Сайт Өрлеу

Бірлескен жұмыс негізінде мұғалімдердің сыни тұрғыдан ойлауын дамыту

Бірлескен жұмыс негізінде мұғалімдердің сыни тұрғыдан ойлауын дамыту

Ж.О.Жубаева
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Ақтөбе облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру нституты
Jn_80@mail.ru

Аңдатпа: Мақалада мұғалімдердің құндылығына сай әрекет ету мен оқушы қажеттілігін ескеріп оқыту мақсатында тәсілдерді түрлендіру,  бірлескен жұмыс негізінде сыни ойлауларын дамыту мәселелері қарастырылған.
Кілтті сөздер: сын тұрғысынан ойлау, интербелсенді тәсілдер, қабілет, бірлескен жұмыс, рефлексия.
Аннотация: В статье рассматривается проблемы модификации методов обучения в соответствии с потребностями учащихся и ценностями учителей,  также развитие критического мышления учителей на основе совместной деятельности.
Ключевые слова: критическое мышление, интерактивные методы, способности, совместная деятельность, рефлексия.
Summary: This article deals the problem of modifying theaching  methods in accordance with the needs of students and the values of teachers, as well as the development of critical thinking of teachers based on joint activities.
Key words: critical thinking, interactive methods, ability, team work, reflection.

Қазіргі Қазақстан мектебіндегі жаңа өзгерістер әлемдік білім беру жүйесі тәжірибесін пайдалана отырып, оқушылардың жеке–дара  күйінің дамуын қамтамасыз ететін жаңа әдіс-тәсілдерді іздестіруге және оларды қолдануға бағытталған. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жаңартылған бағдарламаларды қолдану нәтижесінде өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған оқушы қалыптастыру көзделіп отыр. Ал осындай оқушы қалыптастыру —  мұғалімдердің еншісінде. Сондықтан курс кезінде мұғалімдердің жаңаша тәсілдерді оқушылардың қабілеттері мен ерекшеліктеріне сәйкес іріктеп, жетілдіру негізінде оқытуға ден қойдым. Бағдарламада оқу туралы ұғым «мағынаны ұғыну және шынайылықты өзгеше түсіну ретінде» қарастырылғандықтан, пәннің негізі мен өмірдің арасындағы байланысты анықтай алуға назар аудардым. Оқу мен оқытудағы жаңаша ұғымды талдай келе Дайана Халперннің ойына тоқталып, «мұғалімдердің сыни ойлауын жетілдірмей, оқушының сыни ойлауы қалыптаспайтындығын» ескеруге тырыстым. Осыған сәйкес мұғалімдерді сыни ойлауға үйретудің маңыздылығы анықталды. Мұғалімдердің сыни тұрғыдан өзінің тәжірибесін, жаңа тәсілдерді қолдану және бағалау әрекеттерін рефлексивті ойлауы мен бастамашылдығына ықпал ету мәселесін мақсат қып алдым.
Курс барысында «Қалайша мұғалімдерді сыни ойлауға жетелеймін? Ортақ көзқарастан арылып, әркімнің жеке құндылығына сай өзіндік ой-толғамы мен пайымдауын анықтатудың кілті неде? Өз ісіне сыни баға беріп, өзгерістер енгізуге неғұрлым нық қадам басу үшін қалай ықпал етемін?» деген сұрақтар төңірегінде көп ойландым. Себебі, мен мектепте еңбек еткен кезімде оқушыларды шығармашылық бағытта қалыптан тыс ойлауға баулуды өзекті мәселем деп білсем, біліктілік арттыру институтында қызметімде көптеген мұғалімдердің оқушылардың дамуына, өзіндік жаңалық ашуына көңіл бөлмейтіндігі қатты алаңдатты. Сол сияқты мұғалімдердің сыни көзқарасын қалыптастыруда тар шеңберден шығып, барлық оқушылар үшін қолайлы орта қалыптасыратын сыныпты ұйымдастыру бағытында ойлану қажеттілігі туындады.
Ендігі кезекте «мұғалімдердің сыни ойлауын қандай үдерісте, қалайша жетілдіремін» деген мәселеге тоқталғым келеді. Қалай дегенде де білім саласындағы негізгі мәселелер біріншіден, мазмұн(не нәрсеге үйрету керек?); екіншіден, әдістеме(қалай үйрету керек?); үшіншіден, нәтиже(не үшін үйрету керек?) сұрақтарына жауап іздеуге бағытталатыны сөзсіз. Осы тұрғыда «өмір бойы азық боларлықтай білім беру» идеясынан «өмір бойы өздігінен үйрену» («Life long learning»)ұстанымына өзгеруге сәйкес оған «Тек әрекеттесу арқылы ғана үйретуге болады»деген тоқтамға келдім. Психолог Х.Гарднердің «сыни ойлау белсенді түрде ғана сіңіріледі» деген ойына сәйкес тәжірибелі ұстаздарды бірлескен жұмысқа тарту арқылы проблемалардың шешімін табуға, бағалауға, дәлелдер мен болжамдар жасауға,яғни, сын тұрғысынан ойлауға үйретуге болатыны сабақтар барысында айқындала түсті. Курс барысында бағдарлама негізінде, ең алдымен, Хэттидің сындарлы оқыту теориясына сай мұғалімдердің сыни тұрғыдан ойлауын дамытуды көзделді. Екіншіден, зерделеу мен талқылаулар арқылы өзара қарым-қатынастың ойлауға жетелейтіндігі анықталды. Үшіншіден, тәжірибені бақылау, әріптестер пікірі мен мұғалімдердің ойы, жоспарлауға енгізген жаңашылдықтарға байланысты рефлексия жүргізілді. Нәтижесінде бірлескен жұмыс негізінде жаңа ақпарат жүйелі бекітіліп, шыңдалатыны белгілі болды, мұғалімдер жұпта, кішігірім топтарда ортақ проблемаларды бірлесіп талқылағанда жаңа идеяларға шығармашылықпен қарап, жаңалықтар ашуға дайын болатыны анықталды. Сондықтан ортақ әрекетке қызығушылықтары оянып, өзара оң көзқарас қалыптасып, белсенді жұмыс нәтижелі болатыны сөзсіз. Сонымен қатар Джонсон және Джонсон(1989) анықтаған бірлескен жұмыс барысында есте сақтау қабілеттері жоғарылап, терең түсінік қалыптасып, сыни тұрғыда ойлаулары дамитындығы негіз болды. Жетекші идея: Мұғалімдердің сыни тұрғыда ойлауға қабілеттілігі өз сабақтарын жаңаша өткізуге, бастамашылдыққа, жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалануына жол ашып, топта белсенділігінің жоғарылап, дәлелдемелер мен талқылауға бейімделуіне ықпал етеді.
Сыни тұрғыдан ойлау мәселесін тереңірек ұғындыру мақсатында Әл-Фараби, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов пікірлеріне сүйеніп, бірлескен жұмыстың әсері туралы психологиялық тұрғыдан Л.С.Выготский, П.Я.Гальперин, А.В.Запорожец, Л.М.Леонтьев, Б.Г.Ананьев, А.Р.Лурия, С.Л.Рубинштейн, Д.Н.Узнадзе еңбектерін талқылап, көптеген ғалымдар мен практиктердің жұмыстарына (Ж.Пиаже, Дж.Дьюи, Т.С.Воропай, С.Тулмин, С.Бахишева, А.Тягло, С.Мирсеитова, т.б.) зерделеу мәселені тереңірек және ашық талдап, түсінуге мүмкіндік береді.
Аталған әдебиеттер мен пікірлерді саралай келе басты міндеттері анықталды:

  • оқыту үдерісінде мұғалімдердің сыни ойлау мүмкіндіктерін анықтау;
  • бірлескен жұмыс арқылы сыни тұрғысынан ойлау қабілеттерін дамытудың мәні, міндеттері, құрылымын анықтау;
  • түрлі пән мұғалімдерінің сыни тұрғыдан ойлау негіздерін қалыптастырудың педагогикалық шарттарын анықтап, әдістерін таңдау;
  • тапсырманы Блум таксаномиясына сай жүргізуге баулу;
  • АКТ мүмкіндіктерін қолдану арқылы қалыптан тыс ойлануға тарту;
  • бірлескен жұмыс бойынша тәжірибелік-зерттеу жұмысын өткізу, оның нәтижелерін талдау арқылы нақты шешімдер шығару.

Осылайша, сыни ойлауға бағытталған бірлескен жұмыс зерттеуі мұғалімдердің сыни тұрғыда ойлауын дамытып, өзіндік дәлел-уәждерін жеткізуге ынтымақтастық орта қалыптастыру, сенімді, сыни пікір-көзқарастарын жүйелі дамытуды міндеттейді. Сабақтарда мұғалімдердің сыни тұрғыда ойлауға бағытталған ауызша және көзбен көретін айғақтар бойынша тапсырмалар кіріктіру, тренер-оқу әрекеті-мұғалім» жүйесін орнату, шығармашылық жұмыстардың мазмұнын сыни ойландыруға бағыттау, оқыту үрдісін ізгілендіруді үнемі басшылыққа алу қажет деп тұжырымдағым келеді.
Кез-келген елдің экономикалық қуаты, дүниежүзілік қауымдастықтағы орны мен салмағы сол елдегі білім мен тәрбие беру ісі және оқушылардың өздігінен жан-жақты ойлау деңгейіне байланысты. Бұл олардың сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамыту қажеттігін көрсетеді. Сыни ойлау – бұл философия. Өйткені, сыни тұрғыдан ойлайтын оқушылар белсенді болады, олар сұрақ қойып, дәлелдерді талдайды, мағынаны анықтау үшін саналы түрде стратегиялар қолданады. Ауызша, жазбаша, көзбен шолу дәлелдеріне сенімсіздікпен қарай отырып, пікірлерін білдіреді, келешекте мұндай адамдар жаңашыл идеялар мен бастамашылдыққа ашық болады. Белгілі ғалым Дайана Халперн «Сыни ойлау – ойлаған түп нәтижеге жету үшін танымдық техникаларды пайдалану арқылы шығармашылықпен әрі қарай бағыттап ойлану» деген екен. Сондықтан мұғалімдерді сыни тұрғыда ойлауға үйрете арқылы нұрлы болашақ пен жаңашыл тұлғалар қалыптастыруды ұмытпаған жөн деп есептеймін.
Ал,мұғалімдер мен ойлағандай сыни тұрғыда ойлауға бейім болу үшін өзгеріс енгізу қажеттігін сезіндім. «Әлем өзгергендіктен, сіз өзгересіз және қазіргі сәтте өзгеріссіз қалу өте қауіпті екенін білесіз. Шәкірттеріңіз жылдам өзгеретін әлемде бағыт беріп отыратын сізді қажет ететіндіктен алдымен сізге өз жолыңызды табу қажет» деп С.Бич айтқандай, мұғалімдердің өз құндылығына сай жол тауып, өзгеріс енгізуіне бетбұрыс жасайық.
Қорытындылай келе, нақты тәжірибемнен мысалмен аяқтауды жөн көрдім. Бағдарлама туралы хабардарсыз мұғалімдермен жұмыс қиындыққа толы. Сол кедергілерді жеңу мақсатында бес топқа көбелекті бейнелеу арқылы кедергілерді анықтатып, оның шешімін табуға тапсырма берілді. Әр топ жасаған көбелектеріне сай кедергілер мен нәтижеге жету тәсілдерімен таныстырып, рефлексия кезінде бір мұғалім бес топтың жұмысын өлең жолдарымен түйіндеп беруді өтінді. Бұл жерде оның ақындық өнерімен қатар, суреттерді үйлестіріп, сыни тұрғыда ойлауының жоғары екендігін аңғартты:
Алға қойылған мақсатымыз-еңбектену,жалықпау,
Оқудағы кедергіні шеберлікпен анықтау.
Топ-топ болып көбелекпен түсіндірдік барлығын
Жетілген көбелектің мақсаты-биік шарықтау.
Ең бірінші көбелекке мән берейік,қарайық,
Гүл бетінде тор құрғанын көріп тұрсыз,халайық.
Сол бір торды кедергіге, қиындыққа балайық,
Көбелекті кедергіден біз шығарып алайық.
Ал,екінші суреттегі талпынуда көбелек
Оны биік ұшыруға білім керек,ой керек.
Мазалайды сол білімді қайдан алам деген ой,
Тренерлер керек оған беретұғын терең ой.
Гүлге қонды білім нәрін сіңіруге бойына
«Жеті модуль алсам» деген тұрды оның ойында.
Құнды қылып, құнарлы қып түйді бәрін санаға
Тренердің нұсқауымен айды өткізіп арада.
Оқып білді, білім алды санасына тоқыды,
Александр, Мерсер менен Литлтонды оқыды.
Пиаженің теориясымен ойлауын ол дамытты,
Райан менен Декиді ұғып, түрлі әдіске қанықты.
Оқып білді, шықты енді кедергіні анықтап,
Үйрендім деп қанат қақты көкке қарап шарықтап.
Тәжірибе алмасам деп кетті ұшып қияға
Бұл біліммен сусындайды, жетіледі сан ұрпақ.
Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Мұғалімге арналған нұсқаулық. 2014ж. 2016 ж.
  2. Стилл Дж., Мередит К, Темпл Ч., Вальтер С. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту құрылымының оқу жоспары. Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарлама жобасы үшiн дайындалған әдістемелік құрал. – Алматы, 1998. – 33 бет.
  3. Темпл Ч., Стилл Дж., Мередит К. Бірлескен оқу. «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасы үшін әзірленген V- құрал. — Алматы, 1998. – 78 б.
  4. Интербелсенді әдістерді жоғары оқу орындарында қолдану.Оқу құралы. – Алматы, 2009. — 263 бет.