Сайт Өрлеу

ҮШ ТІЛДІ МЕҢГЕРУ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ

ҮШ ТІЛДІ МЕҢГЕРУ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ

Магистр оқытушы Ширчикбаева Д.Е., Темирбаева М.М.
Аймақтық әлеуметтік – инновациялық университеті
 

«Қазақстан әлемде жоғары білімді, халқы үш тілді де: қазақ тілін – мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін – ұлтаралық қатынас тілі ретінде және ағылшын тілін – жаһандық экономикаға нәтижелі өтудің көмекші тілі ретінде еркін меңгерген ел болып танылуы керек».
Н.Ә. Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан»

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғарғы білімді ел ретінде танылуы тиіс. Бұлар: қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деді. Бұл, шынында да, қарқынды дамып келе жатқан ел үшін өзекті мәселе. Қазіргі таңда «Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуда.Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасаудамыз. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктер ашады» — деп көрсетеді Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы «Қазақстан-2050 стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауында. Әлемдік өркениетпен жан-жақты интеграцияға түскен біздің халқымыз үшін ағылшын тілін үйрену ұлтымыз үшін игі мұраттардың бірі болмақ. Бүгінгі таңда өскелең ұрпақ ағылшын тілін үйрену мен оқытудың іс жүзіндегі қажеттілігін сезінуде. Осыған орай халықаралық стандарттарға сай білім алуды мақсат етеді. Ағылшын тілін білу қазіргі кезеңдегі байланыс шекарасының кеңеюіне, өркениет ағынына ілесуге, ақпараттар кеңістігінде еркін байланыс жасауға мүмкіндік береді. Ағылшын тілі қазақ тілінің құнарлылығын, халықтың салт-дәстүрін, мәдениеті мен жетістігін әлемдік кеңістікке жеткізуші көз болып табылады. Мұның бәрін обьективті, геосаяси және әлеуметтік-экономикалық тенденция деп қарастырамыз. Мемлекетіміздің мектеп реформасына енгізген үш тілде оқыту бағдарламасы -жаһандану заманы туғызған қажеттілік. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен енгізіліп жатқан жаңаша іс-шаралар әр азаматтың жан-жақты құзіретті тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. Өркениетті отыз елдің қатарына ену, Назарбаев зияткерлік мектебінде оқу, «Болашақ» бағдарламасымен білім алу, әлемдік интеграцияға ұмтылу — бәрі де үш тілде білім беру арқылы жүзеге асатын келелі мәселелер. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде басқа тілдерді үйретудің, басқа тілдерде білім берудің негізі боп табылады. Себебі, көп ұлтты Қазақстан Республикасында қазақ халқы барлық ұлтты ұйыстырушы ұлт ретінде танылуда. Оның тілі де сол биіктен көріне білу қажет. «Үш тұғырлы тіл» жобасы үш тілді — қазақ, орыс, ағылшын тілдерін Қазақстан азаматтарының бірдей меңгеруін меңзегенімен, бұның түп негізі, көздеген мақсаты-мемлекеттік қазақ тілінің халықаралық қолданыстағы орыс, ағылшын тілдерімен терезесін теңестіріп, әлемдік деңгейге көтеріп,жаһан тілдерімен тең қолданылатын биікке жеткізуді мақсат етеді.
Мемлекеттік тіл бөлінушілікті мақсат тұтпайды, қайта Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдерінің басын біріктіретін бірлік пен ынтымақтастықтың негізгі факторы болып қала береді. Сонымен қатар үш тілді меңгертуде жетекшілік рөл атқарады. Міне «Үштұғырлы тіл» жобасы бойынша мемлекеттік тілдің атқарар қызметі мойнына артқан жүгі осындай болмақ. Орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі ретінде өз тарихи міндетін атқарып келді, атқара береді де. Біздің еліміз ертеден бері Ресей елімен көршілік ынтымақтастықта, тығыз қарым-қатынаста ғұмыр кешіп келеді. Тіпті бүтіндей бір дәуірде тарих беттерінде Кеңестер одағының қол астында, бір жүйеде өмір сүрді. Осы жылдар аралығында көршілес елдің мәдениетімен біте қайнасып, жаңа қазақстандық қоғам құрудың белсенді мүшелеріне айналды. Ұлтаралық қатынастарды реттеуде, қоғамдық татулық пен келісімді тұрақты ұстауда, халықаралық маңызды мәселелерде ортақ шешімге келуде, жаңа инновациялық технологияларды, заманауи көзқарастар мен идеяларды енгізіп, кеңінен таратуда орыс тілінің рөлі айрықша екендігі баршаға мәлім. Тарихи көршілестік барысында орыс тілінің атқарған қызметі орасан зор. Себебі, орыс тілі мәдениеті арқылы қазақ халқы өркениет жолын таңдап алды. Жаңа дәуірде, жаңашыл бастамалар кезеңінде орыс тіліне жүктелер міндет те күрделене түспек. «Үштұғырлы тіл» идеясының үшінші құрамдас бөлігі — ағылшын тілін үйрену.Ағылшын тілін меңгеру дегеніміз — ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу деген сөз. Бұл үш құрамдас бөліктердің негізгі идеясы мынаған саяды: Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Яғни, мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз, ағылшын тілін үйренеміз.
Болашақ — білімділер заманы.Әр қазақстандық үшін орыс және ағылшын тілін оқып үйрену — бәсекеге қабілетті тұлға бейнесін шыңдай түсетін, экономикалық мүмкіндік терімізді арттыратын бірден-бір тетік. Жаһандану дәуірі кезеңінде замана көшіне қалмай, үш тілдің үйлесіміне қол жеткізу арқылы тілімізді, дінімізді, дәстүрімізді, салт-ғұрпымызды сақтап қала аламыз, жаңғырта аламыз. Бүгінгі таңда әр ұстаздың алдына қойып отырған басты мақсаттарының бірі — білімді де, білікті шығармашыл тұлға қалыптастыру. Оқушылардың ақыл-ой қабілеттері мен мінез-құлық сапаларын әлемдік және ұлттық психология негізінде дамыту. Орыс, ағылшын тілдерін мектепте оқытудың негізгі мақсаты — оқушының бұл тілдерді қатынас құралы ретінде пайдалана алу қабілеттерін дамытуда, өздерінің төл мәдениетін, тілін оқып, үйреніп отырған елдің тілімен, мәдениетімен салыстыра алуда, тілдердің ортақ белгілері мен ерекшеліктерін ажырата білуде жатыр. Бүгінгі таңда еліміздің мектептерінде үш тілді оқытудың маңызы арта түсумен қатар, оның бағыттары да кеңеюде. Жалпы үш тілді оқытудағы басты міндет оқушының тілдік қарым-қатынас жасай алу қабілетін, біліктілігін жетілдіру болып табылады. Сондықтан, көптілді білім берудің басты мақсаты әлем бірлестігінің жағдайында бәсекеге түсе алатын көптілді тұлғаны дамыту.
Көптілді білім берудің басты мақсаты әр оқушының жеке қабілеттерін көптілді дамытуды қамтамасыздандыратын жағдай жасау. Әртүрлі деңгейдегі мәселелерді шешуге бағытталған оқушылардың жобалары. Көптілді меңгерген, өзін-өзі әлеуметтік және кәсіби билеуге, өздігінен дамуға, өздігінен жетілуге қабілетті тұлға. Бүгінде елімізде ағылшын тілді мамандарды даярлау ісіне ерекше мән берілуде. Алайда, бізде қазақ және орыс тілдерін игеру сияқты ағылшын тілін үйрену, сондай-ақ осы тілде сабақ беруде көптеген кемшіліктер бар. Оның салдарын барлығымыз сезініп отырмыз. Көптілді білім беру жүйесі аясында білім саласындағы оқу-әдістемелік құралдар қайта қарастырылады. Себебі, осы саладағы ағылшын тілін оқыту жұмысы әлемдік талапқа сай емес. Осыған байланысты келешекте осы мәселені шешу үшін нақты іс-шаралар өткізілу керек. Сондықтан, жоғары білім беруді жаңартудың негізгі құжаттарында ең негізгі мақсат білікті маман даярлау деп көрсетілген болатын. Ол жауапкершілігі мол, өз мамандығы бойынша халықаралық стандарт деңгейінде тиімді іс-әрекетке қабілетті болуы, кәсіби деңгейінің өсуіне ынталы болуы, әлеуметтік және кәсіби бейімділігі жоғары, үш тілді: мемлекеттік тілді-қазақ тілін, ұлтаралық қатынас құралы ретінде орыс тілін, дүниежүзілік экономикалық кеңістікке кірігу тілі ретінде ағылшын тілін еркін меңгерген тұлға болуы тиіс. Бұл міндетті шешудің маңыздылығы Қазақстанның жаhандану жағдайында ұлттық білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ұмтылысымен анықталады. Оның жүзеге асырылуына Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобасы септігін тигізді деп айтар едім. Қазақстандықтардың үш тілді еркін меңгеруі туралы идеяны тәжірибе жүзінде іске асыру бүгінде отандық мектептен маманның шығармашылық өзін-өзі жетілдіру саласын дамытуға, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық саласында қызмет етуін қамтамасыз етуге, оның ұлтаралық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығыйту факторы ретіндегі рөлін арттыруға, орыс тілінің лингвистік белсенділігін сақтауға және ағылшын тілін ғылыми ақпарат пен жаhандану экономикасына сәтті кірігу тілі ретінде енгізу бағытталған көптілді білім беруді енгізуді талап етеді. Бұл мәселенің бүгінде мемлекеттік деңгейде талқыланып, білім реформалары аясында қарастырылып отырғандығы қуантады.Қазіргі таңда оқушыларға компьютермен, интернетпен,,интербелсенді тақтамен сабақ өткізу толығымен жолға қойылып отыр. Көптеген мұғалімдер осы уақытқа дейін техникалық құралдармен сабақ өтіп, оның қаншалықты тиімді екенін дәлелдеді.Компьютермен сабақ өткізу арқылы оның қолданылуын үйрене отырып телесабақтарды тың, жаңа деңгейде өткізуге, оқытушы мен оқушының қарым-қатынасының педагогикалық және методикалық тұрғыдан сараланып алынған алуан түрлі қызмет түрлерінің қолданылуы жүзеге асады. Компьютерді қолдану барысында өздерін қызықтыратын әр түрлі мәселелерді шешуге болады және талқылайды. Компьютермен бала жазады,оқиды,түрлі тестер орындайды. Техникалық құралдарды пайдаланудың ең тиімді жағы уақытты ұтасың, дәл, тиянақты оқу-материалдарын алдын-ала дайындап, оқушыға беріп отырсаң өзінен-өзі жасауға тырысады, қызығады, жасамай,үлгермей отырған оқушы болмайды, себебі оның алдында бәрі дайын тұр. Соңғы кезде уақыт көрсетіп отырғандай, мұғаліммен салыстырғанда оқушыда көп ақпарат болатыны кейінгі көрсетілген тәжірибелер дәлелдеп отыр. Сондықтан әрбір мұғалім өз қызметіне ақпараттық технологияны пайдалана білуі кажет. Бұл мәселе білім беруді ақпаратттындырудың қажетті шартына айналып отыр. Қазіргі кезде адамның кәсіби шеберлігіне, білім өрісіне, зиялылық және танымдылық деңгейіне өмірдің өзі биік талаптар қойып отыр.
Халқымыз ежелден тіл абыройын биік көтеріп, әдетте тіл жөнінде, тіл -адамдар ара қарым-қатынас жасау құралы деп, оған жай-жағдай анықтама берілгенімен, іс жүзінде тіл тек адамдар ара қарым-қатынас жасау құралы ғана болып қалмастан, қайта онан да маңыздысы, ол белгілі бір ұлттың ұлттық сана-сезімі, халықтың халықтық қасиеті, оның жалпы тарихы, әдет-ғұрпы, мәдениеті қатарлыларды тұтастай өз бойына қамтып жататын күрделі ұғым. Сондықтан, тіл мейлі қайсы ұлттың болмасын тарихы мен тағдырының, тәрбиесі мен тағылымының, бүкіл халықтық болмысының баға жетпес асылы, сарқылмас құнды қазынасы, ұлт рухының ұйтқысы болып келген.
Бүгінгі таңда елімізде «Көптілділік» мәселесі көкейкесті мәселелердің бірі болып саналады. Елбасымыз сол үшін де тілдердің үштұғырлылығын міндеттеп отыр.
Көптілділік мәселесі – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған көкейтесті мәселелердің бірі, себебі, жаһандандыру және киберкеңестікке шыққан заман тілдерді білуді талап етеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының 12 сессиясында:  «Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде үш тілді білулері тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерулері қажет»-деп, Еуропадағы мектеп түлектері мен студенттерінің өзара бірнеше тілде еркін сөйлесулері қалыпты жағдайға айналғандығын атап өтті. Кем дегенде үш тілді меңгеру-заман талабына айналып отырған қажеттіліктердің бірі.
Қазіргі таңда Қазақстан қоғамының әлеуметтік-экономикалық, рухани қалыптасуының жаңа міндеттерін іс жүзінде асыруға дайын жас ұрпақты тәрбиелеудің негізгі факторларының бірі- мектепте көптілді білім беруді жолға қою болып табылады.
Бұл халықаралық тұрғыда бағытталған тұлғаны тәрбиелеуде тікелей құрал болып есептеледі, яғни өзін өркениетті және тарихи субъект ретінде тани алатын, даму кезінде өз елінің және адамзат тарихын қабылдай алатын, өзі үшін, халқы үшін, мемелекеті үшін, адамзат болашағы үшін жауапкершілік жүгін сезінетін, өзара тәуелділік пен әлем бүтіндігіне, адамзат өркениетінің ғаламдық мәселелерін шешуде мәдениаралық қатынастың қажеттілігін жете түсінетін, адамның азаматтық құқықтарын (мәдениет және тілдік құқықтарын қоса) мойындайтын және саяси бостандыққа ұмтылатын, қоғамдағы гуманизм идеалын жасау үшін басқа адамдармен, қозғалыстармен, қоғамдық институттармен қызмет атқаруға дайындығы мен қабілеттілігін көрсете білетін және де қоғам, адам және табиғат арасындағы ынтымақтастықты қалыптастыратын ұқыпты да тиянақты, білікті маман мен адамды дайындау осы заман оқытушылары мен ұстаздардың алдында қойылатын үлкен заман талабы деп білуіміз керек.
Көптілді білім — көп мәдениетті тұлғаны қалыптастырудың өзегі. Бүгінгі таңда көп тілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Үш тілде оқыту – заман талабы десек, оның негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Қазақ тілі мемлекеттік тіл, ал орыс тілі мен шетел тілдерінің бірін білу тұлғаның ой — өрісін кеңейтеді, оның «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға болып дамуына жол ашады, ұлтаралық қатынас мәдениетін, толлеранттілігін және планетарлық ойлауының қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Маманға шет тілін меңгеру кез — келген шетелдік ортада өзін еркін ұстап, жаңа кәсіптік ақпараттар легіне немесе жалпы ақпараттық ғаламшарға бейімделу мүмкіндігіне ие болады. Әр адамның түрлі әлеуметтік қызметтерінде жеткен жетістіктерінің нәтижелері түрлі болмақ, сол себептен шетел тілін оқытудың мақсаты тек нақты білім іскерліктерін біліп қана қоймай, сондай тілдік тұлғаны қалыптастыру болып табылады, оған шет тілі «өмір заңдылықтарында» және «нақты жағдаяттарда қарым-қатынас жасай алу үшін» қажет болмақ.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің жылдағы дәстүрлі Жолдауында «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдету тиістігіне ерекше мән береді. Сонымен қатар бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқытудың сапасын арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударады. Сондықтан, қазақ тілін тереңдетіп оқыту, сонымен қатар көптілділікті меңгеруді жолға қою- бүгінгі таңдағы орта білім жүйесінде педагогикалық үрдістің негізгі бағыттарының бірі. Әлемдік білім беру іс- тәжірибесінде көптілді және билингвалды білім беру жаңалық емес. Қазақстандық білім беру жүйесінде көптілді және билингвалды білім берудің халықаралық іс-тәжірибесінде қолданыс тапқан моделдерін енгізу- жаңа педагогикалық проблема, өйткені ол жаңа жағдайларда шығармашылық тұрғыдан іске асырылуы тиіс.
Өзекті мәселелерді жүзеге асыру үшін басты мақсатымызды анықтап алдық. Ол — Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім стандарттары талаптары деңгейінде үш тілде білім меңгерген, көптілді коммуникативтік құзырлылықтары қалыптасқан, көп мәдениетті, рухани-адамгершілік қасиеттері дамыған тұлғаны тәрбиелеу.
«Тілі бірдің-тілегі бір», «Тіл тағдыры-ел тағдыры»екендігін жадымызда ұстай отырып, ел бірлігінің негізі- тіл бірлігіне қол жеткізу жолында қызмет ету парыз. Ендеше жас ұрпақтың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін, өзге тілдерді оқып білуге деген қызығулары мен ұмтылыстарын арттыру арқылы олардың Отанға деген махаббаттарын оятып, өз тағдырын ел тағдырымен мәңгілікке байланыстыратын ұрпақ болып қалыптасуына қол жеткізу- басты міндетіміз.
Қорыта айтатын болсақ, көптілді білім беру бағдарламасы аясында үштілді меңгеру тәжірибесін жинақтап, әлемдік деңгейде көтерілуіміз керек. Бұл оқушылардың халықаралық жобаларға қатысуын кеңейту, шетелдік әріптестермен ғылыми байланыстарын нығайтуға, шетел тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Елдің ертеңі өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтарын өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік озық ой-пікірімен ұштастырған сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

    1. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, 2012 ж.

2.Пассов Е.И. Коммуникативный метод обучения иноязычному говорению,М.: Просвещение, 1991 г.
Қ.Р «Білім туралы» Заңы
ҚР «Тілдер туралы»Заңы
12 жылдық білім. ғылыми-әдістемелік, ақпараттық-сараптамалық журнал, №3 2008ж.
12 жылдық көшуге арналған білімді дамыту бағдарламасы.
Мектептегі шет тілі. Республикалық әдістемелік-педагогикалық журнал. №4 (22), 2006ж.
Мектептегі шет тілі. Республикалық әдістемелік-педагогикалық журнал. №2(44), 2010ж.

2 комментариве к “ҮШ ТІЛДІ МЕҢГЕРУ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ

  1. Уведомления: Внедрение трехъязычного образования в рамках обновления содержания среднего образования: состояние и перспективы | Сайт ӨРЛЕУ

  2. Асанова Гулзат Сейтмуратовна

    Қазіргі жаһандану заманының талабына сай тұлға болып қалыптасу мемлекетіміздің кез келген азаматының алдына қоюға тиісті мақсаты болса керек. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халқына жолдауларында үш тілдің қажеттілігі айқын көрсетіліп, жобаны бірден емес, кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажеттілігі айтылған болатын.
    Мақала авторлары үш тілдің қажеттілігіне аса мән беріп, маңыздылығына жан-жақты тоқталған.
    Өскелең ұрпағымыз үшін кезек күттірмес өзекті мәселе екендігін баса айтқан.