Сайт Өрлеу

Белсенді оқыту тәсілдерінің тиімділігі

Белсенді оқыту тәсілдерінің тиімділігі

З.Куанышбаева, М.Мамадияров, М.Мусаева
«Өрлеу» БАҰО АҚФ
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша
ПҚ БАИ, Оңтүстік Қазақстан
мемлекеттік педагогикалық институты
Шымкент қаласы, Казақстан.

Summary: This paper considers the active teaching strategies of teaching being urgent issues in the educational system.
Key words: updated curriculum, teaching methods, active teaching strategies.
Аннотация: В данной статье рассмотрены интерактивные методы обучения и основные проблемы системы образования в рамках обновленного содержания образования.
Ключевое слово: образовательная программа, методы обучения,  интерактивные методы.

Ел Президенті Н.Ә Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа жолдауында «Қазақстан әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына енуі үшін: білімді де зерделі, жан-жақты дамыған дарынды, қабілетті ұрпақ керек» деген. [1]

Бүкіл әлемде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе аясында «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені үйренуі керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сияқты негізгі сауалдар туындап отыр. Бұл сауалдар білім беру бағдарламасымен және білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда қолданылатын педагогикалық тәсілдермен тығыз байланысты. [2] Қазіргі кезде Қазақстанда жаһандық проблемаларға жауап бере алатындай деңгейде ұлттық мәнмәтіндегі жұмыстар жүргізілуде. Білім беру бағдарламасындағы ұлттық стандарттарға, бағалауға, оқулықтар мен оқыту әдістеріне қатысты білім беру саласындағы өзекті құндылықтар мен мақсаттар мектеп оқушыларының жалпы үлгерімін арттыруды, сондай-ақ инновация мен көшбасшылықты енгізу үшін талап етілетін дағдыларды дамытуды, мектеп мәнмәтіні арқылы ұлттық сананы қалыптастырып, іске асыруды және ауқымды халықаралық тәжірибемен өзара әрекеттесуді көздейді. Жаңартылған білім беру бағдарламасы мен бағалау жүйесін енгізу аталған міндеттерді шешу үшін қабылданған шаралардың бірі болып табылады. Осы реформалау аясында бастауыш сыныптарға арналған білім беру бағдарламасы да өзіндік ерекшеліктер де бар. Бұл оқушылардың оқылым, жазылым, айтылым, проблемаларды шешу, ғылыми зерттеу жүргізу және анықтамалық материалдарды зерделеумен байланысты дағдыларын дамытуға көмектеседі. Оқушылар бастауыш сыныпта оқытылатын әр пәндік саланы түсінетіндігін көрсете отырып, алдағы уақытта осы білімдерін басқа жағдайларда қолдана білулері қажет. Сондықтан оқушыларды өз білімдерін кез келген жағдайға қалай бейімдеу керектігін біліп, болашақта кездесуі мүмкін кез келген күрделі тапсырмаларды шешуге икемді болуға баулу маңызды болып табылады.
Жаңаша білім беру жүйесінде белсенді оқытудың әдістері жеке тұлғаның қалыптасуында маңызы зор. Оқытудың белсенді әдістері — оқу
материалын игеру үдерісінде оқушыларды  белсенді ойлау және практикалық әрекетке итермелейтін әдістер. Белсенді оқыту мұғалімнің дайын білімдерді баяндауына, оларды есте сақтауы мен қайта жаңғыртуына емес, оқушылардың белсенді ойлау және практикалық әрекет үдерісінде өз бетінше білімдер мен біліктерді меңгеруіне бағытталған әдістер жүйесін пайдалануды білдіреді. Белсенді оқыту әдістерінің ерекшеліктері олардың негізінде практикалық және ойлау әрекетіне ояту жатыр. Онсыз білімдерді игеруде алға жылжушылық болмайды. Оқытудың белсенді әдістерінің пайда болуы және дамуы оқытудың алдына оқушыларға білім ғана беріп қоймай, танымдық қызығушылықтар мен қабілеттердің, шығармашылық ойлаудың, өз бетінше ақыл-ой еңбегінің қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз ету т.б. жаңа міндеттер қойылуымен байланысты. [3] Белсенді оқыту мен оқу әдістерін таңдау, пайдалану және әзірлеу – оңай жұмыс емес, өйткені мұғалімдерде қандай да бір тәсілді қолданардың алдында көптеген сұрақтар туындайды, мысалы:

  • Осы сабақ білім алушылардың жасына сәйкес келе ме?
  • Сыныпта қандай балалар жиналған, мысалы, қабілеттерінің деңгейлері әртүрлі, саны, жынысы және т.б.
  • Жекелеген оқушыларда жоспарлау барысында ескерілуі тиіс белгілі бір мұқтаждық, өзіндік мән-жайлар бар ма?

Белсенді оқыту мен оқудың белгілі бір әдісін пайдаланардың алдында мұғалімдер өздеріне әртүрлі сұрақтар қойып, өзінің үдерістегі рөлі мен іс-қимылын ұдайы ойластырып отыруы керек.
Белсенді оқу тәсілі жаңа білімді бұған дейінгі біліммен байланыстырады, қателіктер бізге өзімізді тексеріп, түсінігімізді жетілдіруге жол ашып, нәтижесінде терең білім мен көзқарасты өзгертеді. Белсенді оқуда өз тәжірибесінің негізінде үйреніп, оқушыларға эксперимент жасап, мәнін ұғынып, түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бірлескен оқу тәсілі құрылымдалған топтық жұмыстан тұрады. Бұл әдісте тұлғааралық қарым-қатынас дағдылары жетіліп, ақпарат алу және жоғары деңгейлі ойлау дағдылары дамиды.
Оқу пәндері арасында байланыс орнату білім беру бағдарламасының аясын кеңейтіп, теңестіреді, тереңірек білім алуға мүмкіндік береді, көптеген дағдыларды қалыптастырады, түсінік пен дағдыларды дамытуға көмектесе алады, оқудың анағұрлым саналы меңгерілуіне көмектеседі, оқуға деген уәжді арттыра алады.
Оқушылардың қажеттілігін қанағаттандыру тәсілінде оқушылардың оқуға қолдау көрсету мақсатында тексеру және кері байланыс ұсынылады. Яғни, уәжді және өзін-өзі бағалау деңгейін арттыра отырып қай бағытта оқыту керектігін анықтауға көмектесеміз. Сонымен бірге оқушылардың өз жұмысын жақсартуына мүмкіндік беріп, оқушылардың барынша тиімді оқу жолдарын түсінуіне көмектесеміз.
Оқушылар өзара әңгімелесу арқылы  тапсырмаларды талқылауы бір-біріне білім мен дағдыларды үйрете отырып, тақырыпты терең түсінуіне жол ашады. Оқушылардың өз үлгерімі туралы ойланып, әрі қарай не істеу керектігі туралы шешім қабылдауына мүмкіндік ала отырып, тапсырманы күрделендіріп, оқушылардың оқуға деген уәжін арттырып отырады. Оқыту процесінде білім алушының қойылған оқыту мақсаттарын түсінгендігін растау ретінде басқа да оқу міндеттері қойылып және тиімді  сыныптық пікірталас қалыптасқаны маңызды. Мұғалімнің тұрақты түрде кері байланыс жасауы білім алушыларды алға қарай жылжуға, жақсы нәтижеге жетуге ынталандыратын болады.
Топтық жұмыс барысында мұғалім әрбір топтағы білім алушылардың талқылауын тыңдайды және бақылайды: кейбір білім алушылар бағалау критерийлеріне сәйкес оқу мақсатына жеткендігін жылдам көрсете алады. Мұғалім одан әрі оқу мақсатына жетуге ұмтылған білім алушылардың іс-әрекетін бақылауы және қосымша сұрақтар қоюы тиіс:

  • Бұл туралы не ойлайсыздар?
  • Сіздің топта не талқыланғаны туралы түсінік бере аласыз ба?

Егер білім алушылар практикалық жұмыс орындаса, онда сұрақты әр тапсырма бойынша қоюға болады:

  • Сіздер қазір не істеп жатырсыздар?
  • Сіздің ойыңызша бұдан әрі не болады?
  • Сіз бұл тапсырманы орындау барысында ерекше бірдеңені байқадыңыз ба?

Топтық жұмыс барысында мұғалім барлық топтардың жұмысын бақылауы тиіс. Топты бақылауды тапсырманы орындауға қатысумен бірге жүргізуге де болады. Жауаптарды бағалаудан кейін мұғалім оқу мақсатына жетуге ұмтылған топтарға қайтадан келіп, олардың оқу мақсатына жетулеріне тағы бір мүмкіндік беруіне болады. Бұл жағдайда білім алушыларға жаңа идеяны тұжырымдауды, екі (немесе одан да көп) идеяны салыстыруды, идеяларды бағалауды, топтық талқылаулар негізінде қорытынды жасауды, сұрақтарға жауап беруді ұсынады.
Электронды оқу және жаңа технологияларды пайдалану белсенді оқудың қызықты тәсілдеріне жатады. Бұл оқушының уәжін арттыра және зерттеу жүргізу, қарым-қатынас жасау, ынтымақтастық орнату және тапсырмаларды тиімді іске асыру үшін қолданылады. Оқушылардың ақпарат іздеп, өз тәсілдерін табуына мүмкіндік бере отырып, олардың өз үлесін қосуына септігін тигізеді, сыныптан тыс өз бетінше білім алуға мүмкіндік беретін тәсілдердің бірі болып табылады.
Модельдеу тәсіл іске асып жатқан ойлау үдерістерін түсіндіре отырып мысал ұсыну, яғни оқушыларды бір мезгілде пән мазмұны туралы ойлануға және сарапшы ретінде әрекет етуге жетелейді. Оқушылардың өз бетінше жұмыс істеуіне көбірек мүмкіндік беріп, тапсырманы кезеңдерге бөледі және үдеріс туралы ойланып, рефлексия жасауға ынталандырады. [4] Саралау тәсілі әр оқушының оқудағы қажеттіліктерін қанағаттандырып, жекелей түсінік пен дағдыларын тереңдейді. Сонымен бірге, өзіне деген сенімі мен оқуға деген уәжін артады, оқушыларға идеяларды тереңірек түсінуге көмектесе отырып, шығармашылыққа ынталандырады. Саралауда барлық оқушылар үшін тиімді, барлық оқушылардан күтілетін нәтижені арттыра алады.
Оқушының білімге деген ынтасына мұғалім мен ата-ана, қоршаған орта әсер етеді. Мұғалім белсенді әрекет ете отырып, оқушылардың танымдық қабілетін дамытып, ғылым негіздерін игеруге, белгілі бір білімдердің, дағдылар мен іскерліктерін қалыптастырып, оқушының рухани, физикалық және еңбек қабілеттерін жетілдіріп, еңбек және кәсіби дағдыларын дамытуда аянбай еңбек ету қажет.

Әдебиеттер тізімі

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. – Астана: Елорда, 2014
  2. Оқыту мен оқудың белсенді әдістері. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015
  3. Мұғалімге арналған нұсқаулық. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015
  4. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015

7 комментариве к “Белсенді оқыту тәсілдерінің тиімділігі

  1. Майра

    мақала көлемі үлкен болмағанмен, белсенді оқытуда қолданылатын тиімді әдістер туралы ой нақты берілген.

  2. Керимбекова Раушан

    Мақала өз тақырыбын терең аша білген. Белсенді оқытудың тиімділігі аясында құнды мағлұматтар алуға болады. Мектеп мұғалімдері үшін өте тиімді.

  3. Мереке

    Жаңартылған бағдарлама аясында ұсынылып отырған мақала, оқу үрдісінде педагогтарға белсенді іс-әрекеттерді тиімді жолдарын қарастыру айтылған. Мақала құнды жазылған.

  4. Назира

    Белсенді оқытудың тиімді іс-әрекеттері мақалада дұрыс қарастырылған.

  5. Лаура

    Мақалада белсенді оқыту тәсілдерінің тиімділігі нақты көрсетілген. Өте құнды және мазмұнды мақала. Үлкен рахмет!

  6. ЗЕЙНЕП АСЕМЖАНОВА

    Жаңартылған бағдарлама бойынша білім беру жағдайында қолдануға тиімді әдіс-тәсілдер нақты берілген. Бұл мұғалімдердің білім беру барысында пайдалануына қолайлы болып табылады. Мақала мазмұнды жазылған. Рахмет!

  7. Гулсара

    Мақаланың құндылығы сол — белсенді оқытуда қолдануға болатын әдістердің мұғалім үшін дайын білімдерді баяндауына, оларды есте сақтауы мен қайта жаңғыртуына емес, оқушылардың белсенді ойлау және практикалық әрекет үдерісінде өз бетінше білімдер мен біліктерді меңгеруіне бағытталғандығын дұрыс жүйелеуінде және белсенді оқыту әдістерінің ерекшеліктеріне жете тоқталғандығында. Мақаламен танысқан педагог өздеріне қажетті әдістемелік кеңес ала біледі деген сенімдемін. Істеріңізді ілгерілетер шығармашылық жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.