Сайт Өрлеу

Қазақ тілі пәнінің деңгейлік оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерінің тусау кесері

Қазақ тілі пәнінің деңгейлік оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерінің тусау кесері

Қазақ тілі пәнінің деңгейлік оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерінің тусау кесері

2015 ж. 25 тамыз күні «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалдарының директорлары Астана қаласы №66 мектеп-лицейінде Білім беру қызметкерлерінің Республикалық педагогикалық тамыз кеңесі аясында өткен «Қазақ тілі» пәнінің қазақ тілінен басқа тілде оқытатын мектепке арналған деңгейлік оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерінің оқу үдерісіне енгізу жөніндегі кеңеске қатысты. Сонымен қатар, кеңеске өңірлік білім басқармаларының, аудан және қала білім бөлімдерінің басшылары, білім беру ұйымдарының директорлары, директордың оқу және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, әдіскерлер, эксперименттік мектептер мен НЗМ директорлары, мектепке дейінгі ұйымдардың, білім саласындағы бақылау департаменттерінің, қосымша білім беру ұйымдарының, республикалық орталықтардың өкілдері, шақырылған мұғалімдер шақырылған.

CAM01498

Кеңес жұмысын Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Нұртөлеуұлы Иманғалиев жүргізді.

Қазақстан Ғылым академиясының мүше-корреспонденті, п.ғ.д., профессор Ф.Ш.Оразбаева «Қазақ тілін деңгейлік оқытудың ғылыми-әдістемелік жүйесі» тақырыбындағы баяндамасында қазақ тілін деңгейлік оқыту әдіснамасы мен басты ұстанымдарының ғылыми-практикалық жағына тоқталды.

Профессор А.А.Сәтбекова «Қазақ тілі» пәнінің деңгейлік оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендеріндегі жаңашылдық» тақырыбында оқытудың жаңа тәсілдері арқылы дамыту жолдарын айқындады.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, ф.ғ.к. А.М.Фазылжанова «Қазақ тілі оқулықтары және тілтанымдық жаңартпа білімдер жүйесі» тақырыбы бойынша талдау жасады. Ал п.ғ.к. А.Қ.Рауандина «Қазақ тілі» пәнін деңгейлік меңгертудің әдістемелік ерекшеліктері» тақырыбында жалпы ерекшеліктерін атап көрсетті.

Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы №13 «Экос» мектеп-гимназиясының мұғалімі А.К.Исабекова «Оқушыларға мемлекеттік тілді меңгерту процесінде оқу тапсырмаларының тиімділігі» тақырыбы бойынша оқулықтағы мәтінмен жұмыс істеу жолдарына тоқталып өтті.

Жоғарыдағы баяндамаларды түйіндей келе, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы қазақ тілі мәртебесін көтеру, мектептерде қазақ тілі пәнін оқыту сапасын арттыру мәселелеріне кеңес қатысушыларының назарларын аударды.

Соңында кеңес қатысушылары пікір алмасып, төмендегідей ұсыныстарды қабылдады. Солардың ішінде «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалдарына:

  • «Қазақ тілі» пәнінің қазақ тілінен басқа тілде оқытатын мектептердің 1-11 сыныптарына арналған деңгейлік оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін оқу процесіне енгізуге байланысты қазақ тілі мұғалімдеріне, әдіскерлерге, мектеп басшыларына арналған біліктілік арттыру курстарының бағдарламалары әзірленіп, курстар мен семинарлар ұйымдастырылсын;
  • Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту сапасын арттыру, Елбасының еңбектері негізінде «Тәуелсіздік толғауы» материалдарын талапқа сай оқыту, қазақ тілін деңгейлеп оқытуды әдістемелік қолдау мақсатында қазіргі озық әдістемелер мен технологиялар бойынша арнайы курстар, семинар-тренингтер жүргізілсін;
  • Мемлекеттік тілді оқытатын мұғалімдердің курстарында Елбасы тапсырмасына сәйкес орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерінде оқытатын мектеп бітірушілерінің қазақ тілін толық (100 пайыз) В1 деңгейінде меңгеруіне ықпал ететін әдіс-тәсілдер ескерілсін.