Сайт Өрлеу

Критериалды бағалау — сапалы оқытудың кепілі

Критериалды бағалау — сапалы оқытудың кепілі

Изтлеуова Акмарал  Актамбаевна
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Ақтөбе облысы бойынша
ПҚБАИ  ДБО  тренері, т.ғ.магистрі
[email protected]

Түйіндеме
Бұл мақалада білім сапасын критериалды бағалау жүйесі арқылы жетілдіру жолдары қарастырылған.
АННОТАЦИЯ
В данной статье рассматриваются пути и подходы совершенствования качества знаний  в  системе  критериального оценивания.
ABSTRACT
This article discusses the ways  and approaches  of  unproring  the guality of know ledge  in the system of criteria-based  assessment.
Түйінді сөздер: баға, бағасыз оқыту, кері байланыс.

«Бағалау  не  үшін  керек»  деген  сұраққа дәсүрлі  оқыту жүйесінде «оқушылардың  білімін  тексеру үшін» деген жауап  беріледі,  өйткені мұнда  бағалауды мұғалім  тарапынан  оқушының білім  деңгейін анықтау  деп қарастырылады.  Осы тұрғыдан мұғалімдер  өз  әрекеттерін  сабақта  оқушылардан  берілген  сұрақтарына  ауызша  жауап  алумен немесе тест  қабылдаумен шектейді.  Алайда мұндай  тексеріс көп  жағдайда оқушылардың есте  сақтау қабілетін ғана анықтап, олардың не  үйренгендігін, білімділігі мен біліктілігінің жалпы  деңгейін  анықтамайды.  Бұған  қоса, бұл  жерде «бағалау» ұғымы «баға қою»  ретінде  қабылданады,  ал мұндай  түсінік бағалаудың  мазмұны мен  барлық ерекшеліктерін айқындамайды.
Бағалау  бірінші  кезекте  білімнің  сапасын  айқындау  үшін  қажет.  Егер де біз  өз  жұмысымызда елеулі  табыстарға  қол жеткізгіміз келсе, онда  өткен  уақыттағы  және  қазіргі нәтижелерімізді анықтауымыз  керек,  яғни  жұмысымыздың  оң  жақтары  мен кемшіліктерін  айқындап,  оны  бағалауымыз  қажет.
Көптеген   дамыған  елдердегі  білім  беру  жүйесінде  тың   өзгерістер  мен  табыстылық  мұғалімдер  тәжірибесіне критериалды  бағалауды  ендіру және  оны дамыту  арқылы  жүзеге  асырылуда.  Критериалды  бағалау  жүйесін  енгізудің  мақсаты — бағалау критерийлерінің  негізінде  білім  алушылардың  оқу  жетістіктері  туралы шынайы  ақпарат  алу  және  оқу  үдерісін  жетілдіре  түсу  үшін  оны  барлық қатысушыларға ұсыну.
Мұғалімдердің  қарқынды  өзгеріп  жатқан әлем жағдайында үздіксіз  кәсіби дамуға дайын болуына  көмектесудің  бір  тармағы- жиынтық  және  қалыптастырушы бағалауды пайдалану тиімділігін  қамтамасыз ету.  Жиынтық  бағалаудың  немесе  оқытуды бағалаудың  мақсаты — оқушы  қазіргі  уақытта  не оқып білгенін жинақтау болып  табылады. Оны  мұғалім  өзі  бағалайды.  Ал  формативті (бұдан  әрі қалыптастырушы)  немесе оқу  үшін  бағалау  оқушылардың  оқуын  дамыту үшін  пайдаланатын бағалау  болып  табылады.  Ол негізінен   есеп  беріп, үлгерім  рейтингін  жүргізу  үшін  пайдаланылатын  оқуды бағалаудан мүлде ерекше.
Осы  орайда Теодор Сайзердің  «Баға  беру  және  есепке  алу-керемет  мақсаттар.  Білім  алу  үдерісіне кедергі тигізбейтін  және  біздің  жан  салып  жасап  жатқан ісімізге пайдалы да  әділ  баға  беретін  жүйе …»-  дегеніндей, қалыптастырушы  бағалау дұрыс  ұйымдастырылған жағдайда мұғалім  білім  алушылардың  іс-әрекеттеріне  байланысты түсінік, ұсыныс  т.с.с. бере  отырып,  жүйелі түрде  кері  байланысты қамтамасыз  етеді.  Кері  байланыстың   әсерінен  мұғалімдер   оқу  үдерісін  ұйымдастыруға белсенді  түрде  қатысады.  Ол  үшін  мұғалім  оқушылардың  оқу  нәтижелерінің  өзгеруіне  байланысты оқыту   және  оқудың  жаңа  әдіс-тәсілдерін, техникасын  өзгертіп  отыруы   қажет.  Ал  бұл  өз  ретінде  тәжірибеде  мұғалімнің  критериалды бағалаудың теориялық  негіздерін  және  оны  ұйымдастырудың  алгоритмін меңгерген  кезде  ғана  жүзеге  асады.   Және  де  мұғалімдер жалғыз  бағалаушы тұлға  болмайтындығына  назар  аударылуы  қажет.   Оқушылар өздерінің  сыныптастарын  және өздерін  белсенді түрде  бағалауға  тартылулары  және  қатысулары  керек. Талпынғандар  ғана  білім  ала алады  демекші,  білім алушылар өз  білімін  арттыру  үшін бағалауды үйренуі  қажет, сондықтан   оқушыларға   өзінің оқуын   жақсарту  үшін кері  байланыс арқылы  алынған  ақпаратқа сәйкес  жұмыс істеу  қажет.  Бұл  олардан түсінушілікті, қызығушылықты  және ықыласпен  әрекет  етуді  қажет  етеді.   Өзін-өзі  бағалаудың  тиімділігі-ынталандыру, өз-өзіне  сенімділігін  арттыру,  жасаған  еңбегінің  жемісін  көрсетуге септігін тигізері  анық.
Қазіргі  қарқынды даму кезеңіндегі педагог қызметкерлердің  біліктілігін арттыру  саласындағы   өз  тәжірибемізде  бағалаудың  ерекше  түрі болып  саналатын қалыптастырушы  бағалаудың техникаларын, әдіс-тәсілдерін, құралдарын  сабақтарымда үнемі үздіксіз   пайдаланып  жүрмін.    Сабақтарды жоспарлау барысында ескерілуі тиіс көптеген мәселелер бар. Мәселен, оқушылардың оқуға деген ынтасын арттыру жолдарын анықтап, оқушылардың дағдыларын  дамытуға деген уәжін қолдап отыру қажет. Сонымен қатар, сабақ кезеңдерін белгілеуде қалыптастырушы бағалаудың әр сабақта қолданылатындығы ескерілуі тиіс. Үздіксіз үрдіс ретінде және баланың білімін жетілдіруге маңызды роль атқаратын қалыптастырушы бағалауға толығырақ тоқталсам деймін.
Қалыптастырушы бағалау оқушылардың оқуда жетістіктерге жетуіне және алға ілгерілеуіне тікелей ықпал ететін және оқушы мен мұғалімнің арасындағы кері байланысты қамтамасыз ететін оқыту мен оқудың бөлінбейтін құрамдас бөлігі болып табылады.
Қалыптастырушы  бағалау  мұғалім  қызметінің  алгоритмі  мен  ол  алгоритмді   жүзеге асыру  ресурстарының   бірлігінен  тұрады.  Мұнда  мақсатты  белгілеудің  мәрелік нүктесін  анықтай  отырып,  әрі  қарай  жылжу  төмендегідей  болады:

  • мақсатты өлшенетін оқу  нәтижелеріне  аудару;
  • нәтижеге жету деңгейін анықтау;
  • бағалаудың мазмұнын және техникасын іріктеу;
  • оқудың сәйкес әдістерін таңдау және  жүзеге асыру;
  • бағалауды жүргізу және оқу  нәтижелерінің өлшенетін деңгейіне  жеткенін  анықтау.

Ресей  ғалымдары (И.С.Фишман, Г.Б.Голуб) мұғалімнің қалыптастырушы бағалауды  ұйымдастырудағы алгоритмін мына тұрғыда ұсынады:

  • Жоспарланған оқу нәтижелерін  анықтау.
  • Оқушының маңызды оқу  нәтижелерін  жоспарлау және  оған жету әрекетін ұйымдастыру.
  • Оқушылардың жоспарланған  оқу  нәтижелеріне кері  байланыс механизмі көмегімен жетуін  жүргізу.

Сондай-ақ, қалыптастырушы бағалау  мұғалімге  оқушылардың   оқуда мақсатқа  жету  үдерісін қадағалап отыруына  мүмкіндік береді  және  оқу  үдерісіне дер  кезінде өзгертулер  мен  түзетулер  енгізуге,  ал  оқушыға  өзінің  білім алу жолында  жоғары дәрежедегі жауапкершілікті сезінуге  көмектеседі.  Ол  күнделікті  тәжірибеде  қолданылады,  оқушыға да,  мұғалімге  де қолайлы түрде  пайдаланылады. Мұғалім  осындай  бағалау  әрекеті арқылы  пәнді  меңгерудің  мақсатын  нақты  анықтап,  оқушының  өткен  тақырыптарды  біртұтас,  үйлесімді картина  түрінде  елестетуіне,  нәтижені  бақылаудың адекватты  тәсілдерін  өзі  анықтай  білуіне,  жоғары  деңгейге  жетуге  ынталануына көмектеседі.
Қалыптастырушы   бағалауды  сабақта  қолдану   мұғалім  мен  оқушы  арасындағы сыртқы кері  байланыстың ішкі  кері байланысқа ауысуы болып  табылады,  ал  бұл оқушыны білім берудің субьектісі  деңгейіне көтерілуіне  ықпал  етеді.  Оқушы  өзін  бақылап, өзінің  әрекет  тәсілдерін таңдайды,  нәтижелерін  өзі  бағалайды,  оны  мұғалім   жалғастырады.  Осылайша оқушы  мақсат  қоя  білу,  күтілетін  нәтижені  жоспарлау,  оны  бақылау тәжірибесін  жинақтау  арқылы  өзінің  түйінді  құзыреттіліктерін  қалыптастырады.  Мұғалімдер   оқуды  бағалаумен  қатар  оқыту үшін  бағалауды пайдаланғанда,  бағалау  оқудағы аса пайдалы  құралға  айналады.
Жалпы оқыту және оқу үрдісінде қалыптастырушы бағалауды дұрыс түсініп, тиімді қолдана білген мұғалімнің кәсіби шеберлігінің артуына және бастама нүктесін дәл анықтап әрі қарай дамуына, жаңа идеяларға ұмтылуына серпіліс береді және білім сапасын арттыруға зор үлес қосады.
Қолданылған әдебиеттер:

  1. Бағалау реформасының тобы. Оқыту үшін бағалау:10 ұстаным. — Кембридж Университетінің білім беру факультеті, 2002.
  2. Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық – 2016 жыл, ПӨО, 13-18 бб.
  3. Блэк П.И., Вильям Д. Сыныпта бағалау және оқыту, білім берудегі бағалау: ұстанымдар,саясат және практика. – 1989. — 5 (1). — 5–75 бб.

1-қосымша
«Педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыруда инновациялық технологиялары»тақырыбындағы Республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысуға
ӨТІНІМ

1. Қатысушының аты-жөні (толығымен) Изтлеуова Акмарал Актамбаевна
2. Ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы, құрметті атағы Техника ғылымдарының магистрі
3. Қызметі (толығымен, қысқартусыз) Деңгейлік  бағдарламалар орталығының   тренері
4. Материалдың тақырыбы (баяндама/ мақала) Критериалды бағалау-  сапалы  оқытудың кепілі
5. Бағыты Білім беру мазмұнын жаңарту: оқыту технологиялары және бағалау
6. Ұсынатын ұйым, қала, облыс (қысқартусыз) «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Ақтөбе облысы бойынша ПҚБАИ
7. Жұмыс телефоны (қаланың коды) 87132560011
8. Телефон (ұялы) 87015809037
9. E-mail [email protected]