Білім беру мазмұнын жаңарту аясында тарих пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мәселелері

Білім беру мазмұнын жаңарту аясында тарих пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мәселелері

Г.Е.Таскалиева,
 «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы,
Батыс Қазақстан облысы бойынша  ПҰ БАИ,
Орал қаласы, Қазақстан Республикасы
taskalieva1982@mail.ru
 

Summary: In this article examined  questions of in-plant training of teachers of history.
Key words: professional development of teachers; teachers of history; renewed maintenance of secondary education.
Аңдатпа: Мақалада тарих пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мәселелері қарастырылады.
Кілт сөздер: мұғалімдерінің біліктілігін арттыру, тарих пәні мұғалімдері, орта білім беру мазмұнын жаңарту.
 
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында білім беру жүйесі жаңғыртылуда. Отандық білім беруді жетілдіру қажеттілігі басым мемлекеттік міндеттер қатарына шықты: әлемдік дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру, өскелең ұрпақтың Қазақстан халықтарының ұлттық мәдени құндылықтары, мемлекеттік тіл, мемлекет тарихын білуге негізделген этномәдени және азаматтық бірегейлікті қалыптастыру бойынша әдістер және инновациялық технологиялар, тиімді механизмдерді енгізу, ашық азаматтық қоғам және әлемдік нарықтық экономиканың қажеттіліктеріне сәйкес жас ұрпаққа тәрбие және білім берудің сапасы мен деңгейін көтеруде, тәрбиеленушілердің патриоттық құндылықтарын қалыптастыру бойынша қазақстандық патриотизм идеясында тәрбиенің ұлттық жүйесін байытуда шетелдік тәжірибелерді қолдану [1].
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсаты экономиканың орнықты дамуы үшін білім берудің және ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адами капиталды дамыту, сапалы орта білім беруге тең қол жеткізуді қамтамасыз ету, зияткер, дене бітімі және рухани жағынан дамыған, табысты азаматты қалыптастыру; орта білім берудің мазмұнын жаңарту болып табылады [2].
Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 15 қаңтардағы №32 бұйрығына сәйкес  Қазақстан Республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламалары бекітілді [3].
Осы бұйрықтың 49-қосымшасына сәйкес «Қазақстан тарихы» және «Құқық негіздері» пәндері бойынша, 50-қосымшасына сәйкес «Дүниежүзі тарихы» және «Құқық негіздері» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламалары негізінде біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының 2017 жылғы жоспарына сәйкес педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курстары өткізілді. Атап айтқанда, «Қазақстан тарихы» және «Құқық негіздері» пәндері бойынша 3 курс (2 курс қазақ тілінде, 1 курс орыс тілінде); «Дүниежүзі тарихы» және «Құқық негіздері» пәндері бойынша 2 курс (1 курс қазақ тілінде, 1 курс орыс тілінде) ұйыдастырылып, барлығы 143 пән мұғалімі оқытылып, сертификатталды.
Курс бағдарламасының мақсатына сәйкес, мұғалімдердің  пәндер бойынша оқу бағдарламаларын жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу мәнмәтінінде мұғалімдердің педагогикалық шеберлігі жетілдірілді.
Курс бағдарламасының міндеттеріне сәйкес, мұғалімдердің пәндер бойынша оқу бағдарламаларының мазмұнын білуі, пәндер бойынша оқу бағдарламаларына сәйкес педагогикалық тәсілдер мен оқу материалдарын қолдануды үйренуі, пәндер бойынша оқу бағдарламаларына сәйкес оқу мақсаттарына қол жеткізу үшін критериалды бағалау жүйесін қолдануды үйренуі қамтамасыз етілді.
Курс жұмысының нәтижесінде мұғалімдер пәндер бойынша оқу бағдарламаларының мақсаттарын, міндеттерін, құрылымын және мазмұнын білді және түсінді; пәндер бойынша оқу бағдарламаларына сәйкес педагогикалық тәсілдерді, оқу материалдарын қолдана білуді үйренді; пәндер бойынша оқу бағдарламаларына сәйкес оқу мақсаттарына қол жеткізу үшін критериалды бағалау жүйесін түсінді және қолдана білуді үйренді [4].
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» — деді [5].
Бүгінде білім беру жүйесі түбірлі өзгерістер кезеңіне аяқ басты. Оның негізін жаңаша ойлау мәселесі құрайды.
Қазақстан Республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында тарих пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстарында тренерлердің мұғалімдер тарапынан алғаш тап келетін мәселесі де осы.  Ересек  адамның өзіне тән қалыптасқан ділі, өзі үшін қалыпты әлеуметтік қалыптасқан мінез-құлқы, кәсіби қызметі және т.б. болады. Алайда, бұл тәжірибе ескіреді, жеке ділдік үлгісі жалпы мақсаттармен, дағдылармен және талаптармен қарама-қайшылыққа келеді, сөйтіп ересек адамды оқытудың қиындығына алып келеді. Бұл жағдай өз кезегінде жаңаны «бойға сіңдіріп» қана қоймай, ескіні «жою» үшін қажет.
Қазақстан Республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында тарих пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстарын жүргізетін тренер ретінде мұғалімдерге Елбасымыздың: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деген сөзінің мәні зор екендігі айтылды.
XXI ғасырда табысты болу үшін тұлғаның бойында келесі білімдер мен дағдылар болуы тиіс. Бұл: топта жұмыс істеу дағдысы, көшбасшылық қасиеттер, ақпараттық технологиялық құзыреттілік, қаржылық және азаматтық сауаттылық және тағы басқа.
Пән мұғалімдеріне қазіргі адамның бір айда XVII ғасырдың адамы өмір бойына алатын ақпаратты алып, өңдей алатын жағдайға жетіп отырғандығы айтылды. Әлемдегі ақпараттар екі жыл сайын екі еселеніп, жай ғана жаттанды білім берудің мүмкін емес және пайдасыз екендігін алға тартып отыр [6].
Мұндай жағдайда оқушыны өмірге дайындау үшін, академиялық білімнің, тұлғалық құзыреттілік пен қатынастардың жеткіліксіз болып отырғандығы көрінеді. Оқушы бойына жаңа сапаларды дарытуымыз қажет. Бұл – метатаным, метақұзыреттіліктер.
Алдыңғы қатарлы экономикалар білім беру мақсаттарын ауыстыруды талап етеді. Атап айтқанда, «білетін адамнан» — «шығармашыл ойлай алатын, әрекет етіп, өзін-өзі дамытатын адамға» ауысу.
Оқушыларды өз бетімен білімді тауып, талдау жасап, тиімді қолдана білу білігіне жеткізу мұғалімнен зор ізденісті талап етеді.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында жазылған міндеттердің бірі мектеп оқушыларының бойында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының рухани-адамгершілік құндылықтарын және салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру.
Қазақстан Республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында тарих пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламасында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актісі қарастырылады.
«Қазақстан тарихы» пәні «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық біріктіруші идеясын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады, ал бұл  өз кезегінде ұлттық және  жалпыадамзаттық  құндылықтарды  қабылдайтын,  адамдар  құқықтары  мен бостандықтарын құрметтейтін және Отанының дамуына өзіндік үлес қосуды қалайтын тұлғаны тәрбиелеу арқылы жүзеге асады. Жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беруде тарих пәні мұғалімдерінің басты үлес  қосатындығына сенемін.
Бүгінде Қазақстан мектептеріндегі білім беру жаңа істерге қадам басу кезеңінде тұр. Қазіргі жағдайда басымдық берілген бағыттар бұл – инфрақұрылымдық даму және білім беру мазмұнын жаңартуға көшу болып табылады.
Әдебиеттер:

    1. «Мəңгілік Ел» патриоттық актісін түсіндіру бойынша əдістемелік құрал. – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2016. – 68 б.
    2. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы №205 бұйрығы.

  1. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1600013182 Қазақстан Республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларын бекіту туралы.Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 15 қаңтардағы №32 бұйрығы.
  2. http://zkoipk.kz/ «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының сайты. Қазақстан Республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту аясындағы біліктілікті арттыру курстарының жоспары, 2017
  3. Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы. http://www.inform.kz/kz/elbasy-makalasy-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru_a3016293
  4. Об особенностях  организации  образовательного  процесса  в

общеобразовательных школах Республики Казахстан в 2017-2018 учебном году: Инструктивно-методическое письмо. – Астана: Национальная академия образования им. И. Алтынсарина, 2017. –  370  с.

3 комментариве к “Білім беру мазмұнын жаңарту аясында тарих пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мәселелері

  1. Аскербек

    Бүгінгі күнде білім мазмұнын жаңарту басты назарда болып табылады. Соның ішінде, ұлттық құндылығымызды насихаттайтын тарих пәнін оқыту әдістемесін жаңғыртудың да маңызы зор. Мақалада аталған мәселелер көрсетіліп, жеке тәжірибелеріңізбен бөліскенсіз. Сәттілік!

  2. Маншук

    Құрметті Гульдана Ерсайновна! Мақалада өткізген курстарын бойынша оқыту тәжірибесі барысы шеберлікпен ұйымдастырылғаны және оқыту үдерісінде қолданылған пәндер бойынша оқу бағдарламаларына сәйкес педагогикалық тәсілдер, жаңаша ойлау мәселелері жеткілікті қамтылған. Білім алуда жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу тұрғысынан белсенді әрекет ету арқылы Сіз көрсеткен оқыту формасымен оқытса, нәтиже болатынына сенімдімін. Рахмет!

  3. Гулдана

    Қайырлы күн!
    Мақаламен танысып, пікір қалдырған әріптестеріме ризашылығымды білдіремін!
    Сіздерге шығармашылық табыстар тілеймін!