Сайт Өрлеу

БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕ ПӘНДЕРДІ КІРІКТІРЕ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ПАЙДАЛАНУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕ ПӘНДЕРДІ КІРІКТІРЕ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ПАЙДАЛАНУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Асанова Гулзат Сейтмуратовна, аға оқытушы
Конысбаева Карлыгаш Альхановна, магистр оқытушы
Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті
Шымкент қаласы

Бүгінде барша ұстаздар қауымы қасиетті де киелі міндетін атқара отырып, білім беру ісін одан әрі жандандыру, бәсекелестікке қабілетті, жаһандану үрдісіне бейімделген үш  тілді меңгерген мәдениетті, білімдар жеке тұлғаны қалыптастыруда озық, жаңғыртылған заманауи әдістемелік жүйені меңгеру, әлемдік білім беру кеңістігіндегі ел дамуына оңтайлы ізгі қадамдарды жасау сияқты жаңа талаптарға сәйкес іс-шараларды жүзеге асыруға түбегейлі бет бұрып отыр. Білім беру ісін сапаға жетелейтін, оны жеткілікті деңгейде меңгеруге ықпал ететін, қадағалайтын түрлі тетіктер жеткілікті.
Заман талаптарына сай білім беру жүйесі жетіліп, жаңа қырларынан жан-жақты көрініс беріп, білім берудің мазмұны да күн өткен сайын жаңартылып әрі күрделеніп келеді. Бұл жаңашыл көзқарас білім беру мазмұнын толықтырып, білім беру жүйесін қазіргі заман талабына сай дамыта оқытуды ұйымдастырудың түрлі әдіс-тәсілдерін түрлендіре алып отыруды қажет етеді. Бәсекелестікке қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі де бірегейі жаңашыл көзқарасқа бағытталған үштілділікке оқыту болып  отыр.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2006 жылдың қазанында Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны жария еткен болатын. Ал 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Бұлар — қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс.” — деп әлемдік кеңістікке енуде ағылшын тілінің маңызы зор екендігін атап көрсетіп, “Тілдердің үштұғырлылығы” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыру қажет екендігін баса айтқан болатын [1].
Міне, үштілділікті насихаттау, іске асыру жұмыстары да кезең-кезеңімен қолға алынбақ тұрмақ, қарқындап дамып келеді. Мектепке дейінгі ұйымдарда болсын, мектеп, гимназия, лицейлерде болсын, Жоғарғы оқы орындарында болсын, тілдерді оқыту мәселесі бойынша бірінші орында – үш тілді меңгерту мәселесі тұр десек қателеспейміз.
2011 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың
Қазақстан халқына Жолдауында ««Өмір бойы білім алу» әрбір қа­зақ­стандықтың жеке кредосына айналуы тиіс» — деп көрсетуіне байланысты білім саласының барлық деңгейінің мамандары кезең-кезеңімен біліктілігін арттыру, жаңа инновациялық технологияларды меңгеру курстарына жіберіліп келеді [2].
«Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығында, Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде, НЗМ-терінде республикамыздың түкпір-түкпірінен ұстаздар қауымы лек-легімен келіп, білімдерін жетілдіруде.
Курстарда бәсекелестікке қабілетті дүниетанымы кең, құзіретті маман, білікті педагог кадрларды дайындау барысында кәсіпкерлік дағдыларын дамытып отыруда жаңашыл инновациялық әдістерді түрлендіре алып отырады.
Міне, жедел қарқынмен жүріп жатқан біліктілік арттыру курстарында көптеген инновациялық әдіс-тәсілдер алынып, тәжірибеге енгізілуге ықпалын тигізіп жатса, сондай жаңашыл әдістердің бірі ретінде – кіріктіре білім беруді — үштілділікке оқытуды жүзеге асырудың тиімді әдісі ретінде алып қарастырсақ болады.
       Кіріктіріп оқыту (CLIL) дегенде ең алдымен сабақтарда пәнаралық байланыстарды қалыптастыруды қарастыру маңызды екені ескеріледі, яғни CLIL технологиясы шетел тілін басқа пәндерді оқытудың қажетті құралы ретінде қарастырылады. Егер дәстүрлі сабақ оқушыларды біліммен қаруландыруға және негізінен түсіндіру-көрнекілік жұмыстарын жүргізу арқылы құрылатын жалпы білім беру міндеттерін шешуге бағытталған болса, ал кіріктірілген сабақтар оқытудың түрлі әдістерінің және құралдарының үйлесуі негізінде құрылып, сонымен қатар ғылыми-жаратылыстану бағыты пәндері мен ағылшын тілі пәнінің көптеген міндеттерін шешуге ықпал етеді. Кіріктіру барысында түсіндіру-көрнекілік, іздеу, зерттеу әдістері, пікірталас, білімнің түрлі дереккөздері, теледидар бағдарламалары, кино үзінділері, мультимедиа курстары, интернет-технологиялары, оқыту мен бақылаудың басқада техникалық құралдары қолданылады. Сонымен қатар жеке, топтық, жұптық, ұжымдық жұмыс түрлері кеңінен қолданылады. Бұндай сабақтарда танымдық міндеттер жүзеге асырылып, оқушылардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға көп мүмкіндік беріліп, жағдай жасалады [3].
Тіл мен пәнді кіріктіріп оқытудың тағы бір ұтымды тұсы — тілдік іс-әрекеттің төрт түрін де
(тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) меңгеруге бағытталған. Ғылыми-жаратылыстану бағытындағы пәндерді оқыту контексінде Қазақстандағы мақсатты тіл – ағалшын тілі болып саналатынын ескере келсек, кіріктіріп оқытуда негізгі орынды  ағылшын тілі сабақтары алады, яғни қандай пәндерді болмасын кіріктіре оқыту барысында ағылшын тілі маңызды болып саналады. Тілді үйрену кез келген пән саласы арқылы жүргізіледі деген ұғымды ескерсек, CLIL шетел тілі сабағы емес, шетел тілінде өтетін пән сабағы, яғни кәсіби бағытталған шетел тілі/ ағылшын тілі.
Жалпы, тіл мен пәнді үйлестіре отырып, пәнаралық байланысты жүзеге асырып оқыту когнитивтік дамуды жүзеге асыруға көп жағдай жасайды. Ал үйренушінің білімді меңгеруге ұмтылудың алғашқы қадамы танымдық қабылетін қалыптастырудан бастау алады.
Оқыту үрдісіне кіріктіре оқытуды енгізу — ең алдымен, оқушының сабақ үстінде дамуы мен оның психологиялық жағдайын ескере отырып, оқытуды нығайту мүмкіншіліктеріне бағытталған. Ағылшын тілін жаратылыстану бағытындағы пәндермен кіріктіріп оқыту арқылы оқушыларды білім алуға қызығушылықтарын арттыруға, оларды  ғылыми тіл дағдыларын дамытуға, терминдерді ана тілінде ғана емес, ағылшын тіліндегі баламасын қолдануға және олардың ағылшын тілінде сауатты түрде «Үштілділік» ұлттық жоба аясында білімін дамытуға болады.
Сонымен бұл әдіс оқушылардың тіларалық қарым-қатынас қажеттілігі мен мүмкіндіктерін ана тілінде ойлануларына жағдай жасап қана қоймай, бір мезгілде екі пәнді бірдей оқытуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Ағылшын тілін жаратылыстану бағыты пәндерімен  кіріктіріп оқыту барысында қолданылатын жұмыс түрлерін атап көрсетер болсақ, олар:

  1. «Психологиялық атмосфера» қалыптастыру — Кез келген сабақта, үйренушілердің жаңа тақырыпты меңгеріп, сабақта белсенділік танытып отыруларына оңды ықпал ететін жағдай – олардың көңіл-күйлеріне позитивті әсер етіп, ынталарын арттыратын жаттығу түрлерін алу. Сол себепті мысалы «Қоршаған орта. Экология мәселелері» тақырыбын алатын болсақ, соған қатысты жаңылтпаш немесе ойын түрлерін алса болады:

Deary dolphins dive deep,
Up and down when they leap…
Сүп-сүйкімді дельфиндер, Суға терең сүңгиді…
A man of words and not of deeds like a garden full of weeds.
Сөзі көп, тындырар ісі жоқ адам
Ұқсайды бақша толы шөпке арам…
Сондай-ак, құстардың салған дыбыстарын әуенге қосып тыңдату; бір-біріне жақсы тілек айтып бастау; міне, осындай елеусіз ғана жаттығу түрлері оқушыларға жағымды әсер етері сөзсіз.

  1. «Миға шабуыл» тәсілі арқылы логикалық жұмыс түрлерін жаңа тақырыпқа кіріспе барысында да, пысықтау жұмыстарын жүргізу кезінде де алып отырған үйренушінің танымдық қабілетін арттыруға көмегі тиері даусыз.
  2. Жеке немесе топтық жоба арқылы студенттердің бір-бірімен тілдесуін дамыту бойынша жаттығулар орындау;
  3. Жаңа мәтіндермен жұмыстар жасау;
  4. Түрлі жарыс түрлерін ұйымдастырып отыру

бәсекелестікке қабілеттілікке баулудың, құзіреттіліктерін қалыптастыруға алып баратын жаттығулардың оңтайлы түрі.

  1. Қолданылатын мәлімет көлемін түрлендіріп, арттырып отыру оқушылардың қызығушылықтарын арттырумен қатар, олардың дүниетанымын кеңейтіп, тіпті жаңа әдіс-тәсілдердің пайда болуына да апарып соқтыруы мүмкін.
  2. Слайдтар қолдану – пәнді шетел тілінде үйрету барысында, түрлі суреттер қолдану арқылы алынып жатқан жаңа сөздер мен сөз тіркестерінің қазақ тіліндегі баламасын оп-оңай табуға болады. Бұл ағылшын тілі мен жаратылыстану пәндер мазмұнының түйісу шегін анықтауға мүмкіндік береді.
  3. Тақырыпқа байланысты түрлі терминдерді меңгеруге дағдыландыру үйренушілердің сөздік қорын байытып қана қоймай, сонымен қатар білім берушінің алдына қойған мақсатына жетуіне оңды ықпал етеді.

Ағылшын тілін кіріктіре оқыту әдісі арқылы үйренудің және үйретудің басты артықшылығы, тілді тіларалық және мәдениетаралық қарым-қатынас құралы ретінде ғана емес, кәсіби бағытталған тіл ретінде меңгеруде маңызы зор болып отыр.
Бұл  оқушылардың немесе студенттердің  халықаралық  жобаларға  қатысуын қалыптастырып, кеңейтуге, шетелдік əріптестермен  ғылыми  байланыстар жасап, оларды  нығайтуға, шетел  тілдеріндегі  ақпарат көздеріне  қол  жеткізіп қана қоймай, оларды еркін пайдалана алатындай жағдайға қол жеткізулеріне мүмкіндік  береді.
Қорыта айтқанда, білім беру мазмұнын жаңарту негіздерінің бірі, үштілді білім беруде заманауи CLIL әдісін белсенді қолдану өте тиімді және жақсы нәтиже берері сөзсіз.
Пайдаланылған əдебиеттер:

  1. Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан. – Астана, 2007 ж.
  2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 28 қаңтар 2011 ж.
  3. Мирсеитова С.С. «Оқыту ізденіс ретінде/ Ізденіс оқыту ретінде» Қарағанды. — 2012 ж.

Резюме:
В статье рассматриваются возможности интеграции  биологии и английского языка  в учебном процессе.
 
Resume:
The article deals with the possibilities of  integration of biology and the English language in the educational process.

2 комментариве к “БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕ ПӘНДЕРДІ КІРІКТІРЕ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ПАЙДАЛАНУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

  1. Уведомления: Применение методики CLIL в преподавании естественно-научных дисциплин на английском языке | Сайт ӨРЛЕУ

  2. Temirbayeva Moldir

    Білім беру жүйесінде пәндерді кіріктіре оқыту технологиясын пайдалану — заман талабы екендігіне ешкімнің күмәні болмаса керек. Бұндай жаңа, инновациялық әдісті қолдана сабақ өту үш тілді меңгеру бағдарламасын жүзеге асыру сатыларының бірі ретінде түсінуге де болады. Авторлар өз мақаласында осы мәселені қарастырып, түрлі жаттығулар ұсынып, оқушы немесе студентке кіріктіре сабақ өту пәнді меңгеріп қана қоймай, тілді де сауатты меңгерулеріне мүмкіншілік беретінін баса айтып көрсеткен.