Өрлеу сайты

1 НАУРЫЗ — АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ!

1 НАУРЫЗ — АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ!

«ӨРЛЕУ» БАҰО» АҚ филиалы Астана қаласы бойынша ПҚ БАИ директоры Л.А. Саинова институт ұжымын алғаш рет аталып отырған 1 наурыз «Алғыс айту күнімен» құттықтады.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын Барлық этностардың бір біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді.» — деген болатын.

Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. Ал 1995 жылғы 1 наурызда Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган құру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шықты.

«Ассамблеяның тарихы – бұл бiздiң тұрақтылығымыздың тарихы. Қоғамдық келiсiмнiң кепiлi болған Ассамблея елiмiздегi тұтастықтың тұтқасына, бiрлiктiң дiңгегiне, достықтың дәнекерiне айналды. Тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған түрлi этнос өкiлдерiнің ауыр тарихынан, этносаралық қарымқатынастан сабақ алу керек. Бұл тарихты келешек ұрпақ білуі үшін мектептерде әділ де объективті түрде оқытылуы тиіс» — дедi өз сөзiнде Н.Ә. Назарбаев.

«Өткен бүкіл ХХ ғасыр бойына Қазақстан аумағына көпэтносты халықтың қалыптасуының күрделі үдерісі жүрді. Ғасырдың ең басында столыпиндік реформа кезеңіндегі шаруалардың қоныс аударуы барысында Қазақстанға Ресейден, Украина мен Беларусьтан 1 миллион 150 мың адам келді. Жиырма шақты жылдан соң, 30-ыншы жылдарғы ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық аудандарынан Қазақстанға 250 мың мүліктері тәркіленген шаруалар келді. Дәл сол уақыттарда өнеркәсіп нысандарын салуға елдің барлық түкпірлерінен шамамен 1,2 миллион адам қоныс аударды.

Сталиндік режим кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық немістер, 102 мың поляктар, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 100 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары қоныс аударды.

Тың игерудің алғашқы кезеңінде (1954 – 1956 жылдары) республикамызға 640 мыңнан жоғары адам келген, соның ішінде 391 мың 500 ауыл шаруашылық механизаторлары, 50 000 құрылысшы, 3000-ға жуық медицина қызметкері, 1500 мұғалім, 1000 – ға жуық сауда саласының қызметкерлері және басқалар. Бұған қоса бауырлас республикалардан ұжымдық шаруашылықтарда 66 700 — ге жуық механикалық училищелер түлектері жұмыс істеді.

Бұған қоса Қазақстанға КСРО – ның барлық елдерінен 1,2 млн. адам өндіріс орындарын салуға көшіріп әкелінді.»

Осындай тарихи өзгерістерді басынан кешірген жер аударылғандар мен олардың ұрпақтары үшін Қазақстан шынайы Отанына айналды. Құт пен береке дарыған қазақ жерінде тұрып жатқан өзге этнос өкілдерінің, қиын-қыстау кезеңде бауырына тартқан қазақ халқына деген алғыс, ризашылығы шексіз.

Осыны ескере келе Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстанда Алғыс айту күні бекітілді.

Алғыс айту күні — 1 наурыз болып белгіленіп, еліміз бойынша мереке күні болып есептеледі.

Пікір қосу