Дуйсебаева М.Ж. –
Инновациялық дамуды әдістемелік
қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы
«Өрлеу» БАҰО» АҚ 10.02.2016ж. №28 бұйрығына сәйкес «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Астана қаласы бойынша ПҚБАИ 2016 жылдың ақпан – сәуір айлары ішінде II Республикалық Педагогикалық оқуларының Астана қалалық кезеңі өткізілді.
Педагогикалық оқуларды өткізу педагогикалық ғылым мен тәжірибенің ұштасуына, білім беру жүйесіндегі инновациялық қызметтің мақсатты дамуына, педагогтердің инновациялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Үш жылда бір рет өтетін ҚР білім беру қызметкерлерінің Педагогикалық оқуларының мақсаты — білім беру саласы қызметкерлерінің педагогикалық шеберлігін арттыру, үздік инновациялық педагогикалық тәжірибелерді қорыту және тарату. Осы мақсат келесі міндеттерді шешуге жол ашады:
- педагогикалық қызметкерлердің өз шығармашылық мүмкіндіктерін жүзеге асыру үшін, республика педагогикалық қауымдастығының мәдени-кәсіби құндылықтарын бекіту және дамыту үшін жағдай жасау;
- педагогикалық бастамаларды қолдау, позитивті білім беру практикаларын анықтау және тарату;
- инновациялық қызмет идеялары мен тәжірибені жинақтау бойынша педагогикалық қауымдастықтың қызметін біріктіру;
- кәсіби қарым-қатынас аясын кеңейту;
- өз жұмыс тәжірибесін жинақтау арқылы педагогикалық қызметкерлердің рефлексивті икемдерін дамыту.
ҚР білім беру қызметкерлерінің II Педагогикалық оқуларының Астана қалалық кезеңі келесі басым бағыттар аясында өткізілді:
- Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту басым бағыты «Мектепке дейінгі ұйымдардың білім беру ортасының ғылыми-әдістемелік, мазмұндық, технологиялық және ресурстық негіздерін жаңарту» тақырыбында;
- Бастауыш білім беру бағыты «Дамушы білім беру ортасы бастауыш білім беру мазмұнын жаңарту ресурсы ретінде» тақырыбында;
- Орта білім беру басым бағыты білім беру мен тәрбиенің ажырамас бірлігінде «Білім беру үдерісін технологияландыру мектептік білім беру мазмұнын жаңарту ресурсы ретінде» және «Мәңгілік Ел» ұлттық идеялары аясында тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру» тақырыптарында;
- Оқушыларға қосымша білім беру бағыты «Азаматтық белсенділікті, патриотизмді және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру қосымша білім беру жағдайында тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру негізі ретінде» тақырыбында;
- Техникалық және кәсіби білім беру бағыты «Экономиканың индустириалдық-инновациялық дамуы жағдайында техникалық және кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру»;
- Жоғары білім беру бағыты «Білім мен ғылымның бірігуі арқылы жоғары педагогикалық мектептердің білім беру процестерін жүйелі жаңғырту» мәселелеріне;
- Білім берудегі менеджмент басым бағыты «Педагогикалық менеджмент басқару қызметінің мәдениетін дамыту факторы ретінде» атты өзекті мәселе бойынша талқылаулар ұйымдастырылды.
Оқуларға 155автордан 134 жұмыс түсті. Ұсынылған материалдардың әрбір түрі Ережеге сай өз көрсеткіштері бойынша бағаланды:
Инновациялық жобаларды бағалау көрсеткіштері:
- Жоба мазмұнының Педагогикалық оқулар бағыттарына сәйкестігі;
- Жұмыс тақырыбының өзектілігі, ҚР білім беру жүйесін дамытудың басымдықтарына сәйкестігі;
- Мәселені мазмұнды және нақты қою;
- Тақырып өзектілігінің және зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздерінің дәйектілігі:
- Ғылыми машықта баяндалуы;
- Жоба идеясының сонылығы,
- Жаңашылдығы.
- Практикаға енгізу перспективасы.
- Материалды ұсыну қисындылығы және бірізділігі. Іс жүзінде жүзеге асырылу деңгейі, нәтижеліліктің, рефлексияның болуы.
- Әлеуметтік мәнділігі.
Авторлық бағдарламаларды бағалау көрсеткіштері:
- Жұмыс тақырыбының өзектілігі.
- Оқушылар үшін жаңашылдық деңгейі; қызметтің өнімді тәсілдерін дамыту бағдары.
- Бағдарлама құрылымының басылымның осы түріне қойылатын талаптарға сәйкестігі.
- Бағдарламаның барлық құрылымдық элементтерінің өзара байланысы.
- Материалдардың практикаға бейімділік, ғылыми және оқушылардың жас ерекшеліктері принциптеріне сәйкестігі.
- Оқушылардың оқу жетістіктерінің деңгейіне талаптардың болуы.
- Бағдарламаның әдістемелік жарақтандырылудың болуы.
- Бағдарламаны ресімдеу мәдениеті (бағдарламаның мазмұны мен сыртқы пішінінің бірізділігі, заманауи техникалық құралдарды пайдалану);
II Педагогикалық оқуларының 7 басым бағыт бойынша «Авторлық бағдарлама», «Инновациялық жоба», «Білім беру ұйымын дамыту бағдарламасы» номинациялары бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтау жұмысымен «Өрлеу» БАҰО» АҚ педагогтары, Астана қ. Білім басқармасынан Н.Исина, Р.Қасқабаева, О.Сүлейменов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдары-педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ғ.М.Кертаева, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Ф.Н.Жұмабекова, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының аға ғылыми қызметкерлері Б.К.Смағұлова, Г.Ж.Сисенғалиева, Б.М.Мұқатаева, З.А.Қарабалиева, А.Қ.Тастанова айналысты.
Үздік жұмыстардың қатарында Е.С.Баранованың «Взаимодействие детского сада и школы – залог успешного обучения ребенка» (№25 б/б), Г.К.Алиеваның «Мектеп жасына дейінгі балалардың дүниетанымын мультимедиялық ойындар арқылы қалыптастыру» (№46 б/б), Р.Х.Матковскаяның «Инновационные технологии на занятиях по физической культуре в детском саду» («Ақбұлақ-1Астана»б/б), Г.Ә. Қылышбаеваның «Мәңгілік ел ұлттық идеясы тұрғысынан жеке тұлғаның тәрбиесі мен әлеуметтенуі» (№5 гимназия), Н.А.Зырянованың «Информационные предметные блоги как средство развития познавательной активности» («Центральная» э/м), «Оқушылар сарайы» қызметкері Б.К. Бугинастың «Содержание музыкальной деятельности дошкольников», әдіскер С.К. Шарыповтың «Формирование гражданской активности, патриотизма и лидерских качеств как основа воспитания и социализации личности через деятельность военно-патриотических и спортивных клубов», №40 орта мектебінің директоры Е.І.Іргебайдың «Әлкей Марғуланның өмірі мен шығармалары арқылы рухани дамыған толерантты тұлғаны қалыптастыру», № 30 мектеп — гимназияның директоры С.М.Азимханованың «Командообразование: пути и решения», ҚазГЗУ ГЗ колледжі оқытушылары Н.С.Байбусинов пен Ж.Т.Мылтықбаеваның «Юридическая клиника», «Туран-профи» қала шаруашылығы колледжінің оқытушысы Б.А.Сейдахметованың «Тиімді әдіс-тиімді білім-ТжКББ жаңғыртудың негізі» жұмыстарын жатқызуға болады.
Астана қалалық кезеңінің әрбір бағыты бойынша (7 бағыт) және жұмыс түрлері (авторлық бағдарлама, инновациялық жоба, ББҰ даму бағдарламасы) бойынша анықталған 14 жеңімпазы ішінен әрбір басым бағыттың жеке тақырыптары бойынша 8 жеңімпаз маусым айында Павлодар қаласында өтетін ҚР білім беру қызметкерлерінің II Педагогикалық оқуларының Республикалық кезеңіне жолдама алды.
Өздерінің ең үздік іс-тәжірибелерін ортаға салып, ұрпақтың білім –тәрбие ісінде шешілуге тиіс деп есептейтін инновациялық идеяларынан үзінділерді ұсынамыз. Сонымен бірге, Елорда педагогтері атынан жеңімпаздарға сәттілік тілеп, жеңіспен оралыңдар дейміз!
«Мәңгілік ел» ұлттық идеясы тұрғысынан жеке тұлғаның тәрбиесі мен әлеуметтенуі» тақырыбы арқылы Қылышбаева Гүлзипа Әуесқызының оқушыларының «Билерше толғансам …» атты төл шығармасы дүниеге келді. Мұғалім оқушысын сынамақ болып:
— Оқушы басында бақыт нешеу?
Кемдік нешеу?
Құлазу нешеу?- деп сұрайды.
Сонда оқушы былай деп жауап береді:
— Оқушы басында бақыт — бесеу,
Кемдік – үшеу,
Құлазу – төртеу. Енді атап-атап айтайын:
Өз тіліңде ойың жүйрік болса,
Бұл жалғанның пырағы.
Алған бағаң төрт-бес болса,
Күнделік болар тұрағы.
Мұғалім ата-анандай,
Кітабың – ақылшың, панаңдай.
Қатар — құрбың жақсы болса,
Екі көздің шырағы.
Міне, бес бақыт — осы.
— Өз тіліңді өгейсініп,
Өзге тілде сөйлесең
Бұл жалғанның азабы.
Қатар – құрбың жаман болса,
Бір-бірінің мазағы.
Алған бағаң екі болса,
Дүниенің тозағы.
Міне, үш кемдік – осы.
— Жақсы оқушы кетсе,
Сынып құлазиды.
Күнделіктен бес кетсе,
Көңіл құлазиды.
Бағаланбаған білім құлазиды.
Қатар құрбысынан айырылып,
Сыныптан қуылған бала құлазиды.
Міне, төрт құлазу осы.
2- оқушының шығармашылық жұмысы:
Мектепке келген бала,
Зерек болайын деп келеді.
Ғылымның тұнығына
Зер салайын деп келеді.
Алаңғасарлықпен алданып,
Жалқаулықты бойға алып,
Оқуға желкең жар бермей,
Жалқаулық басыңды шырмаса
Онда білімнің тұл болғаны.
Көңілдің нәпсіге құл болғаны.
Тапсырма орындамай жалтақтасаң,
Тақта алдында қалпақтайсың.
Айтқанды орындамай-ақ,
Ұстазға мойын бұрмай-ақ,
Мектепке келесің,кетесің.
Адам боп жүресің,
Бостан-бос күлесің.
Жақсыны жағала,
Алтын уақытыңды бағала.
Абдраимова Асем Кабденовна (№72 м/л тарих пәнінің мұғалімі): «Тарихи тұлғалар» курсында ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңдерде өмір сүрген қоғамтанушы ғалымдардың, саясаткерлердің, философтардың, тарихшылардың, әлеуметтанушылардың шығармаларынан үзінділер келтірілген.Тұлғалардың дүниежүзілік тарихи тәжірбиесі әрқашан оның өз елінің, өз ұлтының тарихи тәжірбиесінен бастау алады, өзінің тұлғааралық және дүниетанымдық деңгейінен туындап жатқан ой қорытындыларымен толықтырылады. Дегенмен өмірдің, рухани өндірістің жалпылама заңдылықтары бар.
Оқушыларға дүниежүзілік тарихи тұлғалардың ойдың озық үлгілерінен тұратын хрестоматияны ұсына отырып, бұл басылымды құрастырушылар ұлы философтардың, социологтардың, экономистердің, заңгерлердің жасап кеткен жүйелері мен ілімдерінің мазмұнын оқушыларға жеткізу мақсатын көздейді.
«Терроризмге қарсы кешенді әрекет етуде исламистік уағыз-даушылардың ықпалының орталығында әлеуметтік қабат ретіндегі жастарға отансүйгіштік және адамгершілік тәрбие беруге ерекше назар аудару қажет. Осы ықпалдардан жастарды жетектеп «шығарудың» айрықша нысандарын табу керек.
Дін қазіргі әлемде геосаясаттың әрекетті тетігіне айналып отыр. Қазіргі таңда көптеген күштер дінді өздерінің прагматистік мақсаттарын жүзеге асыруға пайдаланады. Наразылық қозғалыстарда дінге тарту әдістері қалыптасқан. Экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет етудегі бағдарламаларды жүзеге асыра отырып осының бәрін ескеру керек.
Қазақстан Республикасындағы террористік ахуалдың дамуын болжау және талдау, қарсы тұруды ел дамуының қазіргі кезеңінде, ұлттық қауіпсіздіктің басымдылығы ретінде қарастыру» деген ой тастады Матенова Жадыра Ғалиқызы (№54 м/л тарих пәні мұғалімі).
«Орыс тілінде оқытатын сыныптарда интербелсенді әдіс-тәсілдер арқылы оқушылардың қазақша тілін дамыту жолы» жобасында Медеубаева Шынар Төлеқызы (№ 53 м/л): «Орыс сыныптарындағы қазақ тілі сабағында оқушыларды топқа бөліп оқытса, өз пікірлерін жеткізуге тырысады және пәнге деген қызығушылығы мен ынтасы артады. Әдіс-тәсілдерді қолдану барысында оқушының қайталап айтатын айтылым, сөйлесім әрекеттер арқылы оқушының интербелсенділігі артатындығы байқалды. Қарым-қатынас әрекеттері көп болғандықтан оқушы бір-бірімен сөйлесулері арқылы тілдік қорлары дамитындығы, әрбір тақырып бойынша қайталау арқылы сөздер жатталады, оқушының қазақ тілінде еркін сөйлеу дағдылары қалыптасатындығын және жүйелі түрде өз ойын жеткізе білетінін байқадым. Сабақтағы қолданылатын стратегиялар тиімді қолданылса, оқушы сын тұрғысынан ойлауға, өз бетімен шешім қабылдай білуге үйренеді, танымдық қабілетін байытады, баяндама жасауға, эссе, шығарманы жазуға, өз ойын қазақша жеткізе білуге үйренеді».