Сайт Өрлеу

«Жеке тұлға қалыптастыруда үштілділіктің маңызы»

«Жеке тұлға қалыптастыруда үштілділіктің маңызы»

Налибаева Гулжан Рысбекқызы,
мемлекеттік басқару магистрі.
«Өрлеу» БАҰО АҚФ Астана қаласы
бойынша ПҚ БАИ инновациялық
дамуды әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы.
 

 Абстракт
На сегодняшний день полиязычное  обучение  для подрастающего поколения  раскрывает сеекреты мировой науки  и позволяет обучающимся  в образовательном пространстве свободно развивать свои  способности и потребности.
Обучение на трех языках — требование времени, где ее основными целями является: владение несколькими языками, способность к социальной и профессиональной ориентации, формирование и развитие культуры личности.
Сегодня наша страна согласно своим показателями должна достойно войти в число пятидесяти развитых стран мира, где система образования должна соответствовать требованиям мирового образования. Поэтому информационно-коммуникативный мультикультурализма в эпицентре образовательных компетенций должны быть признаны в качестве базовых знаний.

Abstract
To date, of multilingual education for the younger generation reveals seekrety world science and allows students in the educational space free to develop their abilities and needs.
Education in three languages — the requirement of time, where its main objectives are: possession of several languages, the ability to social and professional orientation, formation and development of the individual’s culture.
Today our country according to their performance should adequately enter the top fifty developed countries, where the education system must meet the requirements of world education.
Therefore, information and communication multiculturalism in the midst of educational competence must be recognized as a basic knowledge.
Ключевые слова:   полиязычное  обучение, требование мирового образования, образовательные компетенции, информационно-коммуникативный мультикультурализм.
Keywords: training of multilingual, global education requirement, educational competence, information and communication multiculturalism.

Бүгінгі таңда көп тілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Үш тілде оқыту – заман талабы десек, оның негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Бүгінде еліміз жаңа ғасырдың табалдырығын абыройлы көрсеткіштермен аттап, дамыған елу елдің қатарына қосылуға бет бұрғандықтан, білім беру жүйесі де әлемдік білім талаптарына сәйкес болуы тиіс. Сондықтан білім ошағындағы көпмәдениеттілік ақпараттық және коммуникативтікпен қатар қойылып, білімнің базалық құзыреттілігі ретінде танылып отыр.
ХХІ ғасыр – білімділер ғасырының талабына сай зерделі, ой-өрісі жоғары азаматты қалыптастыру мемлекетіміздің негізгі стратегиясы болып саналады.
Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың 2007 жылғы  28 ақпандағы  «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауында «Тілдердің үштұғырлығы»  атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. Нұрсүлтан Әбішұлы «Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым — қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі» деген сындарлы да салдарлы үндеу жолдады 1.
Мемлекет басшысы 1 наурызда «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын қабылдау туралы жарлыққа қол қойғанын айтты. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты — Президент ұсынған «Мәңгілік ел» идеясын орындауға бастайтын, оған негіз қалайтын платформа жасау.
«Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру белгілі бір құндылықтар жүйесіне негізделетіні белгілі. Сол құндылықтардың ішіндегі ең бастысы — қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде нығайту, қазақстандықтардың үш тілде еркін сөйлеуіне жағдай жасау. Мемлекеттік тіл «Мәңгілік Ел» идеясының негізі, өзегі. Мемлекет билігінің құдіреттілігі мен күштілігі қазақ тілінде сөйлеуімен өлшенеді. Мемлекет қай тілде сөйлесе, сол тілдің құдіреті қашанда үстем болады. Мемлекеттік тілде сөйлеу қазақ халқының ішкі бірегейлігін нығайтып, өркениеттік, мәдени бағытын арттырады. Тіл — ұлттың мәдени коды, ойлау және таным, дүниеге қатынасының, құндылықтарды бағалай білу жүйесінің коды. Сонымен бірге, тіл — билік, үлкен саясат. Тіл — «Мәңгілік Ел» идеясының басты негізі. Ана тіліңді құрметтеу — ұлттық намысты ояту мен жаңғыртудың көзі. Бұл жолда тілдік және ақпараттық кеңістікті қорғау, оған мемлекеттік тұрғыдан ықпал ету, ақпараттық кеңістік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ел тәуелсіздігін қорғаудағы басты ұстаным болуы тиіс. Білім беру жүйесі мәдениетпен тікелей байланысты. Демек, «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру үшін білім беру жүйесінің мақсатын өзгерту керек. Ол, біздіңше, креативті, шығармашылық сипатта ойлайтын «мәдениетті тұлғаны» қалыптастыру.
«Мәңгілік Ел» идеясының философиялық мәдени астарын талдауда ерекше назар аударатын мәселе — ұлттық тәрбие. Тәрбие тал бесіктен басталады десек, ұлттық тәрбие отбасынан бастау алуы керек. Отбасылық тәрбие мәдениетті тұлғаларды қалыптастыруды басты мақсат ретінде ұстануы керек. Бұл жолда үлкенді құрметтеу мен ата-ананы сыйлауды, ар, намыс, ұят сынды құндылықтарды жастар санасына сіңдіруді басты идеологиялық ұстанымға айналдырудың маңызы зор. Қазақ болашағы тектілік пен кісілікті, бірлік пен татулықты, білім мен адамгершілікті ұштастыру негізінде жүруі тиіс. Отбасы мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі қажет. Отбасы болашақ жастарды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелей отырып, олардың санасына патриоттық сезім ұялатуы тиіс. Сонымен бірге, әйел-ананы қорғау, құрметтеу, жетім мен жесірін қорғау қоғамның ұлы жолдағы басты құндылығы ретінде мойындалуы тиіс.
Бұл саясатты қолдау дегеніміз, біріншіден, өз тіліміздің бай екендігін көрсете отырып өзге тілдерді еркін меңгере алатын ұлт ретінде дәлелдейміз. Екіншіден, шетелмен тығыз қарым-қатынас орната отырып экономикамызды жақсартамыз.Үшіншіден, «Жас болса да, бас бола алатын» мемлекет екендігімізді толығымен көрсетеміз. Қазақстан үшін үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттікке ұмтылуға бірінші баспалдағы.өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады.  Біздің басты мақсатымыз – Қазақстан Республикасының тіл саясатын жүзеге асыру, тілді меңгеруге деген қызығушылықты ынталандыру, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу, үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды қалыптастыру.
Бір халықтың мәдениетін басқаларымен салыстыру арқылы әлем суретін әр әлуан әрі тұтас көруге мүмкіндік беретін ұлттық мәдениеттің барлық ерекшіліктерін және құндылықтарын  сезінуге болады. Көптілді үйретудің қай қырын алып қарасақ та, жүргізілетін жұмыстардың басты мақсаты — білім берудің сапасы мен нәтижелілігін арттыра отырып полимәдениетті тұлғаны қалыптастыру болып отыр. Білім беру бәсекеге қабілетті, жоғары сапалы  болуының нәтижесінде қазақстандық  мектептердің түлектері өз білімін шетелдік жоғары оқу орындарында жалғастыра алатындай болуы қажет. Сондықтан білім берудің маңызы стратегиялық міндеті,  бір жағынан, мектеп бітірушілердің халықаралық біліктілік сапасын, лингвистикалық білімін жетілдіру, ең негізгісі мемелекеттік, ана тілі мен шетел тілдерін меңгеруді қамтамасыз ету болып табылады.
ЮНЕСКО  ХХІ ғасырды полилингвизм ғасыры деп атады. Болашақ ұрпағымыз тек ана тілін меңгеріп қана қоймай, бірнеше шетел тілін меңгеруі керек. Ал шетел тілін жан-жақты меңгертуде оқу-тәрбие процесін қызықты, ыңғайлы және ұтымды ету үшін бірнеше тілдегі (қазақ,орыс,ағылшын) әдіс-тәсілдерді қолданамыз. Тәуелсіз ел болған соң әлемнің барша жұртымен қарым-қатынас жасай бастадық. Енді біз тек орыс тілін ғана емес, қытай, түрік, ағылшын, француз және басқа ұлттардың тілін біліп, олармен қатынас жасауға тиістіміз. Алайда, әлемде ең басты тіл-ағылшын тілі екені дау туғызбастай ақиқат.
Бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру дегеніміз – ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу деген сөз. Оған қоса ағылшынша білсең, әлемдегі ең үздік, ең беделді жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндігің мол. Тіпті, оқуыңды тәмамдаған соң біршама уақытқа шетелде қалып, еңбек етуің үшін де бұл тамаша мүмкіндік. Ең бастысы, ағылшын тілін білу – бұл іскерлік қарым-қатынас және әлемнің кез келген нүктесінде бизнеспен айналысу үшін міндетті талап. Жалпы Әлемдік рейтингте ағылшын тілі бірінші орын алады,сондықтан біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Ағылшын тілін меңгеру – жастарға әлем танудың кілті болмақ. Сонымен қатар ағылшын тілін меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады:

  • өзге мәдениет өкілімен тікелей, аудармашының көмегінсіз қарым-қатынас жасай аламыз;
  • ғылыми үлгілері дамыған шетелдік мағлұматқа қол жеткізе аламыз;
  • ғаламтордағы ағылшын тіліндегі мағлұматты игере аламыз;
  • жастар мен ғалымдар экономикасы дамыған елдерде білім алып,сол елдің озық тәжірибесін елге алып келуге мүмкіндік алады;
  • өз зерттеулеріміздің нәтижесін шетелдердегі жоғары конференцияларға, конгрестерге, симпозиумдарға шығарып, көрсете аламыз;
  • өзге мәдениеттің көркем әдебиетімен тұпнұсқасында таныса аламыз;
  • өндірістің қай саласында болмасын жұмысқа тұру мүмкіндігіміз бен жалақымыз артады;
  • соңғы инновациядан және жаңалықтардан хабардар болады, әсіресе инженерия мен технологияларға қатысты.

Қазақстанның азаматы, қазақ тілінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан неміс ұлтының өкілі Г.Бельгер: «Неміс тілі, қазақ тілі, орыс тілі — шабытымның үш қайнар бұлағы» — деген екен. Қазақ халқының «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген мақаласы «Үш тұғырлы тіл» саясатын жүргізудің негізі бола алады. Ал, А.П.Чеховтің «Шет тілін білмеген адам өзін паспортсыз жандай сезінеді» деген қанатты сөзі, бір тілмен шектелген адам өзін еркін, бостандықта жүргенін сезіне алмайтынын нұсқап отыр. Ендеше, «Үштұғырлы тілді» меңгеру – еркіндіктің, бостандықтың, бәсекеге қабілетті ұлт болудың, ұлт болашағының жарқын болуының кепілі.
    Қолданылған әдебиеттер:

  1. Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Жаңа Әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Астана, 2007 жылғы 28 сәуір.
  2. Назарбаев Н.Ә. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы. Астана, 2014 жыл 11 қараша.
  3. Білім беру мекемесі басшыларының анықтамасы, №4 (112) 2016.
  4. Қазақстан мектебі. № 5,8 (1084), (1087) 2016.
  5. Республика ұстаздары. Педагогикалық газет, № 21-22 (322) 2016.
  6. Қазақстан мектептеріндегі шетел тілдері, № 6 (90) 2016.