Сайт Өрлеу

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ МАМАНДАР ДАЯРЛАУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ МАМАНДАР ДАЯРЛАУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Н.Т. Барысова
Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік
Педагогикалық Университеті, Шымкент қ-сы
                       

Қазіргі білім беру жүйесінде көптілділікті оқыту мен дамытуда Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы, «Білім беруді дамытудың 2011-20 жылдарға арналған жоспары», «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасы, «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекетті бағдарламасы» басшылыққа алынуда. Сондай-ақ, «Оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық жоспарында» көрсетілгендей, біліктілікті арттырудың жүйесінде көптілді білім беруді дамытудың нақты бағыттары айқындалып, іргелі істер атқарылуда.
Бүгінгі таңда полимәдениетті тәрбие беру – жалпы білім берудің маңызды құрылымына айналды. “Баланы – жастан”,- дейді халқымыз, көптілділік іргетасы ана тілден бастау алуы тиіс. Біліктілікті арттыруда билингвиалды компонент арқылы оқыту әдісі кең көлемде ұсынылу керек.
Бүгінгі біліктілікті арттыру мазмұнында көптілді білім беруде бірнеше тілді қатар оқу арқылы арнайы білім жетілдіру, әртүрлі елдер мен ұлттардың тарихи-мәдени және әлеуметтік тәжірибелерін меңгеру және жаңа педагогикалық технологияларды қолдану үдерісі кешенді қамтылу керек.
Оқытушылардың кәсіптік құзыреттілігі мен педагогикалық шеберлігінің деңгейі, олардың кәсібилігін пәндік тұрғыдан, сондай-ақ педагогикалық салада арттыру формалары мен әдістері жоғары мектепті модернизациялауды орталық проблемасы ретінде қарастырылады. Инновациялық стратегияларды енгізу мекеменің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге қабілетті құзыретті көптілді педагогикалық ресурстарға деген сұранысты арттыруға негізделген.
Бүгінгі таңда жоғары мектеп оқытушысына қойылатын талаптар артып қана қойған жоқ, түбегейлі өзгерді. Білім беруді модернизациялаудың объективті қажеттілігі мен оқытушы кадрлардың жағдай арасында, сондай-ақ оқытушыларды жаңа сапалы деңгейде даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру мен жоғары мектепте бұл даярлықтың бұрынғы жүйесі арасында қарама-қайшылық туындады. Шығармашылық және дамыған практикалық қызметті талап ететін объективті шарттары жоғары мектеп оқытушысына студенттерді кәсіби, диентологиялық, адамгершілік тәрбие берудің, оларда кәсіптік құзыреттілікті қалыптастырудың, ойлау мен тұлғалық сапаларды дамытудың жаңа формаларын табу жауапкершілігін жүктейді. Педагогтың қызметі оқу-тәрбие, оқу- әдістемелік, ұйымдастыру-басқарушылық қызмет түрлерінен құрылады, болашақ мамандарға нақты машықтарды берумен толықтырылады. Осы мәселелерді шешу процесінде адамның кәсіби қызметке деген дайындығы қалыптасады. Білімді реформалау мен модернизациялау, оны ізгілендіру, гуманитаризация және тұлғалық бағыттылық, сапаны тұрақты арттыру оқытушылардың жоғары кәсіби біліктілігін, жұмысқа, оқытатын пәніне кәсіби тұрғыдан қарауды қажет етеді және осы білім беру бағдарламасының өзектілігіне негізделеді.
Педагог білікті маман, өз ісінің шебері болуы керек. Яғни педагог шебер болу үшін: өзінің мүмкіндіктерін жаңа формация мұғалімі ретінде объективті бағалай алуы керек, кәсіби мамандығына қажетті қабілеттерді меңгеруі тиіс, шетел тілін меңгеруі тиіс,  жалпы мәдениетті, интеллектуалды іс-әрекетті, мінез-құлық, қарым-қатынас мәдениетін меңгеруі тиіс, өтіп жатқан интеграциялық процестерге, әлемдік білім беру кеңістігі қарқынына бағыттала алуы тиіс.
Педагог әрқашанда өзін қоғам талабына сай үздіксіз тәрбиелеп отыратын, адамдармен, әсіресе, студенттермен қарым-қатынасқа тез түсе білетін, ұйымдастырушылық қабілеті бар, өз пәнін жетік білетін әрі уағыздаушы, таланты мен тәжірибесі тоғысқан, өзінің қоғамындағы саяси өмірге белсенді араласып, өз елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі негізінде студенттерге үлгі болуы керек.
Қазіргі кезде ғылым мен техниканың даму деңгейі әрбір адамға сапалы және терең білімнің, көптілді меңгерген іскер болуынталап етеді. Шебер ұстаз дегенді шығармашыл ұстаз деп те айтар едім. Шығармашыл ұстаз күнделікті әрбір сабағын түрлендіріп өткізуге тырысады. Студенттің білімін көтерудің ең басты шарты-оның пәнге деген қызығушылығын арттыру. Пәнге деген қызығушылығы болса ғана, студент оған көңіл қойып тыңдап, тереңдете оқып үйрене бастайды. Пәнге қызыққан студенттің білім сапасының жоғары болатыны белгілі. Шебер мұғалім үнемі студенттің ойлау белсенділігін арттырып, білімге қызығушылығын тудырғанда ғана ұстаз мақсатына жетеді.
Сабақты тартымды, қызықты етіп өткізу — мұғалімнің шеберлігі, білімділігі, таланты. Егер, оқытушы сабақта бір тақырыпты оқытуда студенттерді ойландыруға, ізденуге, тәжірибе жасап, істеген жұмысын қорытылындай білуге, сөйлеу мәдениетін дамытуға, полимәдениетті тәрбие берсе,  ғылыми тілде сөйлей білуге назар аударса, келесі бір сабақтың тұрмыс, салт- сана көрінісіне, кәзіргі жеткіншек жете білмейтін ұғым- түсінігін бүгінгі өмір салтына жинастыра көңіл аударса, сол арқылы танымдық мақсат қояды. Сөйте отырып, ұлттық дәстүрді қадірлей білуге, адамгершілікке, ізгіліктілікке, ұлттық тәлім- тәрбие беруге назар аударылады. Сабақ үрдісінде студенттер өзіне- өзі баға беруге, әлсіз жақтарын сын көзбен қарауға өзінің жетістігін жете білуге, өзбетімен іздене білуге дағдылары қалыптасады. Студенттер арасында ынтымақтастық, сенім ахуалы қалыптасып, өзара силастық орнайды. Міне, осыларды педагогикалық шеберлікті аша түсудің тағы бір қыры деп есептейміз.
Оқытушыға қойылатын талап – жауапкершілік, жүктелген үлкен міндет, абыройлы істің сан қырлылығы одан жан – жақты терең біліктілікті, аса педагогикалық шеберлікті, өте нәзік психологиялық қабілеттілікті талап етеді.
Оқытушының бір ғана сыры – оның мамандығы. Бұл дүниеде теңдесі жоқ мамандық тек оқытушыға ғана лайық. Сондықтан ұстаз адам – кәсіби мамандығына құштар, оны жан – тәнімен сүйетін, барлық өмірін соған арнауы тиіс. Олай болса мұғалім еңбегінің сан қырлылығы осыдан өрбиді.
1/ Оқытушы адамның өз пәнін терең меңгеруі оның ең алғашқы қыры.
2/Кәсіби шеберлілігін үздіксіз ұштай, шыңдай түсуі екінші қыры болмақ.
3/ Оқытушының  көп тілді меңгеруі – тіл шеберлігі. Сөзді жетесіне жеткізе сөйлей білудің өзі – өнер. Себебі, тіл – тәрбие құралы.
4/ Байқағыштық сезімі – көрегендігі.
5/ Әр жүректі білім шұғыласымен нұрландырудың ең тиімді, ең төте жолын таба білетін жасампаздығы.
6/ Жан – жақты дарындылығы.
7/ Үздіксіз, тынымсыз ізденімпаздығы.
8/ Үлгі-өнегесі, оқытушы мәдениеті немесе педагогикалық әдеп – этикасы деуге болар еді. Себебі, педагогтың келбеті – сыртқы мәдениеті, қарым-қатынасы, өзін-өзі басқаруы, бақылауы, сөйлеу мәдениеті, үздіксіз жаңарып, өзгеріп, үнемі жаңа сипатқа ие болып отыруы мұғалімдік мамандықтың ең басты этикалық сапалық белгісі.
Мұғалім – Ұстаз тұлғасы, оның іс-әрекетінің сан – қырлылығынан ұстаз беделі деген ұғым туындайды. Оқытушының беделді болуының алғы шарттары: бірінші: студентке үлгілі болуы, және үлгі көрсетуші болуы керек.
Шебер педагог көзі қырақты, құлағы сергек, көкірегі ояу, білім беру саласында атқарылып жатқан игі істердің куәсі болуы керек. Сонымен бірге жаныңды шуаққа бөлеп, үлкен үмітке жетелеуші- білім беру саласы мұғалімдік мамандықтың сыры мен қырын шебер меңгерген, сол кәсіптің ыстығы мен суығын өзі де басынан кешірген адам нағыз ұстаздар, шынайы бапкерлер осындай қасиеті бар жандардан шығады. Сыпайы әдебімен, тұнық мінезімен, терең білімділігімен көпке жақын адам.
Егемендік алғаннан кейін әр республика жоғары кәсіптік білім беруді дамытудың тұжырымдамасын жасау қажет болды. Қазақстан Республикасы Лиссабон Конвенциясының ұстанымдары мен критерийлеріне сәйкес өзінің тұжырымдамасын анықтады. Тұжырымдаманың негізі Халықаралық білім берудің біліктілік стандартының ұсыныстарына сүйенді. Жоғары кәсіптік білімді дамытудың қабылданған тұжырымдамасына сәйкес бакалавриат, магистратура стандарттары жасалды. Оларда алғаш рет «маман моделі» термині қолданылып, түйінді құзыретіліктеріне және кәсіби құзыреттілігіне қойылатын талаптар» белгіленген.
Педагогикада модельдеу мынадай жағдайларда қолданылатынын байқадық:
а) педагогикалық міндеттерді және педагогикалық жағдаяттарды моделдеу; б) оқыту, тәрбие, үйренушілерді дамыту үдерісін моделдеу; в) білім беру мекемелерін басқару жүйесі жағдайын моделдеу.
Кәсіби–педагогикалық мақсат пен міндеттердің мазмұны мен нормативтік көлемі педагогикалық жоғары оқу орнындағы дайындыққа қойылатын талаптар мен жоғары оқу орнынан кейінгі қызмет деңгейіне байланысты анықталады. Педагогтың дайындығы пән бойынша алатын  білім, білік, дағдыдан, арнайы қабілет пен жеке бас сапасын (интеллектіні, мінез–құлық, темперамент, психика) дамытудан, жалпы білімділік пен икемділік (бейімделу мүмкіндіктері, қарым–қатынас сапалары), сонымен қатар оқушының болашақ педагогикалық мамандыққа оқуға, педагогтік кәсіби қызметке деген көзқарасынан, қызығушылығы мен ынтасынан тұрады.
Ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, қоғамның және студенттердің жеке ынтасы мен қызығушылығының үйлесімі мұғалімді кәсіби дайындаудың төмендегідей мақсаттары мен міндеттерін айқындайтынын байқадық:

  1. Кәсіби маман дайындауда жоғары пәндік, педагогикалық, дидактикалық және әдістемелік деңгейге жетудің критерийлері:
  • оқылатын пәндерге байланысты базалық білім деңгейінің болуы (кәсіби деңгей);
  • мамандыққа байланысты арнайы пәндерден академиялық білім деңгейінің болуы (іргелі білім деңгейі);
  • оқылатын әр пәнді оқытуға қызығушылығының болуы (танымдық қызығушылық);
  • әдістемелік және технологиялық біліктерінің базалық деңгейі.
  1. Педагогикалық үдеріс барысында сынып мұғалімінің ұстаздық мамандыққа бейім тұлғасын қалыптастыру:
  • бейімделу мүмкіндіктері (өзін — өзі кәсіби бағалау, қобалжу т.б.)
  • қарым – қатынас, тіл табысу қасиеті;
  • педагогикалық бағыттылығы, ынтасы, қызығушылығы;
  • жалпы білім, білік, дағдысының даму деңгейі.
  1. Шығармашылық белсенділігін қалыптастыру:
  • мәселені шешуде қалыптан тыс тәсілдерді қолдана білуі;
  • мәліметтер жинау (портфолио), ілгері жылжу және болжамды тексеру,

нәтиже (рефлексия);

  • ғылыми ойлау амалдарын қалыптастыратын оқу және зерттеушілік

сипаттағы міндеттер тізбегі (анализ, синтез, модельдеу, фондық көрнекілік т.б.).

  1. Кәсіби тұлғалық қасиеттерін дамыту:
  • педагогикалық шеберлік;
  • математикалық ойлау;
  • қабылдау, ойлау, ес, сөйлеу, өзінің іс — әрекетіне өзі талдау жасау сияқты психиканың функционалдық тетіктері;
  • ерік, жігер, темперамент, мінез, қабілет.
  1. Оқуға психологиялық, педагогикалық, технологиялық тұрғыда жағдай жасау (тұлғалық – бағдарлы педагогика).

Мұғалімді кәсіби дайындаудың әр компоненті  біртұтас педагогикалық үдеріс шеңберінде кәсіби дайындықтың сапасын бағалайтын өлшемдер мен эталондар, критерийлер сияқты базалық сипаттарының жиынтығымен айқындалуы керек. Кәсіби дайындықтың талабының бірде бірі- көптілділік талабы.
Көптілділік — заман талабы. Заманында ата-бабаларымыз  «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» – деген сөзді бекерге айтпаса керек. Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау және олардың біліктілігін арттыруда көптілді білім берудің ел болашағы үшін маңызы жылдан-жылға арта бермек.

Пайдаланылған әдебиет тізімі:
1.Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы.
2.ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы.
3.Б.А.Тұрғынбаева. Мұғалімнің шығармашылық әлеуметін біліктілікті арттыру жағдайында дамыту: теория және тәжірибе.  Aлматы. – 2005.
4.К.Құдайбергенова. Құзырлылық – тұлға дамуының сапалық критерийі. 2008.

Один комментарий к “БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ МАМАНДАР ДАЯРЛАУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

  1. Уведомления: Совершенствование языковой компетентности педагогов в преподавании языковых дисциплин в условиях трехъязычия | Сайт ӨРЛЕУ