Сайт Өрлеу

Білім берудегі инновация

Білім берудегі инновация

О.Ж. Мыханова
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы,
Қызылорда облысы бойынша педагогикалық
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты

 Summary: The article considers  important aspects of the professional development of the teacher in the current educational conditions: mastering of innovative teaching technologies,  updating the methodological service, analyzing the results of activities, and analyzing practical skills.
Key words: innovative technologies, professional pedagogical interests, educational system, educational process, innovative process.
Аңдатпа: Мақала қазіргі білім беру жағдайында мұғалімнің кәсіби біліктілігін дамытудың маңызды аспектілерін қарастырады: инновациялық оқыту технологияларын меңгеру, әдістемелік қызметті жаңарту, қызмет нәтижесін талдау, тәжірибе дағдыларын талдау. 
 Тірек сөздер: инновациялық  технологиялар, кәсіби педагогикалық  мүдде, білім беру жүйесі, оқу тәрбие үрдісі, инновациялық процесс.
 

Статья рассматривает важные аспекты профессионального развития учителя в современных условиях образования: освоение инновационных учебных технологий, обновление методической службы, анализ результатов деятельности, анализ практических навыков.
Еліміз егемендік алған алғашқы жылдарынан бастап білім беру ісіне аса мән берілуде. Бүгінгі ғаламдастыру дәуірінің талабына сай білім беру барысында оқушының жеке тұлғасын жан-жақты жетілдіруге, олардың танымдық әрекетін дамытумен қатар ғаламдық ой-санасын қалыптастыруға ерекше назар аударылуда.
Әрбір мемлекеттің алдына қойған мақсаты мен мұраты тарих сахнасынан өзіндік орнын ала отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылу болса, сол экономикасы жақсы дамыған елдердің басты жетістіктері олардың қазба байлықтарының көптігі немесе жер көлемінің үлкендігінде емес, сондағы байлықты өз орнымен игере білуінде. Бұл қажеттілікті қанағаттандыру үшін ел ертеңі бүгінгі жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге бүкілхалықтық дәрежеде мән беру-қазіргі таңдағы үлкен мәселе.
Ұлы Абайдың «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандастарының бәрі кінәлі» деген әйгілі сөзін еске алсақ, қазір құдайға шүкір, еліміз еңсе көтеріп, әлемдік өркениет пен ұлттық рухани құндылықтарымызға бет бұра бастадық.
Қазіргі заманғы мектепте нақты педагогикалық қызметте іске асыруға болатын орасан зор педагогикалық тәжірибе жинақталған, бірақ олардың бәрі бірдей қолданыла бермейді, өйткені көптеген мұғалімдер мен басшыларда ол тәжірибені зерттеу және қолдану қажеттілігі қалыптаспаған, сол сияқты ол тәжірибелерді талдау мен талдаудың дағдысы мен іскерлігі жетісе бермейді. Мұғалімдер нақты іс-әрекетінде өзінің, сол сияқты әріптесінің де педагогикалық тәжірибесіне талдау жасаудың қажеттілігіне мән бермейді.Осы бағытта мұғалімдердің инновациялық білім прогресіне бет бұруы көзделуде.
Жалпы инновациялық бiлiм прогресiнiң негiзiне педагогиканың екi маңызды проблемасы жатыр:

  • педагогикалық тәжiрибенi оқыту проблемасы;
  • психологиялық – педагогикалық ғылым жетiстiктерiнiң практикасына дейiн жеткiзудiң проблемасы.

Бiлiмдегi иновациялық процестiң нәтижесi теория мен практиканың тоғысында пайда болатын – теориялықта, практикалықта жаңалықтарды пайдалану болып табылады.

Мұнда бiлiм жүйесiндегi инновация бiлiм мақсатына жаңашылдықты енгiзудi көздейдi, оқыту мен тәрбиенiң жаңа әдісі мен түрлерiн, жаңа мазмұнын әзiрлеуге, қолданылып отырған педагогикалық жүйенi тарату мен енгiзу; мектептi басқарудың жаңа технологияларын әзiрлеу, оның дамуы; мектеп тәжiрибелiк орын ретiнде мектептiң принциптi жаңа бiлiмдiк бағдары болған жағдайда, бiлiм беру жүйесiнiң мақсатын, мазмұнын, әдiсiн, түрлерi мен басқа компоненттерiн көздейтiн жүйелi сипаттағы бiлiм тәрбие берудi жүзеге асырады. Олардың дамуының негiзiнде факторлардың екi тобы жатыр:

  • объективтi факторлар – иновациялық қызметтiң дамуына дем беретiн және оның нәтижесiнiң ұғымын қамтамасыз ететiн жағдай жасау;
  • субъективтi факторлар инновациялық процестiң субъектiсiмен байланысты, ал инновациялық процестердiң субъектiлерi педагог – ғалымдар, мұғалiмдер және инновациялық бағыттағы бiлiм саласының қызметкерлерi болып табылады.

Ал инновациялардың тууының екі жолы бар. Біріншісі – тәжірибенің терең қойнауынан, педагогикалық ғылымның ұғымдары мен терминдерінен пайда болған жаңаны ой елегінен өткізу, екіншісі – жаңаның ғылымның өзінен тууы. Кейде бұл жолдар тоғысады. Мысалы, кейде педагог-практик жаңа қорытындылар мен іс-әрекеттерге, олардың ғылымда бұған дейін әзірленіп, ұсынылғанын білмей, өз бетінше келеді. Әрине, оның проблемаларын ғылым шешіп бергенше күтіп тұра алмайды, бірақ та мұғалімнің нағыз кәсіпқойлығы сонда, ол соңғы зерттеулердің нәтижелері туралы үнемі хабардар болуға тиісті.
Өкінішке орай, қазiргi кезде мектепте нақты педагогикалық қызметте iске асырылуға тиiс мол тәжiрибе жинақталған, бiрақ өте сирек қолданылады, өйткенi көп мұғалiмдер мен басшыларда оларды зерттеуге, қолдануға қажеттiлiк қалыптаспаған, оларды таңдап, талдауға бiлiктiлiгi мен iскерлiгi жетiспейдi. Шынайы практикада мұғалiм көбiне өз педагогикалық тәжiрибесiн және әрiптестерiнiң тәжiрибесiн талдауы керек екенiн және диагностикалық зерттеулер жүргізілуін ойланбайды.
Ал, инновациялық процестердi зерттеудiң диагностикалық әдiсi мыналарды көздейдi:

  • мұғалiмдердiң педагогика қызметiндегi нақты қиыншылықтарды жеңу негiзiнде қалыптасқан кәсiби педагогикалық мүдделерiн, қажеттерiн, құнды бағдарын жүйелi зерттеу;
  • Мұғалiмдердiң мүдделерi мен қажеттiлiгiн қанағаттандыруға бағытталған жолдарды, тұжырымдамаларды, озық педагогикалық тәжiрибе технологияларын зерттеу;
  • Педагогикалық инновацияларды енгiзу және игеру түрлерiн мұғалiмнiң тұлғалық ерекшелiктерiне сәйкес таңдау (көрiнiс, сипаттау, ашық сабақтар, әдебиеттi зерттеу, баяндама дайындау, эксперименттiк жұмысқа қатысу).

Сонда диагностикалық әдiс мұғалiмдердiң бiлiктiлiгiн арттыру жұмысын жаңаша құруға мүмкiндік беретiн жұмыс нәтижесiнiң баянды болуына ықпал етеді.
Бұл оқытудың түрткi берушiлiк функциясы жетiстiкке деген сенiмiн, жұмысқа қызығушылығын арттырады, кәсiби өсуiне және кәсіби құзіреттілігінің кіріктірілуіне мүмкiндiк бередi. Мұнда оқыту кәсiби шеберлiктiң жаңа қырларын меңгеруге, мамандығының күрделi қыр-сырына қол жеткiзуде пiкiрлестер табуға жол ашады.
Ендеше, мектепішілік инновациялық іс-әрекет біріншіден жаңалықты таңдау, оны іске асыру болса, екіншіден сол жаңалықты жүзеге асыратын мұғалімдердің инновациялық даярлығын қажет етеді.
Мұғалімдердің инновациялық даярлығын қалыптастыру үшін төмендегі жағдайлардың болуы шарт:
-білім беру мекемелері басшыларының инновацияны енгізудің құндылығын түсінуі;
-мектептің материалдық-техникалық базасын күшейту: мектептегі компьютерлер санын көбейту, оны түгелдей интернет жүйесіне қосу;
-мектептегі әдістемелік жұмыстарға жаңаша бағыт беру, әр мұғалімнің шығармашылығын арттыратындай ізденіс жұмыстарын жүргізу;
-әрбір мұғалімнің шығармашылық мүмкіндігін ашу;
-жаңа иденясы бар шығармашылық қабілеті жоғары маманның болуы;
-мектептің озық іс-тәжірибелерін жеке веб-сайттар арқылы тарату, пайдалану.
Жаңа енгізілген жаңалық немесе инновация адамның кәсіптік қызметінің бәріне де тән болғандықтан, ол табиғи түрде зерттеудің, талдаудың және тәжірибеге енгізудің нысанасына айналады. Инновация өздігінен пайда болмайды. Ол — ғылыми ізденістердің, жекелеген мұғалімдер мен тұтас ұжымның озық педагогикалық тәжірибиесі. Бұл процесс стихиялы дамымайтындықтан ол басқаруды қажет етеді.
Қазiргi уақытта қоғам, мәдениет және бiлiмнiң дамуында педагогикалық қызметтiң инновациялық бағыттылығының қажеттiлi бiрқатар жағдайлардан көрiнiп отыр.
Біріншіден, қоғамда жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар білім беру жүйесін, әдістемесі мен түрлі типтегі оқу орындарының оқу тәрбие үрдістерін ұйымдастырудың технологиясын түбірінен жаңартуды талап етуде. Педагогикалық жаңалықты жасау, игеру және пайдалануға негізделген мұғалім мен тәрбиеші қызметінің инновациялық бағыттылығы білім беру саясатын жаңартудың құралына айналуда.
Екіншіден, білім беру мазмұнын ізгілендірудің күшеюі, пәндерінің көлемі мен құрамының үнемі өзгеріске ұшырауы, жаңа оқу пәндерінің енгізілуі жаңа ұжымдық формалар мен оқыту технологиясын үздіксіз іздестіруді талап етуде. Осы жағдайда мұғалімдер арасында педагогикалық білімнің рөлі мен беделі арта түсіп отыр.
Үшіншіден, мұғалімнің педагогикалық жаңалықты игеру және қолданылуға деген қатынасы сипатының өзгеруі. Егер бұрынғы уақытта инновациялық қызмет негізінен жоғарыда ұсынылған жаңалықтарды практикада қолданумен шектелсе, қазіргі уақытта ол барынша баламалы, зерттеушілік сипат ала бастады. Сондықтан да мектеп, білім беру органы басшыларының қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі мұғалімдердің енгізген инновациясына талдау жасап, баға беру, оны іске асыруға, қолдануға қолайлы жағдай жасау болуы тиіс.
Төртіншіден, жалпы білім беретін оқу орындарының нарықтық қатынастарға енуі, мемлекеттік емес оқу орындарының құрылуы нақты бәсекелестік ахуал туғызуда.
Қазіргі мектеп жағдайларындағы білім берудің ұлттық моделіне өту, оқыту мен тәрбиелеудің соңғы әдіс-тәсілдерін, инновациялық педагогикалық технологияны игерген, психологиялық-педагогикалық диогностиканы қабылдай алатын, педагогикалық жүмыста қалыптасқан бұрынғы «баршаға білім беру» ескі сүрлеуінен тез арада арылып, жаңаша білім беру мазмұнына «әркімге таңдау бойынша білім беруге» көшуге қабілетті және нақты тәжірибелік іс-әрекет үстінде өзіндік даңғыл жол салуға икемді, шығармашылықпен ізденушілікпен жұмыс істейтік зерттеуші мұғалімдерді даярлауды қажет етеді.
Мұғалімнің инновациялық даярлығын қалыптастырудағы әдістемелік жұмыстардың алатын орны зор. Әдістемелік бірлестіктер мұғалімнің инновациялық даярлығын қалыптастыру бағытында ғылыми-әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыруды, мұғалімнің шығармашылығының қалыптасуына атсалысады.
Әдістемелік бірлестіктер оқу-тәрбие үрдісінде инновациялық оқыту технологиялары қалай жүзеге асырылып жатқанын бақылап, инновациялық әдістемелік қызмет атқарады: білім сапасының нәтижесін тексеріп, білім сапасының мониторингісін жасайды, нәтижесін талдап, қорытынды шығарады.
Ендеше педагогикалық тәжірибені зерделеу мен қорытудың дәстүрлі нысандарын қарастырып көрелік:
Оқу – тәрбие жұмысының әр түрлі тақырыптары мен мәселелері бойынша ашық сабақтар. Тәжірибені зерделеу мен қорытудың бұл нысаны барлық мектептерде кеңінен қолданылады. Тәжірибелі педагогтардың ашық сабақтарына қатыса отырып, олардың әріптестері мен мектеп басшылары тәжірибенің шын мәніндегі озық жақтарын бүкіл ұжым болып талқылайды, атап көрсетеді, нақты педагогтың озат тәжірибесінің басқалардың игілігіне айналатын жағдайларын анықтайды.
Ғылыми-әдістемелік және ғылыми-практикалық конференциялар – озат тәжірибені зерделеу мен қорытудың ыңғайлы тәсілі. Конференцияның тақырыбына сәйкес мұғалімдер әдебиетпен танысып, өз тәжірибелерін, сондай-ақ әріптестерінің тәжірибелерін ой елегінен өткізеді.
Педагогикалық оқулар мұғалімнің өз тәжірибесін талдауын, ой елегіне өткізуін және қорытуын мақсат етеді. Ол алдымен әдістемелік секцияда, бірлестікте немесе педагогикалық кеңесте, өндірістік кеңесте баяндама жасайды. Содан кейін педагогикалық оқулар өткізіліп, үздік баяндамалар аймақтық оқуларға, журналдарда, мақалалар жинақтарында жариялауға ұсынылады, т.с.с.
Педагогикалық консультациялар ауызша және жазбаша болуы мүмкін. Жаңашыл педагогтың жұмысында мәселелер, қиындықтар, кейде күмән туындайды. Педагогикалық консультацияны жұмысты жаңа бастаған, тәжірибесі аз оқытушылар үшін тәжірибелі мұғалімдер жүргізеді.
Өздігінен білім алу – егер тәжірибе баяндамалар, мақалалар, брошюралар, монографиялар, әдістемелік әзірлемелер, жаднамалар, нұсқаулықтар түрінде жазылып, қорытылған болса, бұл кез келген педагог үшін басқа педагогтардың тәжірибесін зерделеудің қолжетімді, тиімді әрі қажетті нысана.
Мұндай біліктілік арттырудың инновациялық формалары мұғалімдердің шығармашылығын дамытуға, зерттеу жұмысы мен айналысуға, қабілеттілігі мен қызығуын тудыруға жеке тұлға туралы теориялық білімдерін тереңдетуге және болашақта оқу- тәрбие үрдісінде оны дамытуға қолайлы жағдай жасауға өз үлесін қосары даусыз.
Біліктілік арттырудың инновациялық формаларының негізгі міндеттері:
-Қазіргі инновациялық педагогикалық технологияларды оқып үйрену;
-Республика, ТМД, әлемдегі педагогикалық озық іс- тәжірибелерді оқып үйрену, зерттеу, талдау, насихаттау, тарату, пайдалану;
-Жаңашыл мұғалімдердің озық іс-тәжірибелерін зерттеу;
-Болашақ мұғалімдердің жоғары интеллектальдық, шығармашылық әлеуетін қалыптастыру, оны дамыту;
-Оқу-тәрбие үрдісіне инновациялық технологияларды ендіру мақсатында эксперименттік тәжірибелер жүргізу.
Ендеше, ғылыми педагогоикалық ақпараттарды талдай отырып инновациялық нысандардың бірнеше түріне тоқталып өтелік.
Уақытша шығармашылық топтар — бұл топтар жаңа жобаларды құруға және олардың жүйелі іске асыуына, эксперимент жұмыстарының дұрыс жүргізілуі үшін құрылады.
Кәсіби даму мектептері – бұл педагог кадрлардың біліктілік деңгейіне қарай бірнеше топтарға іріктелген топтар.
Оларға:  1. «Жоғарғы деңгейдегі кәсіби даму мектебі»;

  1. «Мұғалімнің кәсіби дамуына негізделген мектептер» ;
  2. «Кәсіби дамуға негізделген жас мектептер».

Педагогикалық шеберханалар бұл ізденімпаз ұстаздардың жұмысын толыққанды орындауға белгіленген орын немесе өзінің озат-тәжірибесімен бөлісетін жұмыстың формасы болып табылады.
Ендеше, осыны іске асыру бағытында мектептің даму бағдарламалары жүйелі негізде жасалынып, жоғарыда айтылған дәстүрлі нысандағы кемшіліктерді ескеріп диагностикалық сараптама жүргізіліп мұғалімнің кәсіби өсуімен кәсіби құзіреттілігін арттыруды мақсат етеді.
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Қазіргі мектептердің, біріншіден, практикалық қызметінде жинақталған барлық игіліктердің сақталуы, екіншіден, қоғамның интеллектуалдық қуатын жетілдіру, еліміздің материалдық – қаржылық ресурстарын әрі қарай дамытатын адам тәрбиелеу, орта білім жүйесін одан әрі дамытып жұмылдыру міндеттерін көздейді. Бұл міндеттерді шешу үшін мектеп ұжымдары, әр мұғалім күнделікті ізденіс арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа практика, жаңа қарым-қатынас жасаулары қажет», — деп атап көрсетілуі мұғалім іс-әрекетіне жаңа бағыт сілтейді. Бұл заңда қазіргі кезеңде мұғалімдердің біліктілігін жетілдірумен қатар, кәсіби қызметтің ғылыми негіздерін практикаға қолдануға, практикалық іскерлік пен дағдыны қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген.
Қазіргі кезеңде педагогика ғылымының бір ерекшелігі – баланың тұлғалық дамуына бағытталған оқыту технологияларын шығаруға ұмтылуы. Ал мұның өзі мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік, үлкен міндет жүктейді. Мұндай міндеттерді шешу мұғалімдерден оқушыларға берілетін ғылым негіздерін олардың болашақ іс-әрекетінің берік негізі әрі тірегі болатындай етіп оқытуды, оқу-тәрбие үрдісін, білім мазмұнын жаңартумен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әр алуан құралдарын қолдануын тиімділігін арттырудың, оқытудың инновациялық технологиясын меңгеруді, педагогикалық жаңалықтарды тәжірибеге батыл енгізуді талап етеді.
Мұғалімдердің инновациялық даярлығын қалыптастыру – олардың жаңа педагогикалық технологияны меңгеруінің алғы шарты. Ал мұғалімдердің жаңа педагогикалық технологияларды меңгеруі мен оны оқу-тәрбие үрдісіне енгізу – уақыт талабы. Өйткені жаңа педагогикалық технологияны меңгеру мұғалімдердің іскерлігін, ізденісін туғызып, шығармашылықпен жұмыс істеуіне жол ашса, оқушылардың білім сапасын арттыруға өз үлесін қосады.
Әдебиеттер:

    1. Беспалько В.П. Слагаемые педагогической технологии. — М.: Педагогика, 1989.
    2. Монахов В. Проектирование и внедрение новых технологий обучения. М.: Педагогика, 1990.
    3. Таубаева Ш.Т. Передовой педагогический опыт: от теоретического осмысления к практике. –Алматы: Республиканский издательский кабинет, 1997.
    4. Юсуфбекова Н.Р. Общие основы педагогической инноватики. М., 1991.
    5. Әлмұхамбетов Б.А., Бенцион Я.С. Педагогикалық кадрлармен әдістемелік жұмыс: келелі мәселелер, тәсілдер, шешімін іздеу. — Алматы, 1998.
    6. Ж.Әбиев., С. Бабаев. А. Кудиярова Педагогикалық қызметтің инновациялык бағыттылығы.- Алматы 2004 ж.
    7. К. Бұзаубақова «Педагогикалық жаңа технологиялар зертханасы»-Қазақстан мектебі №12. 2004 ж.
    8. А. Биязбаев «Студентттер — болашақ жетекшілер»- Қазақстан мектебі №12. 2004 ж.