Мектеп тәжірибесінде білім беру үдерісінің тиімділігін арттыру

Мектеп тәжірибесінде білім беру үдерісінің тиімділігін арттыру

Б.Т.Матекова  
«ӨРЛЕУ»  БАҰО» АҚФ  ОҚО бойынша
ПҚБАИ — ның   аға оқытушысы, Шымкент
А.А.Касымова
Шымкент қаласы, №81Т.Тәжібаев атындағы жом

Аннотация: В статье рассматриваются  эффективные методы  качественного преподавания истории в условиях обновленного содержания образования.
Ключевые слова: эффективные методы  качественного преподавания, цель обучения, программа обновленного содержания образования
Summary: This paper considers the effective methods of qualified teaching of History in the context of the updated curriculum
Key words: effective methods of qualified teaching, learning objectives, updated  curriculum

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жылдардан бастап экономикасы қарқынды дамыған, саяси – демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекетке айналды.
Әр мемлекеттің ең маңызды аспектілерінің бірі  білім саласы екендігі баршамызға аян. Білім саласын дамыту және олқылықтарын жою үшін мемлекет қажетті реформалар қабылдайды. Елбасының «Бүгінде Отанымыздың жетістіктері – әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы» — деп айтқанындай, еліміздің айтулы табыстарға қол жеткізуі мемлекетімізде қабылданып жатқан реформалардың оң нәтижесінің көрінісі.
Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар» — деп атап көрсеткен. [1] Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының білім мен ғылымды дамыту саласы  бойынша қабылданған реформалар Қазақстан азаматтарының  адамгершілік құндылықтарды меңгерген білімді, салауатты өмір салтын қалыптастыруға  қолайлы жағдай туғызуға бағытталады.
Қазіргі  уақытта  білім  беру  жүйесінде  оқытудың  тәрбиелік  және  білімдік  маңызы  бұрынғыдан  да  арта  түсуде.  Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері білім жүйесінде көптеген оң өзгерістер орын алуда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында білім берудің басым бағыттарын атап өтуде десек «Барлық дамыған елдерде бірегей сапалы оқыту жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық сатысында білім сапасын арттыруда біздің алдымызда үлкен жұмыстар тұр» — деген болатын[2].
Қазіргі таңда мемлекетіміздің  әлемнің дамыған 50 елінің қатарынан орын алуы үшін бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған жас ұрпақты қалыптастыру мәселесі алға шығып отыр. Себебі, бәсекеге қабілетті азаматтар ғана Отанымыздың тұрақты дамуына өз үлесін қоса алады. Қазіргі таңда білім саласына енгізіліп отырған жаңартылған оқу бағдарламаларының басымдықтарын негізге ала отырып оқушылардың бойына қажетті дағдыларды қалыптастыру мен ұлттық маңызды құндылықтарды игертуде оқушыны жан-жақты, құзіретті, білімді, өз ойын еркін, толық жеткізе білуге, қоғамда қарым-қатынасқа түсе алатын бәсекеге қабілетті тұлға дайындау ісінде ұстаздың өзіндік үлесі бар.
Осы мақсаттарды жүзеге асыруда еліміздің білім беру саласында жаңартылған білім беру бағдарламасы мен бағалау жүйесін енгізу  — сапалы білім беруді қамтамасыз ету шаралардың бірі болып табылады.
«Қазақстан тарихы» және «Құқық негіздері», «Дүние жүзі тарихы» және «Құқық негіздері»  пәндері бойынша жаңартылған оқу бағдарламасы осы үдерістің құрамдас бөлігі болып табылады. Негізгі орта және жалпы орта білім беру деңгейінде тарихи-құқықтық білім берудің аса үлкен маңызға ие болуы Қазақстан тарихы, дүние жүзі тарихы  мен құқық негіздерін оқытудың оқушыларда тарихи сана мен құқықтық сауаттылықты қалыптастырудағы тәжірибелік тұрғыдан маңыздылығына байланысты.
«Қазақстан тарихы» және «Құқық негіздері», Дүние жүзі тарихы» және «Құқық негіздері» пәндері бойынша оқу бағдарламалары білім беру құндылықтарының өзара байланысы мен өзара шарттылығына негізделген тәрбиелеу мен оқытудың біртұтастығы қағидатын іске асыруға мүмкіндік береді. Оқу бағдарламалары тек пәндік білім мен білікке ғана емес, сонымен қатар, кең ауқымды дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Оқу мақсаттарының құрылымдалған жүйесі оқушылардың білімді функционалдық және шығармашылықпен қолдану, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, қарым-қатынас жасаудың түрлі тәсілдерін қолдану, топпен және өз бетінше жеке жұмыс істей білу, мәселелерді шешу және шешім қабылдау сияқты кең ауқымды дағдыларын дамытуға негіз болады. Кең ауқымды дағдылар оқушының мектептегі білім алу тәжірибесінде де, келешекте мектепті бітіргеннен кейінгі қызметінде де жетістіктерге жетуінің кепілі болып табылады[3].
Жаңартылған оқу бағдарламасының үйлесімділігін көрсететін педагогикалық және бағалау тәсілдері еліміздің білім беру стандарттарының жалпы мақсатына біріктіріліп, «Қазақстан тарихы», «Дүние жүзі тарихы» және «Құқық негіздері» пәндерінің оқу бағдарламасы бойынша оқушының қол жеткізетін оқу мақсаттарын қамтыған. Оқу мақсаттары білім беру бағдарламасының  тарих пәні бойынша оқу материалдарын баланың жас ерекшелігін ескере отырып, жеңілден күрделіге, бұрыннан түсінікті ақпараттан жаңа ақпаратты меңгеруге жетелейді. Сабақ барысында оқу мақсатына жету,  пәнді оқитын бала мен оқытатын мұғалімнің қалай бірлесуі, оқудағы белсенділік деңгейінің қалай қалыптасуына байланысты. Әр сабаққа арнайы, қолжетімді  ресурстармен қамтылған, белгілі бір уақыт аясында жүзеге асыруға арналған мақсатты айқындауда мұғалімнің кәсіби педагогикалық шеберлігі,  пәндік теорияны жетік меңгеруі, заманауи технологиялық құралдармен жұмыс жасай білу деңгейі болуы қажет. Сонымен қатар, оқушылардың тарих пәніне қызығушылығын арттыру мұғалім үшін маңызды. Ол үшін белсенді оқу әдістерін қолдану арқылы келесі ұсынымдарды қолдануға болады:
— сабақты көрнекі құралдармен қамтамасыз ету;
— сабақтың ғылымилығын арттыру;
— проблемалық жағдаяттар туындату;
— оқушылардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру;
— шығармашылық сипаттағы тапсырмаларды пайдалану;
— ғылыми әдебиеттермен жұмыс істеу, т.б.
2017-2018 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы әдістемелік нұсқау хатында «Білім мазмұнын жаңарту аясында мектеп білім алушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту білім берудің басым мақсаттарының бірі ретінде айқындалып отыр.
Функционалдық сауаттылық әр мектеп пәнінің негізінде қалыптасады. Білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту және оның қалыптасуын тексеру құралы шығармашылық сипаттағы тапсырмалар (зерттеу жұмыстарына бейімделген тапсырмалар; экономикалық, тарихи мазмұндағы тапсырмалар; тәжірибеге бағытталған тапсырмалар т.б.) болып табылады» — деп көрсетілген[4]. 2017-2018 оқу жылында 2, 5, 7 — сыныптар жаңартылған білім мазмұнына көшеді. Тарих пәнінен 5, 7 — сыныптарда жаңартылған білім беру бағдарламасы меңгертіледі. Тарих пәнін оқыту барысында әртүрлі оқиғалар мен тұлғалар, атаулы күндер туралы фактілерге толы материалдарды меңгеруге тура келеді. Осы мақсатта заманауи педагогикалық технологияларды қолдану мол ақпаратты тиімді игертуге, есте сақтауды жеңілдетіп, оқушылардың жадысын дамытуға мүмкіндік береді, мұғалімнің оқу нәтижелерін бақылау және бағалау үшін оқушыны жеке және саралап оқытуға жақсы мүмкіндігі болады. Тарих сабақтарында білім беру үдерісінің тиімділігін арттыру мақсатында оны барынша тиімді табысты ететін технологияларды, нысандар мен құралдарды іріктеу және таңдап пайдалану қажет. Осы орайда Блум таксономиясымен өлшенетін оқудың спиральдық қағидатына негізделген тапсырмаларды орындауда тиімді әдістерді жоспарлау, тақырыптық талдауларды сабақтың тілдік мақсаттарына негіздеу арқылы пәннің академиялық тілін қалыптастыру 5-ші сыныптан тарих пәнін енді үйреніп бастаған оқушының тарихи білімді терең меңгеруіне ықпалы болары анық. Мұғалімдер пән бойынша оқу бағдарламасының талаптарын орындау үшін, сонымен қатар, оқушылардың танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін сабақты барынша тиімді жоспарлауы керек.  Сабақ басындағы және сабақтың өн бойында әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану – белсенді оқуға мүмкіндік беретін шеберлік деп айтуға болады. Тәжірибе алмасу мақсатында сабақ барысында оқушының мұғалімді енжар тыңдап қана қоймай, белсенді жұмысқа тартылуын қамтамасыз ететін, заманауи педагогикалық технологиялар бойынша құрылған сабақтың бір үлгісімен таныстырайын.
Сабақтың тақырыбы: Ежелгі грек философтары (Сократ, Аристотель, Платон) мінсіз қоғамды қалай елестетті
Осы сабақта қол жеткізілетін оқу мақсаттары: 5.2.3.1. ежелгі философтардың көзқарастарына қарапайым түсірдірме беру
Сабақта белсенді оқуға ықпал ететін әдістер:
1.Мәтінмен жұмыс:   Ежелгі философтардың көзқарастары
Мұнда оқушылар оқылым барысында мәтін бойынша талап етіліп отырған тапсырмаға назар аударулары маңызды.  Ол үшін оқушылар оқу барысында мәтінді – көз жүгіртіп оқу; керекті және мәтінді қысқаша етіп етіп жазып оқу; түртіп оқу барысында маңызды ақпараттардың астын сызып түртіп алу өте маңызды,  болжам жасап оқу; сұрақ қойып оқу да оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді, өзара пікір алмасып оқу, терең оқып түсінуді талап етеді.
2 тапсырма:   «Ой шақыру әдісі».  Мінсіз қоғам туралы Платон, Сократ, Аристотельдің ортақ ойлары қандай?
Мұнда оқушылар берілген мәтінге қатысты ежелгі философтардың идеяоарын қарастырып, идеяларды талқылауға шақыру. Оқушылар мәтін мазмұны бойынша өз идеяларымен бөліседі. Берілген уақыт ішінде өзара ой бөліседі.

  1. Шығармашылық тапсырма: Мінсіз қоғам азаматы қандай болуы керек?
  2. Тұлғаны таны:
  • Ғылымның атасын ата
  • Мінсіз қоғам азаматына тән 4 негізгі қасиетті айтқан кім?
  • Платонның шәкіртін ата
  • Менің білетінім – ештеңе білмейтінім деп кім айтқан?

5 тапсырма: суретті мұқият зертте. Суреттен мінсіз қоғамның қандай белгілерін көріп тұрсыңыз?
Оқу мақсатына жетуде сабақ  барысында оқушылар талап етіліп отырған тапсырмаға назар аударулары маңызды. Мысалы: «Суретті мұқият зертте. Суреттен мінсіз қоғамның қандай белгілерін көріп тұрсыңыз?» — тапсырмасын орындауда оқушыларға  суреттер беріледі. Суретте көрсетілген бейнелерді қолдана отырып, өз беттерінше мәтін құрап шығады. Тапсырманы оқушылардың санына қарай топта немесе жеке орындауға болады. Олар өздерінің құрастырған мәтіндерін бір-біріне оқып, толықтырулар енгізеді. Берілген тапсырма оқушылардың оқу барысында тақырыпты терең түсініп ежелгі қоғамдағы мінсіз қоғам мен қазіргі заманғы қоғамның байланыстыра меңгеріп, талдауына бағытталып жаңартылған білім беру мазмұны аясында   «Мәңгілік Ел» құндылықтары негізінде сапалы білім, саналы тәрбие беру жүзеге асырылады.
Демек,  пәнді оқыту барысында бір сабақта мұғалім төрт, бес немесе одан да көп тапсырмалардың түрлерін қамти алады. Бұл оқушыларға жаңа жаттығуға біртіндеп көше отырып, тапсырманы түсінуге көмектеседі, өткен сабақта алған білімдерін бекітіп, оқушыларға іс жүзінде бірнеше дағдыны қатарынан шыңдауға мүмкіндік береді. Осылайша белсенді оқытуға негізделген тиімді әдіс-тәсілдер бойынша құрылған сабақ оқушылармен жеке жұмыс жасауға, өз бетімен ізденуге, жұптасып, топтасып жұмыс жасауына, тақырыпты қарапайым сұрақтан күрделі тапсырмаларды орындауға жетелеу арқылы тарихи ақпаратты терең меңгеруге негіз болады. Бүгінде педагогика саласында «Сөз арқылы емес, әрекет арқылы үйрену/үйрету қажет!» деген ұстаным басым[5]. Бұл тұрғыда қоғам қайраткері, педагог-ғалым Ж.Аймауытұлы: «Балалардың білгені, тапқан-таянғаны өмірге жанасып, жарыққа шығып отырып, барлық жұмысты балалардың белсене, құлшына өздері істеуі шарт. Өзі еңбектеніп, өзі бейнеттеніп тапқан білім берік болады. Өмірінше ұмытпайды» — деп  айтып өткен».
Қорыта айтқанда, елімізді көркейтетін білім нәрімен сусындататын жаңа форматты білім беруді ұйымдастыруда біз – ұстаздар қауымы үнемі ізденісте бола отырып, балалардың қажеттілігіне қарай оқу дағдысын дамыту үшін ең тиімді әдістерді сабақта қолдануымыз қажет. Әрбір бала Қазақстанның болашағы. Жас ұрпақтың жарқын болашағы ұстаздардың  қолында десек, жаһандану дәуірінде жаңартылған білім мазмұнын игерте отырып тарих пәні арқылы бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған тұлға дайындауда көштің алдында болайық.
Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы: «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ». 2014 жылғы 17 қаңтар, Астана.
  2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы: «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол». 2014 жылғы 11 қараша, Астана.
  3. Мұғалімге арналған нұсқаулық. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ

Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016.

  1. 2017-2018 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы әдістемелік нұсқау хаты, Астана, 2017

Әлімов А. «Оқытудағы интербелсенді әдіс-тәсілдер». Астана, 2014 жыл.