Сайт Өрлеу

Қазақ тілін оқытудың инновациялық әдістері

Қазақ тілін оқытудың инновациялық әдістері

Райымбекқызы А.,
Аманова Г.С.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ
Жамбыл облысы бойынша ПҚБАИ

Aннотaция: В cтaтье изложены оcобенноcти иcпользовaния инновационных методов в преподаваний казахского языка.  Оcновные cодержaния нновaционныx методов в обучении и воcпитaнии по обновленным прогрaммaм.
Ключевые cловa: инновaционнaя теxнология,  обновленнaя прогрaммa,методы преподаваний казахского языка

Annotation: The article describes the use of innovative methods in the teaching of the Kazakh language. The main content of the innovative methods in teaching and writing on the updated programs.
Key words: innovation technology, updated program, methods of teaching Kazakh language

Бүгінгі мектептердің өзекті мəселелерінің бірі — оқушылардың тіл мəдениетін көтеру, сауатты және дұрыс жаза алатын, сын тұрғысынан ойлау қабілеті дамыған азамат тəрбиелеу. Ол жас ұрпақтың болашақта өмірден өз орнын дұрыс таңдай алатын, қарым-қатынас мәдениеті қалыптасқан, өзара қарым-қатынаста өзін еркін ұстап, кез келген ортаға тез бейімделетін, өз ойы мен пікірін айта білетін мəдениетті жеке тұлға қалыптастырып, тəрбиелеу. Оқушының жеке тұлға болып дамуы мен алған білімін іске асыруда сөйлеу тілін, əрекетін, тіл мəдениетін  қалыптастыру мектепте оқытылатын пәндерде оқу-тәрбие үдерісі негізінде жүзеге асырылатын өзекті мəселелердің бірі болып табылады.
Мектепте оқылатын барлық пәндер сияқты қазақ тілін оқыту  барысында да қолданылатын ииновациялық технологиялары бар.  Оқыту әдістері де қолданылу мақсаттарына қарай әрі олардың атқаратын қызметтері тұрғысынан бір-біріне принциптік ұқсастығы мен сабақты ұйымдастыру жүйесі бойынша төмендегі үш түрге топтастырылады.
—  Оқу үдерісін ұйымдастыру әдістері;
—  Оқушылар үйренетін білім көздерінің әдістері;
—  Нақтылы оқу міндеттерін белгілейтін әдістер (1).
       Оқу үдерісін ұйымдастыру әдістеріне мыналар енеді:

  • Мұғалімнің оқу материалын өзара байланысты түрде баяндау әдісі;
  • Мұғалімнің оқушылармен жүргізетін әңгіме әдісі;
  • Мұғалімнің басшылығымен жүргізілетін оқушылардың өзіндік жұмыс әдісі.

Осы әдістерді қолдана отырып сабақта берілетін ақпарат пен материалдар бойынша жұмыс жүргізгенде, мұғалім мен оқушылар арасындағы педагогикалық қарым-қатынас, кері байланыс амалдары ұштастырылады, сонымен бірге тотық жұмыстың ұйымдастырылуы мен ұжым арасындағы жұмыстардың бірлігі айқын көрініс береді.
Оқу жұмысын ұйымдастыру әдістері тобындағы жаңа технологиялар қазіргі мектеп тәжірибесінде кең тараған. Сондықтан қай пәннің мұғалімі болсын және қай сыныпта сабақ жүргізсін, ол осы әдістерді қолданады. Мұғалім оқу үдерісінде оқушылардың жасына әрі даярлық дәрежесіне, сондай-ақ тақырып бойынша сыныппен жасалатын жұмыстың кезеңдеріне, сабақтың нақтылы міндеттеріне қарай бұл әдістердің ең тиімді дегендерін пайдаланып отырады (2).
Оқу үдерісі барысында мұғалім сабақ бере отырып оқушыларға берілетін ақпаратты түгел бақылап отыруы қажет. Ол оқу үдерісін бақылау әдісі.      Оқу үдерісін  бақылау әдісі  арқылы   мұғалімнің бүкіл сабақ жүйесінде қолданатын әдіс-тәсілдерінің дұрыс-бұрыстығы, оқушыларға ұсынылған жаттығулар мен грамматикалық тақырыптарға байланысты берілген мысалдардың оқушының жас ерекшелігіне лайықтылығы, дұрыстығы, егер дұрыс болмаса, оны қалай түзету қажеттігін білуге бағытталған. Сабақ үдерісі жүйелі, белгілі мақсатпен бақылау, байқау белгілі бір грамматикалық мәслелені дұрыс, жан-жақты, талдау жасауға көмектеседі. Мысалы, зат есімді оқытумен байланысты қандай жұмыстар жүргізіледі, қандай жаңа ақпарат беріледі, қандай нақты тұжырым жасалынды деген мәселені жан-жақты қарастыруға мүмкіншілік болады.
Қазақ тілі сабағында әңгімелесу әдісі арқылы мұғалім оқушының білімін бақылай отырып, жеке оқушымен де, топ оқушымен де әңгімелесу арқылы да сабаққа қорытынды жасай алады. Бұл әдістің тиімділігі оқушының қазақ тілінен алған білімі мен іскерлік дағдыларын тексеріп, қандай қателер жібергенін анықтап, онымен жұмыс істеудің жолдарын белгілейді.
Баяндау арқылы сабақ түсіндіргенде мұғалім жоғары немесе орта буын сыныптарда оқушылардың таным қабілетінің даму деңгейінде оқу материалының мазмұнын белгілі шамада кеңейте баяндауы мүмкін. Мұны бастауыш сыныптарда қазақ тілі сабағында да қолдануға болады, бұл олардың психологиялық ерекшеліктеріне байланысты жүзеге асырылады.
Әңгіме әдісі – бастауыш сыныптарда қолданылатын әдістердің ең негізгі түрі. Бұл әдіспен сабақ жүргізгенде, мұғалімнің сұрағы мен оқушылар жауабы түрінде диалог пайда болады. Осы кезде оқу материалының мазмұны ашылады, оқушының түсіну дәрежесі айқындалады, сын тұрғысынан ойлау қабілеті дамиды, сөздік қоры молаяды. Оның үстіне оқушыларды сабақта еркін сөйлеуге қатыстыру арқылы тіл байлығын жетілдіру мақсаты жүзеге асырылады. Әңгіме әдісін қолданғанда мұғалім сұрақ қоюға ерекше көңіл бөледі. Сұрақ қысқа да түсінікті, қызғылықты және методикалық жағынан дұрыс құрылған болуы керек. Өйткені жете ойластырылмаған сұрақ балаларға қиындық келтіреді. Сондықтан сұрақ қоюға аса жауапкершілікпен қараған жөн. Әңгіменің тартылымдылығын арттыру жағы да ойластырылады.
Қазіргі кезде оқушылардың өздігінен орындайтын практикалық жұмыстарын ұйымдастыруға елеулі мән беріледі. Оқушылар өзіндік жұмысты орындау барысында жеткілікті дағды алуға тиіс. Әр оқушы өзінің қандай тапсырманы орындайтынын, нені тындыратынын және қандай тәсілдерді қолданатынын білгені дұрыс. Сонда ғана оқушының еңбегі нәтижелі болады. Оқушылардың өздігінен орындаған сынып жұмысы сол бойда-ақ тексеріліп, жіберілген қателер ұқыпты түрде түзетіледі әрі себептері түсіндіріледі. Оқушының өз бетімен орындаған жұмысының сапалы болуына мұғалімнің көмегі және оқушылардың өзін-өзі тексеру әрекеті елеулі ықпалын тигізеді.
Практикалық әдіс бойынша, негізінде, ауызша және жазбаша жаттығу жұмыстары беріледі және орындалатыны белгілі. Мұғалім бұл әдісті әр сыныптың тұрақты оқулықтарындағы практикалық жұмыстарға арналған тапсырмалардың шарттарын орындатады. Мұғалім бұл арада ең алдымен, сол тапсырманың мазмұнына, оның тіл құбылысын қаншалықты аша түсетініне зер салады. Оқулық материалына осылайша сын көзімен қарау мұғалімді бірқатар олқылықтан, тіпті ықтимал қателіктерден сақтандырады. Соның нәтижесінде оқушыларға әрі дұрыс, әрі айқын ұғым беріледі. Екіншіден, практикалық жұмыс тапсырмаларын орындау шарттары бақылауға алынады. Бұл жағдайда оқушылардың тәжірибелік жұмысы бір сарынды қалыпқа түсіп кетпеуі қадағаланады. Демек, тапсырмалардың орындалуы оқушылардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға тиімді әсер етерліктей етіледі.
Жаңа білімді түсіндіру барысында мұғалім оқушылардың сұрағын меңгерген теориялық мағлұматтарын қайталап, еске түсіруден басталады. Бұл арада жаңа білімді жеңіл түсінуге тірек боларлықтай байланысы бар материал пысықталады, сұрақ-жауап. Жаңа білім белгілі обьектіні бақылау, талдау, салыстыру әдістерін қолдану жолымен түсіндіріледі. Мұғалім кестені, жаттығуды немесе тақтаға жазылған тапсырманы ұсынып, оларды оқушылардың өз бетімен талдауы арқылы сын тұрғысынан ойлануын ұйымдастырады. Бастауыш сыныптарда жаңа білімді меңгерту үшін мұғалім түсінік сөзіне кең орын беріледі, бұл сөз оқушылардың алдын ала жасайтын жұмысына байланысты болады. Мұғалімнің түсінік сөзінде оқу материалы толық талқыланады немесе негізгі мәселелер анықталады.
Сабақтың жаңа материалды бастапқы бекіту бөлімінде оқушыларды практикалық қызметке қосу міндеті көзделеді.
Оқушы білімін қалыптастырудың негізгі әдістерінің бірі – жаңа білімді бекіту жаттығулары мен тапсырмалары. Оқушының алған жаңа білімі белгілі тілдік материалды, грамматикалық ережелер мен анықтамаларды меңгеру  үстінде және өзінің алған білімін кері байланыс барысында бекітіледі. Оқушылардың грамматикалық білімді меңгеруінің беріктігі мен сапасы бірқатар  көрсеткіштер бойынша сипатталады:
— оқушының грамматикалық құбылыстарды бір-бірінен ажырата біліп, олардың өзіндік ерекшелігін көрсете алуы. Мысалы: септік жалғаудың әр түрін біліп, оларды өз практикасында дұрыс қолдана алуы;
— грамматикалық терминдерді дұрыс қолдана білуі. Мысалы: дыбыс пен әріпті, сөз бен сөйлемді, жалғау мен жұрнақты шатастырмауы;
— оқушының ережелер мен анықтамаларды саналы түсініп, байланысты түрде баяндауы, оларды мысалдар келтіру арқылы дәлелдеу қабілеттілігі;
— оқушының грамматикалық ережелерді жазбаша жаттығулар орындағанда, сөйлеу практикасында қатесіз қолдана білуі (3).
Сабақта топтық жұмысты ұйымдастыру қазіргі сабақтың белсенділігін арттырады. Сыныпта топ мүшелерінің кезекпен сөйлеуі бұрын сабаққа көп қатыспайтын оқушылардың да назардан тыс қалмай ашылуына септігін тигізеді. Топпен бірлесе жұмыс жасау барысында оқушылар алған білімдерін қорытындылай, талдай, жүйелей отырып, шығармашылық қабілеттерін жетілдіреді. Өз бетінше және бірлесе жұмыс істеу арқылы логикалық ойлау қабілеттерін, білім, білік, дағдыларын қалыптастырады, тілдік құзіреттіліктерін арттырады.
Қазақ тілі сабағында қолданылатын технологиялар оқушылардың ой-пікірін белгілі бір тақырып бойынша жүйелі түрде жаңа ақпараттар және оны дұрыс негіздеуге бағытталып ұйымдастырылған жұмыстар арқылы жүргізіледі. Бұл инновациялық технологияның түрлері сабақ барысында кеңінен қолданылуы тиімді нәтиже беретінін көрсетеді. Осы арқылы мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен ииновациялық технологияларды дұрыс қолдана алу білімділігін аса қажет етіледі. Мұғалім таңдаған технологияны түрлендіріп, аса шеберлік көрсетсе, соғұрлым сабақ алдына қойған мақсатына жетеді. Осы тұрғыдан алғанда, оқытушыға білім берудің тиімді жолдарын қарастыру, таңдай білу еркіндігі анықталады Кез келген оқытудың ииновациялық технологиясы оқу іс-əрекетінің қарқындылығы мен белсенділігін арттырады. Тіл үйренушінің оқуға деген ынта-ықыласын, қызығушылығын жойып алмау мақсатында, алдымен ұғымға сəйкес түсінікті болуын ескеру қажет, берілетін тапсырманың тəрбиелік мəніне көңіл бөлініп, сезімді, қызығушылықты оятатындай құрылуы керектігі ескерілуі қажет.
Қорыта айтқанда, әрбір сабақта оқытудың инновациялық технологияларын пайдалану арқылы оқушылар бірлесе жұмыстануда өз ойымен қатар өзгенің де ойымен санаса отырып, бір-біріне түсіністікпен қарауды үйренеді. Бірін-бірі тыңдап, сенім артып, қолдау көрсетуді үйренеді. Ұжыммен бірлесе еңбектеніп, өздерінің осы жұмысқа өз үлесін қосқандығын сезінгендері олардың қандай да болмасын жетістікке жеткендігін аңғартады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Құрман Ж.Н. Қазақ тілін оқытудың əдістемелік негіздері. – А., 2009.
  2. Əмірғалина Н. Білім берудің инновациялық технологияларының бірі — тірек конспектілері // Білім.- 2009. №2.
  3. Амандықова Г. Шет тілін оқыту əдістемесі. – А.: РИИЦ Азия, 2000.
  4. СадуоваЖ. Инновациялық технологияларды білім беруде қолдану // Білім. – 2011. № 5.