Сайт Өрлеу

Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқу үдерісін ұйымдастыру: ерекшеліктер, іс-әрекет, кері байланыс

Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқу үдерісін ұйымдастыру: ерекшеліктер, іс-әрекет, кері байланыс

Габбасова Багдагул Беккалиевна
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы БҚОПҚБАИ «МКДППҚ»
кафедрасының аға оқытушысы
Алипкалиева Гульфия Бекетовна
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы БҚОПҚБАИ «МКДППҚ»
кафедрасының аға оқытушысы

Түйін сөздер
Бастауыш сынып. Бағдарлама.  Жаңа мазмұн. Технология. Белсенді оқу. Инновация. Рефлексия.
Аннотация
Бұл мақалада білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқу үдерісін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы айтылады.
Ключевые слова
Начальный класс. Программа.  Обновленное содержание. Технология. Активное обучение. Инновация. Рефлексия.
Аннотация
В данной статье рассматриваются об особенностях организации учебной деятельности в условиях обновления содержания образования.
Key words
Primary school, program, plan, purpose of the lesson, updated content, technology, active learning, reflection.
Annotation
This article describes the features of the organization of educational activities in the context of updating the context of education.

«Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес,
ол жаңадан жаңаны табатын өнер»
Жүсіпбек  Аймауытов

Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқу үдерісін ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктері қалыптасып келеді. Өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге жетеді. Қазіргі таңда бағдарламаны  жақсы, терең меңгерген, күнделікті сабақтағы мақсатқа сай іс-әрекет таңдап, оны оқушыға жеткізе алатын белсенді оқу әдістерін қолданып, әр түрлі деңгейдегі тапсырмаларды саралай білу іскерлігі қалыптасқан, ақпараттық-коммуникативтік технология құралдарын еркін меңгерген, оқушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын, білімге деген қызығушылығын арттыра отырып, сыни тұрғыда дарындылығын дамытуда іздену-зерттеу бағытындағы тапсырмалар жүйесін ұсыну және рухани дүниелер арқылы ынтымақтастық орта қалыптастыру, тиімді кері байланыс ұйымдастыру —  міне, бүгінгі күннің талабы осындай. Ал оның негізі бастауыш сыныптарда қаланбақ. Сондықтан да бастауыш сыныпта жас ерекшелігіне қарай әр түрлі тиімді әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың бойына негізгі дағдыны қалыптастыру арқылы өз бетінше білім алуға жетелеу —  ең басты мәселе.
Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты — білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың белсенді әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Сонымен қатар бастауыш сынып пәндеріне арналған оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттары оқушылардан шынайы проблемаларды анықтап зерттеп, түсініп, қолданып, саралап, бағалай  білуді де талап етеді.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының маңыздылығы неде? – деген сұрақты қарастыратын болсақ, оқу бағдарламалары спиральді білім беру бағдарламасы (Джером Брунер) моделіне негізделген. Оның негізінде оқушылар келесі сыныпқа ауысқанда зерделенген материалдар мен білім қайталанып отырады деген тұжырым жатыр.Спиральді білім берудің негізгі ерекшелігі: әрбір қайталанып оқыған сайын тақырыптың немесе пәннің күрделілігі арта түседі; жаңа білім алдыңғы біліммен тығыз байланысты және бұған дейін алынған ақпарат тұрғысынан қарастырылады; оқушы пәнді қайталап оқыған сайын ақпарат толықтырылып бекітіліп отырады; спиральді білім беру бағдарламасы жеңіл идеялардан күрделі идеяларға қисынды жолмен ауысуға мүмкіндік береді; оқушыларды соңғы оқу мақсатына қол жеткізу үшін бұрын алған білімдерін қолдануға жетелеу ұсынылады. Сонымен бірге оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сыни тұрғыдан ойлануға, зерттеу жұмыстарын жүргізуге, тәжірибе жасауға, АҚТ-ны қолдануға, коммуникативті қарым-қатынасқа түсуге, шығармашылықты дамытуға, кері байланыс жасауға,  жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу үшін қажетті тиімді оқу және оқыту әдіс-тәсілдерін (белсенді оқу, бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) үйретеді.
Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериалдық бағалау жүйесіне өтуде. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау.  Критериялық бағалау жүйесі Филиппин, Сингапур, Жапония, Франция, Финляндия сынды дамыған елдерде пайдаланылады. [3] Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы, баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықыласын туғызады, баланың жан-жақты ізденуіне жол ашады. Жаңа бағалау жүйесі білім алушыда өз әрекетін бақылау мен бағалау, туындаған қиындықтардың себептерін анықтау мен қалпына келтіру қабілетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Оқыту мақсаттары күтілетін нәтижелер түрінде ұсынылып отыр. Әрбір бөлімшелерге дәйекті түрде енгізілген оқыту мақсаттары, мұғалімдерге өз жұмысын жоспарлауға және білім алушылардың жетістіктерін бағалауға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты, оқушының жеке тұлғасы емес, оның жұмысы ғана бағаланады; білім алушының жұмысы басқа білім алушылардың жұмыстарымен емес, оларға алдын ала белгілі (өте жақсы орындалған жұмыс түрінде) эталонымен салыстырылады. Не нәрсеге үйретеді, соны ғана бағалауға болады, сондықтан бағалау критерийі – оқу мақсаттарының нақты көрсетілуі.  [5] Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бір бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және балл не баға қоймастан оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін, ортақ тақырыптарын және белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқтаған кезде оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі.
Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым жетілдіруге бағытталған. Бұл төрт дағды оқу жоспарында «Шиыршық әдісімен» орналастырылған және бір-бірімен тығыз байланысты. Яғни, жыл бойына бірнеше рет қайталанып отырады және сынып өскен сайын тілдік мақсат та күрделене түседі.
Жаңа мазмұнды бағдарламаның мәні, баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде пайдалана білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.
Бүгінгі күні барлық елдер жоғары сапалы білім жүйесімен жұмыс істеуде. Өйткені қазіргі заманда елдің бәсекеге қабілеттілігі оның азаматтарының парасаттылығымен анықталады, сондықтан білім беру жүйесі болашақтың талабына сәйкес дамуы тиіс. Оқушыларды заманауи әдіс-тәсілдермен оқытып, ой-өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу  қажеттілігі де осы себептен туындап отыр.
1- сынып оқушыларымен бірден қалыпты жұмыс жүргізіп кету әрине қиын. 6 жасар балаға бәрі жаңалық. Олардың бірден даусын шығарып сөйлеп кетудің өзі бір мәселе. Жүрексініп, қорқақтай қарап, сәл нәрсеге жылап қойғысы келіп тұратын кішкене балдырғанның өз-өзіне деген сенімділігін қалыптастыру – басты мәселе ретінде күнделікті сабақта жоспарлануы тиіс. Мысалы, сауат ашу пәнінде сол күнгі мақсатқа байланысты бірінші ширату өткізу арқылы балалар бір-бірімен еркін қарым-қатынас жасауға мүмкіндік алады. Содан кейін тыңдалым дағдысы бойынша дискіден мәтінді тыңдайды. С дыбысын өткенде мәтінді тыңдай отырып жыланның «ыс» деп дыбыс шығаратынын қайталай отырып С дыбысымен танысып, оның дауыссыз екенін ажыратады. «Сағат» — деген сөзге дыбыстық талдау жүргізіп, әр топ кеспе әріптерден С-дан басталатын сөздер құрастырып жазуға болады. «Автобус аялдамасы» әдісі бойынша әр топ орындарын ауыстырып басқа топтың құрастырған сөздерін оқып, қатерлерін түзете отырып, өз орындарына келгенде қандай өзгеріс болғандығын тауып өзара бағалауды ұйымдастыруға болады. Бұл баланың есте сақтау қабілетін дамытады. Ортақ тақырып «Сыныптан тыс уақытта» болғандықтан «Ойлан, жұптас, бөліс» әдісі арқылы бір-біріне сабақтан тыс уақытта немен айналысатындары туралы, қандай қызықты бағдарламалар көретіндері туралы айта отырып айтылым дағдысын дамытады.  Ал «кір жаятын жіп» әдісі арқылы баланың оқылым дағдысын дамыта аламыз. Алдарыңда жатқан бірнеше сөздің ішінен бір сөзді оқып кір жаятын жіпке дауыстап айтып іледі. Жұмыс дәптерлеріне әріптің жазылуын әдемілеп жазып, қызыл және көк түсті текшелермен берілген сөздерді өзіне сәйкес суреттермен сәйкестендіреді. Бұл жерде баланың жазылым дағдысы дамиды. Тек жазып қана қоймай логикалық ойлау қабілеттерін де қатар дамытып отырады.
«Менің отбасым» тақырыбын өткен кезде әр топ алдарында жатқан плакатқа үстел басында отырған отбасы мүшелерін орналасытырып жапсырады. Бұнда балалар келісе отырып, бір-бірімен ақылдасып, ортақ шешімге келіп жұмыстанады. Соңында әр топ мүшелері тақта алдына шығып ауызша айтып қорғайды. Не үшін олай отырғызғаны туралы айтып ой бөліседі, яғни кері байланыс жүріп отырады. Сауат ашу оқулығындағы әр тапсырма балаға ойын ретінде берілгенімен, әрқайсысы оларды логикалық және сыни ойлауға жетелейді. Сонымен қатар оқушыларды көшеге алып шығып сол күні өтіп жатырған дыбыстан басталатын сөздер тапқызып, сыныпқа кіргесін соның суретін салғызуға болады. Мысалы, О дыбысын өткенде: орман, орындық, автобус, жол, сияқты заттардың суреттерін салады, дыбыстың орнын табады, буынға бөледі, сөйлем құрайды, жұбына сұрақ қояды, бір-бірін бағалайды.
Математикадан  «Серпіммен сауал», «Саусағымды қос», «тез ойла» ширатуларын қолдану арқылы мысалдарды ауызша тез орындауға үйренеді. Әр топтың алдарында жатырған ермексаз жағылған қағазға моншақтарды жапсыру арқылы немесе таяқшалармен екі таңбалы сандар жазып шығады. Бұдан ондықтар мен бірліктерді айырып үйренеді.
«Құпия зат» әдісін пайдалану арқылы геометриялық фигуралардың атын тез жаттауға үйренеді.  Мысалы бір оқушы дөңгелекті немесе цилиндрді жасырады. Ортаға шығады. Оған басқалары сұрақ қояды…
Барлық пәндерге ортақ сегіз тақырып берілген. Осы тақырыптар бір уақытта қатар өтіліп отырады.

  1. Өзім туралы
  2. Менің мектебім
  3. Менің отбасым және достарым
  4. Бізді қоршаған әлем
  5. Саяхат
  6. Салт-дәстүр және ауыз әдебиеті
  7. Тағам және сусын
  8. Дені саудың жаны сау

Мысалы, «саяхат» тақырыбын өткен кезде сауат ашудан орманға саяхат жасап, қоңыздың саяхаты туралы мәтін оқыса, ал математикада Астана қаласына саяхаттап, ондағы Ханшатырдың, Ақорданың, Парламент үйінің, Бәйтеректің ұзындығын, енін өлшейді. Бұлардың ішінен үшбұрыш, төртбұрыш, дөңгелек, цилиндр, конус, пирамидаларға ұқсас ғимараттарды атайды. Орыс тілі пәнінен саяхат туралы орыс тілінде айтып үйренеді. Ағылшын тілінде ағылшыншасын айтады. Дүниетауда алғашқы адамдардың қай жерде пайда болғанын, қалай өмір сүргенін, адамдардың не үшін саяхат жасайтынын түсінеді. Жаратылыстану пәнінен осы кезде ғарыш дегеннің не екенін, астрономия нені зерттейтінін, Жердің қандай екенін түсінеді. Көркем еңбектен адамдар не үшін саяхат жасайтынын, көрікті орындар дегеніміз не және ол қандай болатынын, бейненің пішінмен байланысын, коллаждың не екенін үйренеді.
Осылай ортақ тақырыпта әр пәннен қайталап отыру кезінде бір тақырыпты жан-жақты қырынан ашып, терең меңгеруге үйретеді. Балаға тез түсініп ұғып алуға ыңғайлы. Өздеріне таныс тақырып болғандықтан тапсырманы тез түсініп, тез орындайды.
Міне, бұдан біз бастауыш мектептің оқу бағдарламаларындағы жағымды өзгерістер балаларға арналып жасалғанын, оқушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жасалғанын, қызығушылықтарын шығармашылықпен дамытуға арналғанын және коммуникативті оқыту ұстанымына негізделіп жасалғанын көруге болады. Бұл — төрт дағдыны қалай дамытуды ескере отырып айтқан Жүсіпбек  Аймауытовтың:        «… бала әуелі тәжірибеге талпынып , нәрсемен танысып, сонан кейін сол нәрсе туралы сөйлесін, тыңдасын, жазсын, оқысын, тілге үйренсін»- деген сөзін еріксіз еске түсіреді.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Мұғалімге арналған нұсқаулық (екінші басылым) «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015
  2. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы (екінші басылым) «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015
  3. Жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау басшылығы, Астана 2016 12-бет
  4. Тренерге арналған нұсқаулық (екінші басылым) «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015
  5. 2017-2018 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы әдістемелік нұсқау хат, Астана 2017