Сайт Өрлеу

Орта білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында мұғалімдердің кәсіби дамуы

М.Б. Сулейменов
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Қарағанды облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институты
Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы
suleimenov.m@orleu-edu.kz

Summary: The article gives recommendations for the development and use in the lesson of criteria for assessing the achievement of student learning outcomes. In addition, the article presents an analysis of changes in the assessment system, shows the relationship between learning objectives, lesson objectives, evaluation criteria, and study assignments when planning a lesson.
Key words: Updated curriculum, curriculum, speech skills, learning objectives, criterial evaluation, active learning
 
Аннотация: В  статье  даны  рекомендации  разработки и использования на уроке  критериев  оценивания достижения  учебных  результатов  учащихся.  Кроме того, в статье представлен  анализ  изменений  в  системе оценивания, показана взаимосвязь  целей обучения, целей урока, критериев оценивания и учебных заданий при планировании урока.
Ключевые слово: обновленная учебная программа, учебный план, речевые навыки, учебные цели, критериальное оценование, активные обучение
 
Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Әлеуметтік — экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша ұлттық жоспарды қабылдау жөнінде нақты міндеттер қойған болатын [1].
Аталған міндет Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына кіру үрдісінде маңызды болып табылады. Еліміз үшін маңызды болып табылатын аталған стратегиялық міндетті шешу жағдайында тұлғаның ең басты функциялық сапалары белсенділік, шығармашыл тұрғыдан ойлауға және шешім қабылдай алуға, кәсіби жолын таңдай алуға қабілеттілік, өмір бойы білім алуға дайын тұруы болып табылады. Бұл функционалдық дағдылар мектеп қабырғасында қалыптасады.
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда оқу бағдарламасындағы әрбір пәннің рөлі зор. Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиетінің алатын орны ерекше. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Мемлекеттік тіл – барлық Қазақстан азаматтарын біріктіретін негізгі фактор. Қазақстандық патриотизмнің негізін қалаушы мемлекет тіл. Мемлекеттік тілді құрметтеу және өзге ұлт өкілдерімен қарым-қатынасты нығайту – Қазақстандағы ұлтаралық келісім кепілі.
Білім беру сапасын арттыру барлық әлем қауымдастағы үшін маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Еліміздің білім саласында білім беру сапасын арттыруға және оқу мен оқытуды жан-жақты жетілдіру бағытында көптеген бастамалар орын алды. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында  орта білім берудің мазмұнын жаңарту міндеті белгіленген болатын [2].
Қазіргі таңда орта білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы мұғалімдердің біліктілігін арттыру және кәсіби даму мүмкіндіктерінің аясы кеңюде. Біліктілік арттыру курстары бойынша Отандық және шетелдік ең озық үлгідегі ғылыми-теориялық бағдарламалар педагогтар тарапынан туындайтын кешенді проблемаларды көтеріп, жалпы орта білім беретін мектептердегі педагог қызметкерлердің кәсіби құзырлығы мен зияткерлік әлеуетін дамытуға және критериалды бағалау жүйесін енгізуде педагогикалық шеберлікті жетілдіруге бағытталады.
Бұдан соң мұғалімдер білім беру бағдарламасының нақты пәндік аспектілерін меңгеруге кіріседі. Мұғалімдер білім беру бағдарламасына негіз болған теориямен танысып қана қоймай, бұл теорияны тәжірибе жүзінде іске асыруға қабілетті болуын қамтамасыз ету үшін оқыту тәжірибе жүзінде және белсенді өтеді.
Біліктілігін арттыру курс кезеңінде мұғалімдер оқу бағдарламасы мен сабақ жоспарын талдай отырып, қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесімен танысады. Оқудың аяғында мұғалімдер өзара рефлексия және метатану тапсырмаларын араластыра отырып, біліктілікті арттыру курсының оқу мақсаттары тұрғысынан өздерінің алға ілгерілеуін қарастырады. Курс барысындағы мұғалімдердің дайындайтын ықшамсабақтары өздерінің оқыту тәжірибесіне «эксперимент» жасау   болмақ, ол рефлексия және талқылау кезеңдерімен ұласады. Пәннің ерекшеліктері қарастырылатын сабақтар кезінде жаңа теория «абстрактілі ұғыну» ұсынылып, ол ықшамсабақтардың келесі сатысында іс жүзінде қолданылады.
Қазақстандық білім беруді модернизациялау міндеттері, оның ішінде білім беру сапасын арттыруда тұлғаның талап-тілегін, сонымен бірге қауымдастық сұранысын ескере отырып, құзыреттілік тәсілді іске асыру қажеттілігі айқындалды. Бүгінде тек белгіленген білімді ғана меңгеріп қою ғана емес, өзіндік даму, өзіндік іске асыру, болашақта жетілдіруде тұлғаға бағытталуы шарт. Қазіргі кезеңде білімділік деңгей өзінің және мақсаттылығын жоғалта бастады. Білім беру парадигмасы: ортақ-білімнен құзыреттіліке ауысуда тәжірибелік-бағытталған оқытуға көшу қажеттілігі туындауда, ал кұзыреттілік тәсіл негізгі және басқа да құзыреттіліктер жиынтығын қалыптастыру көзделеді. Табысты болу үшін оқушыларға білім қандай қажет болса, дағды да сондай қажет. Сондықтан оқушылар ақпаратты есте сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін және әртүрлі салада қолдана білуін талап етеді. Білімді қолдану XXI ғасыр дағдыларымен деп қарастырылатын кең ауқымды құзыреттіліктерді меңгеруге мүмкіндік береді.
Оқушылар табысты оқу үшін мұғалімдер білім беру бағдарламасы, оқыту тәсілдері мен бағалау жүйесін өзара үйлестіруді іске асыру маңызды. Бұл білім беру бағдарламасы мен бағалау моделі белгіленген деңгейде ғана емес, әр сыныпта, әр сабақта қолданылады.
Мұғалімдер өздерінің оқыту қызметі білім беру бағдарламасының іске асырылуына қолдау көрсететініне, ал бағалау тәсілдері оқушыларға қажетті ақпаратты жеткізуге және олардың жетістіктеріне қолдау көрсетуге көмектесетініне сенімді болуы керек. Оқушылар табысты оқуы үшін мұғалімдер бұл үш компонент – білім беру бағдарламасы, оқыту тәсілдері мен бағалау жүйесін өзара үйлесімге басты назар аудару қажет [3].
Жаңартылған оқу бағдарламасының негізгі қағидаты — коммуникативтік тәсіл арқылы оқушының тіл туралы, ұлттық және жаһандық мәдениеттің маңызы туралы түсінігін кеңейте отырып, қазақ тілін табысты үйрету. Әрбір оқушы үшін тіл – негізгі білім құралы. Оқушылардың тілдік қарым-қатынасы өздері өмір сүріп отырған және білім алатын орта арқылы жүзеге асады. Тілді жетік меңгеру ұлттық құндылықтарды түсінетін, әлемдік деңгейде жаңа өзгерістерге бейім, жаңашыл жеке тұлға қалыптастыруға ықпал етеді. Тілді меңгеру арқылы оқушылар алған білімдерін әлемдік мәдениетпен ұштастыра алады, адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіреді. Оқушыларды шығармашылықпен жұмыс істеуге және сын тұрғысынан ойлауға дағдыландыру – қазақ тілін оқытудың негізгі ұстанымдарының бірі.
Сонымен қатар, оқушылардың белсенді жұмысқа тартылуын көздейтін оқыту және оқудың белсенді әдіс-тәсілдері ұсынылған. Қызметтің мұндай түрлері оқушылардан өздері тапқан ақпаратты талдау және түсіндіру үшін зерттеу және жоспарлау дағдыларын қолдануды талап етеді, болашақта өз дағдыларын жақсарту мақсатында басқа нәтижелерді бақылауды және талдауды қажет етеді. Орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілінің белсенді оқу стратегиялары:

  • жаңа лексика мен идеяларды қоса алғанда, драмалық шығармалардағы бейнелер мен мәтіндерді зерделеу және бағалау;
  • мәтіндерді бағалау және өзінің ойын білдіру үшін графикалық органайзерлерді қолдану;
  • мәтіннің сюжетін, құрылымын, лексикасын және сөйлемдердің құрылымын талқылау мақсатында әңгімені бірігіп оқу;
  • ойлануды қажет ететін мәселелерді ортаға салу және талқылау (Aronson, E., & Bridgeman, D, 1979) [4].

Мұғалімдер осы белсенді білім алу стратегияларын не үшін, қайда және қалай, қандай жағдайларда қолданылатыны туралы ойлана отырып, тілдік дағдыларды үйрету барысында пайдалана алады.
Ал енді осы және басқа да оқу үдерісіндегі оқушының іс-әрекеті қалай бағаланады деген сауалға тоқталсақ.
Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау критериалды бағалау негізінде жүзеге асады. Бұл — оқушылардың жоспарланған оқу мақсаттары мен шынайы нәтижелерінің арасындағы сәйкестік деңгейлерін орнату. Критериалды бағалау алдын-ала белгіленген критерийлерге сәйкес оқушының жеке оқуын түзеуге, дағдыларын дамыту деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.
Оқу жылы бойында оқушылардың оқудағы прогресі және үлгерімі туралы деректерді жинау үшін бағалаудың 2 түрі жүргізіледі: 1) қалыптастырушы бағалау; 2) жиынтық бағалау. Қалыптастырушы бағалау оқушы іс-әрекетіне кері байланыс беру, іс-әрекетіне талдау жасау арқылы көрініс табады. Жиынтық бағалау өзара үш түрге бөлінеді: бөлім бойынша, тоқсандық, жылдық жиынтық бағалау [5].
Бағдарламада көрсетілген қазақ тілі пәнін оқытудың мақсаты — оқушылардың тілдік дағдыларын дамыту арқылы ана тілін қадірлейтін, оның қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру, тілдік нормаларды сақтап, дұрыс қолдана білуге, еркін сөйлеуге және сауатты жазуға үйрету. Осы мақсатты тәжірибе іске асыруда жаңартылған білім беру мазмұны бойынша курстан өткен мұғалімдер келесі іс-әрекеттерді жүзеге асырады:

  • оқу мен оқыту тәжірибесіне жаңартылған оқу бағдарламасын, оқу жоспарын, критериалды бағалау басшылығы құжаттарын басшылыққа алады;
  • оқу мен оқытуда пәннің ерекшелігіне сәйкес, педагогикалық тәсілдерді таңдайды, қолданады;
  • оқушылардың тілдік дағдыларын (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) негізгі ала отырып, шиыршық қағидаты бойынша оқудың ілгерлеуін қамтамасыз етеді;
  • оқу мен оқытуда белсенді оқу стратегияларын қолданады;
  • критериалды бағалауды оқыту тәжірибесіне енгізуде жетістік критерийлерін, тапсырмалар, дескрипторлар құрастырады;
  • тілдік дағдылар, оқу мақсаттары және жетістік критерийлерінің өзара тығыз байланыстылығын қамтамасыз етеді;
  • ұзақ мерзімді, орта мерзімді жоспарлар негізінде өзінің қысқа мерзімді сабақ жоспарларын дайындайды;

Жалпы білім беретін орта мектептегі оқушыны жеке тұлға ретінде және оның ұлттық сана-сезімін, өзіндік, дүниетанымын, азаматтық ұстанымын, рухани құндылықтарын қалыптастыруға негіз болатын әлемдегі аса бай, мазмұнды, көркемдік деңгейі жоғары қазақ тілі пәнін оқытуда мұғалімдер оқыту тәжірибесіне  кәсіби ұстанымдарына сәйкес міндеттерді іске асырады.
«Мақсатыңыз қолжетімсіз екеніне көзіңіз жеткен кезде мақсатыңызды емес, әдісіңізді ауыстырыңыз» — деген екен белгілі шығыс ойшылы. Олай болса, білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында қазақ тілін оқытуда белгіленген міндеттер, іс-әрекеттер мұғалімдердің кәсіби дамуына негіз болар еді.
Әдебиеттер:

  1. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы «Әлеуметтік — экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты бағыты», 2012 жыл 27 қаңтар.
  2. Электрондық ресурстар:

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы // http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1600000205

  1. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016.
  2. Мұғалімге арналған нұсқаулық. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016.

5. Оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау. Мұғалімге арналған әдістемелік құрал. ҚР білім және ғылым министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық ғылым академия. «НЗМ» ДББҰ, 2015.