«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Астана қаласы бойынша ПҚ БАИ Операциялық жоспарына сәйкес 2017 жылдың 4-30 қыркүйек аралығында «Педагогтің «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы аясында патриоттық тәрбиені жүзеге асырудағы рөлі» тақырыбында пән мұғалімдері үшін Республикалық интернет-форум өткізілді.
Мақсаты: «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идея мәнмәтініндегі патриоттық тәрбиені оқу мен тәрбие жұмыстары арқылы жүзеге асыру сұрақтары бойынша жұмыс тәжірибелерімен бөлісу, пікір алмасу, талқылау.
Интернет-форумға «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдарының профессорлы-оқытушылық және тренерлер құрамы, бөлім мамандары, орта және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері, пән мұғалімдері қатысты.
Форум жұмысы келесі бағыттар бойынша қашықтан жүргізілді:
- Жаратылыстану-математика бағытындағы сабақтарда «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асыру мәнмәтініндегі патриоттық тәрбие.
- Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пән сабақтарында үздік ұлттық дәстүр және қазақстандық патриотизм рухында, тарихи тұлғаларды үлгіге ала отырып, оқушыларды тәрбиелеу бойынша оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру.
- «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы аясында пән мұғалімінің сабақтан және сыныптан тыс қызметі мен сынып жетекшісі жұмысында қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу.
- «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын жүзеге асыру аясында ТжКБ беру жүйесінде болашақ мамандардың кәсіби дайындығын жетілдіру жолдары, мақсаттары мен міндеттері.
- Ата-аналармен жұмыс істеу барысында патриоттық тәрбиені іске асыру.
- Педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру жүйесінде «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асыру.
Қатысушылар келесі мәселелі сұрақтарды талқылады: «Оқу-тәрбие процесінде «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырудағы педагогтің рөлі қандай?», «Пәндер арқылы «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясындағы құндылықтарды қалай меңгертуге болады?», «Патриоттық тәрбиені тиімді ұйымдастыруда сабақта және сабақтан тыс уақытта қандай әдіс-тәсілдерді қолданасыз?», «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру аясында тәрбиелеудің қандай инновациялық технологиялары қолданылады?», «Арнайы пән сабақтарында «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру қалай жүргізіледі?»
Интернет-форумның нәтижесі бойынша электронды материалдар жинағы шығарылып, қатысушыларға сертификаттар берілді.