Сайт Өрлеу

Мұғалімнің кәсіби дамуы — білім беру жүйесін жаңартудың негізі

Мұғалімнің кәсіби дамуы — білім беру жүйесін жаңартудың негізі

А.К.Кабденова
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы»
АҚ филиалы «Солтүстік Қазақстан облысы
бойынша    педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институты»,
Петропавл қ., Казақстан
alima_kaz@mail.ru

Abstract: The article considers the effective ways of learning at in-service training course by the means of constructive learning. Constructive learning gives opportunities to extend the borders of developing learning, critical thinking and building the constructive skills.
Аннотация: в статье раскрывается применение  конструктивного обучения учителей в рамках курсовой подготовки по программе «Эффективное обучение». Рассматриваются возможности развивающего обучения, направленного на развитие критического мышления обучающихся.

Заманауи білім  беру жүйесінде мұғалімнің шығармашылық жағдайда жұмыс жасап, нәтижелерге жетуі үшін педагогикалық  әрекетті талдап, әр әрекеттің мәнін түсінудің маңызы зор. Сонымен қатар қалыптан тыс шешімдерді  жауапкершілікпен жеке қабылдай алуы қажет. Бұл педагогті  оқу  үдерісін ұйымдастыруға арналған дайын әдістерді  пайдаланып қана қоймай, жеке тұлғаға бағытталған әрекетті ғылыми тұрғыда ұйымдастыра алуына жетелейді.
Қазақстан Республикасында ғылым мен білім беруді дaмытудың 2016-2019 жылдaрғa aрнaлғaн мемлекеттік бағдарламасында оқушылардың жеке тұлғалық үдерістері мен нәтижелеріне ерекше назар берілген және білімнің барлық деңгейінде білім беру траекторияларының  нұсқалығы болжанған [1].
Біліктілікті арттыру курстарының барысында әр мұғалімге өзіндік кәсіби білімдері және біліктіліктері жайында ойланып, сындарлы оқытудың негізін түсініп, білім беру үдерісінде жаңаша әрекеттер жасауға  мүмкіндіктер берілуде. Осы орайда танымдық үдерістің мақсаттары жеңілден күрделіге өту нәтижесінде мұғалімдер әр қадамға баға беріп, өзіндік талдаудың мәнін түсінуде кәсібилігі артып, шығармашылығы шыңдалады. Бұл жинақталған білімді игеруден  басталып, тәжірибесін жаңартып, өзгеріс енгізу және сындарлы оқыту теориясының мәнін түсінудегі үдеріс болып табылады.
Жаңа формация мұғалімінің  бойында мәселені көре білу, ойлаудың ерекшелігі мен икемділігі, қиялындағы сипаттай білу қабілеттілігі, сыни ойлауға және өзіндік бағалау деңгейі басым болуы керек. Осындай бірлік компоненттеріне бағытталған біліктілік арттыру жүйесіндегі әрекет мұғалімнің кәсіби дамуындағы міндеттерді шешу үшін қажет деп ойлаймын.
Педагогтің кәсіби әрекетіне сыни көзқарас танытып, әр қадам мазмұны мен мақсат-міндеттеріне қарай «Білім алушыларға бағытталған әрекеттерім қаншалықты сапалы? Осы әрекеттер білім алушылардың ерекшеліктерін, қажеттіліктерін қаншалықты ескере жасалды? Нәтижесінде не алдым? Осыдан қандай ой түйілді? Алдағы тәжірибедегі қадамым қандай болмақ?» деген сұрақтар төңірегінде ойланса, сыни ойдың шыңдала түсері сөзсіз. Өзінің  жоғары кәсіби әрекетін ұйымдастыру мәдениеті бағытында ойды ұштап, өздігінен жетілуге тұрақты қажеттілікті сезінсе білімін үздіксіз шыңдауда талпынысын ұштай түсері анық.
Тәжірибе барысында кәсіби іс-әрекеттерім мақсаттардың нақтылығына, олардың мәнін түсініп, іс-тәжірибе барысында өзіндік сынақтан өткізу бағытында жасалды. Меніңше, бұл үшін әрекетке ұмтылдыратын ниеттің басым болуы маңызды рөл атқарады. Осы тұста А.Маслоудың ұсынған қажеттіліктер иерархиясы өзін-өзі дамытудың  негізі деп білемін[2]. Себебі, өзгерістердің мазмұндылығына білім, кәсіби икемділік, өз-өзіне деген сенім, өзіндік мүмкіндіктер, қажеттіліктер арқылы жетуге болады деп тұжырымдауға болады.
Ғалымдар педагогтердің  өзінің кәсіби дамуындағы үш жолын анықтайды. Олар: бейімделу кезеңі, өзін-өзі дамыту және белсенділіктің төмендігімен белгіленетін кезеңі. Өз тәжірибемде бейімделу кезеңінде деңгейлік курстардың мазмұнын ұғынуға, іс-әрекетті  жүйелі түрде құру жүзеге асырылды. Осы кезеңнен өз-өзін дамыту кезеңіне жеке тұлғаға бағытталған оқуды ұйымдастыру, топтағы мұғалімдердің ерекшеліктерін ескере отыра тапсырмалар таңдай білу, тапсырмалар барысында өзіндік бағалауды жүзеге асырудағы маңызды қадамдар арқылы ауысады. Тұлға бойында кәсіби іс-әрекетке деген қызығушылық, жаңашылдыққа деген талпыныстың басым болуы үшінші кезеңнен сәтті өтуге жетелейді деуге болады.
«Тиімді оқыту және оқу» біліктілікті арттыру бағдарламасы бойынша курстарын өткізу барысында мұғалімдердің біліктілігін арттыру барысындағы тәжірибемде дайын үлгідегі білімдерді ұсыну басым болғандығын байқадым. Сондықтан біліктілікті арттыру курстар аясында тұлғаның дамуына әсер ететін танымдық, әлеуметтік және эмоциялық салаларға басты назар  аудардым. Мұғалімдердің мәселені жан-жақты қарастыру негізінде тәжірибе барысында неге назар аудару керектігі жөнінде қорытынды жасай алулары саналы көзқарасын дамытуына бағыт алуының белгісі деуге болады. Осы тұста Шульманның «мұғалімнің үш көмекшісі» ілімінің өзіндік орны бар. Курс барысында кәсіби түсінік арқылы мұғалімдер теориялық  білімдерін негіздеп, сапалы оқыту мен тәжірибені түсінуі,жетілдіруі, оқытудың тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруда басқарушылық қабілеті арқылы өзгерісті енгізе білуі, өзгерістерге өзіндік сараптама жасауы, оқушылардың білімдерін бағалай алулары, кәсіби-өнегеліліктің мазмұнын негізге ала отыра, өзінің кәсібіне деген шынайылықтың болуы, әріптеспен жұмыс жасаудың маңыздылығын сезінулері портфолионы жинақтауда байқалады.
Мұғалімнің үздіксіз білімін жетілдіруде әдістемелік тұрғыдан көмек көрсетіледі. Ол үшін мұғалімдердің білім алудағы нақты бір мүмкіндіктерін, олардың жақын арадағы даму аймағын  ескере отыра сыни ойлауларына жағдай жасаудағы жолдарым өзгерді деп айта аламын. Себебі осы курстардың бастапқы кезеңдерінде өз тарапымнан түсіндіру, жаңа материалдың мазмұны бойынша үлгі ретінде көрсетілім жұмыстары басым болды. Сондықтан сессияның әр кезеңінде кәсібилілікке бағытталған ұжымдық тәсілді,  танымдық және гуманистік тәсілдер негізінде белсенді әдістерді кеңінен қолдануға тырыстым. Бұл мұғалімдердің кез келген мәселелер мазмұнын түсінуге мүмкіндік берді деп есептеймін. Әр тапсырманы орындау барысында топтағы мұғалімдердің барлығына қатысты бірдей көзқарас таныту, пікірілеріне теріс түрде сыналмауына бағытталған өзіндік әрекеттеріме түзету жұмыстарын жүргізе білуім жетістігім деп білемін. Курс барысында мәселелік-ізденіс әдістерін қолдану барысында қызығушылықтарын қалыптастыру, өз түсінігін өз тәжірибесімен байланыстыра білу, айтылған негізгі ой, жасалған әрекеттердің негізінде өзіндік талдау жасауды және «теориялық сәт» ұстанымын ұстану жұмыстың мазмұнын кеңейте түседі. Әрине, бұл біркүндік жұмыстың нәтижесі емес, бірте-бірте жетілдіру арқылы қадамдап жүргізілген жұмыс нәтижесі. Әр қадамыма баға беріп, өзіндік талдау жасалды. Күнделікті рефлексивті журналды толтыру ертеңгі күннің әрекетін жетілдіруге, сәтсіз болған тұстарды түзетуге мүмкіндік берді. Осыған дейінгі тәжірибемде күнделікті рефлексия журналын толтыру өз тәжірибемде болған емес еді. Әрине бастапқыда журналдың мазмұны да баяндауға басым болды. Кейін біліктілікті арттыру курстарын өткізе келе біртіндеп талдауды жүзеге асырдым дей аламын. Өз талдауларым есептер мазмұнында көрініс тапты. Әрине, талдау жасап, өзіндік әрекеттерді бағалауымда бағалаушының тарапынан болған ұсыныстардың өзіндік орны бөлек. Сарапшының ұсыныстары біліктілікті арттыру  курсы барысында жоспарды құруда «Топтағы мұғалімдер нені ұтымды жасай алады?, Қай бағыттағы  тапсырмаларды  орындауда қиналады?, Әдісті таңдауымның нәтижесі қандай болады?» деген сұрақтар төңірегінде ойлана құруыма жетеледі. Өз жұмысымның сарапталуына, негізгі ойларды белгілеуге көмектесті. Мен үшін әр бағалаушының өзіндік пікірі, ұсыныстары маңызды. Себебі, тәжірибемнің жетілуіне, жақсаруына әсер етеді десем қателеспеймін. Курс аясында  бағалаушы тарапынан жасалған ұсыныстар сабағымның әлсіз тұстарын анықтауға, алдағы әрекеттерімді болжауға көмектесті деп санаймын.
Білім әлеміндегі оңтайлы өзгерістер сапалы білімге жетелейді. Тек сол өзгерістерді қабылдап, өмірге жаңаша қарауды әр педагог ұғынып қабылдауы керек. Өйткені осы оңтайлы өзгерістер білім сапасының артуына, оқушылардың саналы іс-әрекетпен дербес, белсенді жұмыс атқаруына, мұғалімдердің де жаңаша  қызмет етуіне жол ашады  деп ойлаймын.

Әдебиет:

  1. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. – [Электрондық ресурс]:http://adilet.zan.kz.
  2. Маслоу А. Психология Бытия. Пер.с анг./Отв.Ред.С.Н.Иващенко.-М.:Реф.-Бук:Ваклер,1997.-300
  3. Кулюткин Ю.Н., Сухобская Г.С. Мышление учителя: Личностные механизмы и понятийный аппарат./ред./ — М.:Педагогика

Один комментарий к “Мұғалімнің кәсіби дамуы — білім беру жүйесін жаңартудың негізі

  1. Бахыт

    Окытудагы мугалимдердин биликтиликтерин арттырудагы дурыс жолдарды аныктап корсеткенсиз. Авторга рахмет.