«Өрлеу» БАҰО АҚФ Астана қаласы бойынша ПҚ БАИ қызметкерлері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесін ұлықтау аясында Ұлттық Музейге саяхат жасады.
Қазақ елінің кешегісі мен бүгінгі тарихы толық қамтылған Ұлттық музей – бай экспонаттар және сирек кездесетін деректермен келушілерге мол ақпарат беретін мәдени-ғылыми орын. Сонымен бірге, мемлекет тарихын, ежелгі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, шаруашылық-кәсібін, мәдениетін, салт-дәстүрін білуге қызығушылық танытатындар үшін интерактивті бағдарламалар жасалған. Ал кішкентай балалар үшін осындай бағдарламалар ойын түрінде ойлауға арналып құрастырылған.
Қазіргі Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздігіне арналған лазерлік шоудан Астана қаласының пайда болуы, мемлекеттік маңызы бар ғимараттар мен көшелердің тарихы, саябақтар мен субұрқақтардың тамаша үйлесіммен салынғаны туралы білуге болады.
Елбасының әлем елдері басшыларымен кездесуі, Қазақстанның тәуелсіздігін паш ететін мемлекеттік құжаттардың дүниеге келуі, көптеген ынтымақтастық келісімшарттардың, жалпы алғанда Қазақстан мемлекетіне қатысты маңызды құжаттардың тарихын білу – патриоттық сезімге бөлейді.
Мемлекеттік рәміздер тарихын білу – әрбір қазақстандықтың парызы болса, оларды құрметтеуге, қорғауға тәрбиелеу – азаматтық борыш.
Институт басшылығы бұл мәдени-саяси іс-шараға барынша қолдау көрсетіп, Қазақстанда бірлік пен достықта өмір сүріп жатқан барлық ұлттардың ынтымағы аса маңызды екеніне тоқталды.
Институт қызметкерлері өздері үшін Қазақстан тарихының тағылымды беттерін ақтарып, ризашылық сезімде болды.