрыннан таныс емес енгізілген жаңалық болып шығады.
«Инновация» ұғымы әр елде әр түрлі, кейбір мемлекеттерде (АҚШ, Нидерланды) бұл термин кең таралған, ал Арабия, Жапония сияқты елдерде кезіктіру мүмкін емес. Сондықтан, әр елде бұл құбылысқа қандай көзқарас қалыптасқанын анықтау мақсатымен ғылыми-педагогикалық, техникалық, саяси әдебиеттер мен баспа беттерін қарастыра келе, Ресейде, Еуропа, ТМД елдерінде, Қазақстанда «инновация» ұғымына көптеген анықтамалар берілгенін көреміз. Ресейде «инновация» ұғымына өте күдікпен қарағаны мәлім. Мәселен, ХІХ-ХХ ғасыр басындағы бірде-бір білім реформаларында бұл термин кездеспейді. Негізінде реформа жүзеге асқан, яғни инновациялық үрдіс өткен, бірақ «инновация» термині еш жерде аталмайды. Ал, Америка ғалымдары Биль және Болен педагогикалық инновацияны «құрамына материалдық ғана емес, сол материалды қолданудағы көзқарастардың кешенді өзгеруін білдіретін үлкен өзгеріс» деп түсінеді [1]. Нейхоз инновацияны үрдіс деп есептейді де, «инновация қандай да бір идеялардан басталатын өзгерістерге әсерін, тұтынушылардың не қолдануы, не бас тартуымен аяқталатын үрдіс» дейді.
Қазақстанда ең алғаш «Инновация» ұғымына қазақ тілінде анықтама берген ғалым Немеребай Нұрахметов. Ол «Инновация, инновациялық үрдіс деп отырғанымыз – білім беру мекемелерінің жаңалықтарды жасау, меңгеру, қолдану және таратуға байланысты бір бөлек қызметі» деген анықтаманы ұсынады. Н.Нұрахметов «Инновация» білімнің мазмұнында, әдістемеде, технологияда, оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда, мектеп жүйесін басқаруда көрініс табады деп қарастырып, өзінің жіктемесінде инновацияны, қайта жаңарту кеңістігін бірнеше түрге бөледі: жеке түрі (жеке-дара, бір-бірімен байланыспаған); модульдік түрі (жеке-дара кешені, бір-бірімен байланысқан); жүйелі түрі (мектепті толық қамтитын).
Білім беру жүйесіндегі инновация – білім мақсатына жаңашылдықты енгізуді көздейді, оқыту мен тәрбиенің жаңа әдісі мен түрлерін, жаңа мазмұнын әзірлеуге, қолданылып отырған педагогикалық жүйені тарату мен енгізу мектепті басқарудың жаңа технологияларын әзірлеу, мектеп тәжірибелік орын ретінде мектептің принципі жаңа білімділік бағдары мақсатын, мазмұнын, әдісін түрлері мен басқа компоненттерін көздейтін жүйелі сипаттама білім мен тәрбие беруді көздейді. Инновациялық процестің дамуына екі фактор ықпал етеді: объективті фактор – инновациялық қызметтің дамуына ықпал ететін және оның нәтижесінің ұғымын қамтамасыз ететін жағдай жасау. Субъективті фактор – инновациялық процестің субъектісімен байланысты, ол инновациялық процестердің субъектілері педагог-ғалымдар, мұғалімдер мен инновациялық бағыттағы білім саласының қызметкері болып табылады. Педагогикалық инновацияларды классификациялау нәтижесінде біз әдістемелік инновацияларды көбірек қолданамыз. Әдістемелік инновациялар – бұл оқыту мен тәрбие беру, сабақ беру мен оқу, оқу-тәрбиелік процесті ұйымдастыру әдістемесі саласындағы инновация. Олар табиғи-ғылыми және гуманитарлық пәндерді қамтитын мектепке дейінгі тәрбиеден жоғары білім беруге дейінгі оқыту процесін, кадрларды даярлау және қайта дайындауды қамтитын білім беру саласында кең тараған. Жаңа нәтижеге бағытталған білім – инновациялық білім. Құзыреттілік білім беру жағдайында қоғамның мәдени, әлеуметтік, экономикалық сұранысты қанағаттандыратын, әлемдік бәсекеге төтеп бере алатын, теориялық білімін кез келген жағдайда өз іс-тәжірибесінде пайдалана алатын білім. Инновациялық білім беру – іскерліктің жаңа түрі. Инновациялық қызмет оқу ісін дамытуға, пәндердің мәнін тереңдетуге, оқытушының кәсіптік шеберлігін арттыруға басқа жаңа технологияларды енгізуге, пайдалануға және шығармашылық жұмыстар жүргізуге бағытталған. Мұндай технологияларды қолдану – біріншіден, оқытушы ұтады, яғни ол сабақты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі, оқушының пәнге деген қызығушылығы артады, екіншіден, оқушы ұтады, себебі оның тақырып бойынша танымы кеңейеді. Осылайша білім берудің қалыптасқан әдістемесіне оқытудың жаңа технологиясы тұрғысынан өзгерістер енгізілсе, білім сапасы да арта түспек. Орыс педагогі К.Д.Ушинский айтқандай, қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім өз білімін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мәнді, қонымды болары сөзсіз деген пікірмен толықтай келісуге болады. Мұғалімнің айтқанын өзіне қайталаудан гөрі, оқушыларды іздендіре отырып, ой-пікірін тайсалмай айтуға ұмтылдыру баланың ойлау қабілетін дамытады. Яғни жаңа технология қарыштап дамып жатқан қоғамда инновациялық технологияларды пайдаланудың тиімділігі мол. Оқу-тәрбие үрдісінде қолданып, айтарлықтай нәтиже беріп жүрген жаңа педагогикалық технологиялар: дамыта отырып оқыту әдістемесі (Л.В.Занков, Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов, В.В.Репин, В.А.Левин); оза отырып оқыту (С.Н.Лысенкова); іс-әрекетті бағалау (Ш.А.Амонашвили, И.П.Волков); тірек және тірек конспектілері (В.Ф.Шаталов); сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясы; модульдік оқыту технологиясы; саралап оқыту; шоғырландырып қарқындап оқыту жүйесі; деңгейлік тапсырмалар арқылы дамыта оқыту; жобалап оқыту технологиясы, т.б.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландыруының және инновациялануының негізіне айналуы тиіс. Бұл мәселе жалпы білім беретін мектептерге байланысты айтылып тұрғандығы белгілі. Еліміздің болашағы орта мектептен толыққанды сапалы білім алған, оның бағдарламасын толық меңгерген баладан, яғни, оқушыдан шығары анық, өйткені, ертеңгі ел тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушысы. Мектепте жұмыс атқаратын әрбір мұғалімнің алдына қазіргі таңда қойылатын талап өте үлкен болып отыр. Мұғалім өзінің инновациялық іс-әрекетін қалыптастырып, оны меңгеріп, сол жаңа педагогикалық технологияларды оқу-тәрбие үрдісінде жүйелі пайдалану арқылы оқушылардың білім сапасын арттыруы қажет. Сонда ғана жаңа педагогикалық технологияларды меңгерген, өз практикасында қолданған әрбір мұғалім өз сабағын нәтижелі даму жағынан көре алады. Мұғалім алғаш жаңа педагогикалық технологияларды: оқып үйренеді, екіншіден, меңгереді, үшіншіден, жаңа педагогикалық технологияларды тәжірибеде қолданады, төртіншіден, оны дамытып, нәтижесін тексереді. Жаңа педагогикалық технологиялар педагогика ғылымының жаңа саласы. Инновациялық үрдістің негізі – жаңалықтарды қалыптастыру, қолдану, жүзеге асырудың тұтастық қызметі. Инновация білім деңгейінің көтерілуіне жағдай жасайды. Инновацияны қолдану арқылы мұғалім өз іс-тәжірибесін байытып, еңбегін жеңілдетіп, белгілі бір нәтижеге жету – педагогиканың ең асыл заты болып табылады. К.Д.Ушинский айтқандай, іс-тәжірибе толық көшіріліп алынбайды, тек оның негізгі ойы ғана алыну мүмкін. Осы негізгі ойды түсініп оларға шығармашылық көзқараспен қараған мұғалім технология бойынша жұмыс атқара алады.
Педагогикалық технологияларды пайдаланудағы мұғалімнің кәсіби даярлығы мазмұнындағы іс-әрекеттер құрылымы:
Мотивациялық:

  • педагогикалық технологияларына қызығушылықтың болуы;
  • педагогикалық технологияларының тұлғалық мәнін түсінуі;
  • педагогикалық технологияларын меңгеруге қажеттіліктің болуы;
  • педагогикалық технологияларын пайдалануға ұмтылысы.

Мазмұндық:

  • педагогикалық технологиялар туралы теориялық және әдіснамалық білімнің болуы;
  • педагогикалық технологиялардың оқу үдерісінде алатын орны мен атқаратын қызметін білуі;
  • педагогикалық технологияларды пайдаланудың әдіс-тәсілдерін білуі.

Операциялық:

  • педагогикалық технологияларды таңдап ала білу;
  • педагогикалық технологияларды жобалау;
  • педагогикалық технологияларды пайдалану.

Рефлексиялық:

  • өзіндік талдау жасауы;
  • өзіндік баға беруді жүзеге асыруы;
  • өзара баға беруді дамыту қабілетінің болуы.

Қорыта келгенде, кез келген педагогикалық технология философиялық негізде қаралады. Сондықтан, бірінші кезекте, білім әлеміне еніп жатқан инновациялық технологияларды реттеу, жүйелеу және сұрыптау қажет. Білім беру жүйесіндегі инновациялық педагогикалық технологияларды пайдалану арқылы оқу материалдарын оқытуды бір жүйелікпен үздіксіз жүргізу, оқу-тәрбие үрдісінде оқытуда пәнаралық байланыстардың болуын қарастыру. Педагог жаңа инновациялық педагогикалық технологияларды пайдалану барысында өзін-өзі дамытады және қалыптастырады.
 
Әдебиеттер:

  1. Ә.Жүнісбек Жаңа технология негізі – сапалы білім. — //Қазақстан мектебі, №4, 2008.
  2. Қ.Нағымжанова Инновациялық технологияның құрылымы. – А.: Өркен, 2007.
  3. С.Көшімбетова Инновациялық технологияны білім сапасын көтеруде пайдалану мүмкіндіктері. – А.: Білім, 2008.
  4. М.Валиева Жаңа педагогикалық технологиялар. Əдістемелік нұсқау, 2002.
  5. Ізденіс және даму перспективалары. Әдістемелік оқу құралы. Алматы, 2016.
  6. Білім. Таным. Тәрбие. Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал. №1, 2016.
  7. Рузавин Г.И. Педагогические инновационные технологии: Учебн. пособие для вузов. – М: ЮНИТИ ДАНА, 1999. — 250 с.
  8. Дистерверг A. Руководство к образованию немецких учителей. Избранные педагогические сочинения. М.: Учпедгиз, 1956. С. 136-203.
  9. Монахов В.М. Творческая педагогика. — 2001. — 1. — с. 35-47.
  10. Бұзаубақова К.Ж. Жаңа педагогикалық технология» тренингі: оқу-әдістемелік құрал. — А.: Жазушы, 2005.- 54 с.
  11. Мынбаева А.К., Садвакасова З.М. Инновационные методы обучения, или как интересно преподавать. А.: 2009. – 203 с.