Сайт Өрлеу

ПЕДАГОГ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІ: КӨПТІЛДІЛІК

ПЕДАГОГ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІ: КӨПТІЛДІЛІК

Нуржанова Раушан Малдыбаевна,
аға оқытушы
«Өрлеу»БАҰО»АҚ филиалы
Қостанай облысы бойынша ПҚ БАИ

Үш тілді білім беру мәселесі Қазақстанда тұратын әр азаматқа қатысты деп толық айта аламыз. Өйткені өскелең ұрпақтың ең басты қажеттіліктерінің бірі — білім кеңістігінде еркін араласып, бәсекеге қабілетті болуы үшін білімді көптілді азамат болуында. Білім алушыларға өз қабілеттерін танытуға мүмкіндік беретін, сонымен қатар рухани-адамгершілігін арттыра отырып еңбек ету үшін жан-жақтылық аса қажет. Қазақстан Республикасының ақпараттық-технологиялық, ғылыми тұрғыда қарқынды дамуына тез дамуына орай бүгінгі білім алушы, ертеңгі білікті маман бірнеше тілді қатар меңгеруі тиістігін ешкім де жоққа шығармайды. Заман ағымына сай еліміздің өркениетті мемлекеттер қатарынан қалмай дамуы үшін білім алушының басқаға өзін таныта алатын, өзгені бас идіретіндей білімді де, білікті болуы қазіргі сұраныстан туындап отыр.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының төртінші басымдылығында «Қазақ тілінің басымдылығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі- жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз.» делінген. [1] Педагогика тарихына көз жүгіртсек, Д.Дьюи, У.Уоллер, М.Мид, К.Юнг, П.Сорокин, Ф.Знанецкий сынды философтар кәсіби құзыреттілікті адамның ортаға үйренуіне қажетті әрекеттер түрі ретінде қарастырады. Олар адамның мамандығы оның белгілі бір нәрсеге деген қызығушылығын тудыратынын, көзқарасын қалыптастыратынын, мақсатқа жетуге талпындыратынын, ортақ пікір алмасуға жетелейтінін айтады. Д.Л.Томпсон, Д.Пристли кәсіби құзыреттілікті жүйелі түрде алынған білім мен жоғары моралдық нормалар мен педагогтік кодексінің нәтижесі ретінде анықтайды. Кәсіби құзіреттілік деп педагогтың жеке бас сапалары мен оның психологиялық-педагогикалық және теориялық білімінің, кәсіби біліктілігі мен дағдысының, тәжірибесінің бір арнада тоғысуы деуге болады. [2, интернет ресурс] Педагогтің тілдік құзыреттілігі оның өзін-өзі дамытуы мен қазіргі білім беру талабына сай болуына орай жетілдіруімен байланысты. Өйткені педагогтің тілдік құзыреттілігі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге бағытталады. Тілді меңгертуде оқушының ортаға қарым-қатынасы алдыңғы орында тұрады. Білім алушы саналы түрде ұғынғанда ғана үйренуге бейімделіп бет бұрады. Ал ол үшін алдымен педагогтің өзінің тілдік құзыреттілігі жоғары болуы тиіс. Экономикалық өрлеу заманында болашақта сеніммен қарайтын білім алушымен қатар педагогтің де үш тілді меңгеруі қажеттілігі. Оған дәлел — «Үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасында» 2020-2021 жылдары «Білім беру ұйымдарында оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін мектептерде «Қазақстан тарихы» пәнін қазақ тілінде, оқыту орыс тілінде жүргізілмейтін мектептерде «Дүниежүзі тарихы» пәнін орыс тілінде, оқыту тіліне қарамастан жоғарғы сыныптарда «Информатика», «Физика», «Химия», «Биология» пәндерін ағылшын тілдерінде (білім беру ұйымдарының алқалық шешімінің негізінде таңдау бойынша) енгізу» қарастырылып отырғаны білім алушыларға қойылып отырған талап пен үлкен жауапкершілік [3].  Мысалы, ағылшын тілін бастауыш сыныпта оқытуда функционалдық принципке назар аударылады. Тілдік жүйе нақты белгіленген 8 ортақ тақырып аясында нақты бөлім мен оқу мақсаттарына сай ағылшын тілінің түрлі деңгейінде жүзеге асырылады. 1-ші сыныпта оқыту коммуникативтік бағытта. Бастауыш сыныптағы білім алушылар қарым-қатынас барысында тыңдалым, айтылым тәрізді тілдік әрекеттерін нақты қарым-қатынас жағдайына барынша жақындатуды қамтамасыз етеді. Педагогтің арнайы құзыреттілігі үш тілділікті іске асыруда басты орын алады. Өйткені жоғары деңгейде айналысатын, өз ісінде түрлі ииновациялық технологиялық әдіс-тәсілдерді іздеу арқылы білім алушының қабілеті мен қабылдау деңгейіне қарай қолданады. Үш тілділікті жүзеге асыруда аспектілерді толық ескеретін тұлға – педагог. Қазіргі уақытта тіл үш аспектіде қызмет ететіні мәлім, яғни тілдік-құрылымдық аспектіде төменгі деңгей бірліктері жоғары деңгей бірліктерін, нақтырақ айтқанда дыбыстар – буындар, морфемалар – сөздер, сөздер – сөз тіркестері мен сөйлемдер, сөз тіркестері мен сөздердің тіркесуі – сөйлем, сөйлем – күрделі синтаксистік тұтастық, күрделі синтаксистік тұтастық және жекелеген сөйлемдер – мәтін құрайды. Сонымен қатар сөйлеу тілінің құрылымы аспектісінде қандай да бір ойды білдіру үшін сөздер мен сөз тіркестері, предикативтік қолданылады және тілдік емес аспектіде тілдік жүйе тілдік құрылым емес, яғни ол материалдық-заттық әлем, қоғам, санаға қатысты қызмет ететіні белгілі. Аталған аспектілер күнделікті жағдайда қолданылады. [4,12-бет] Педагогтің кәсіби  тілдік құзыреттілігін жетілдіруде білім алушының өзге тілде еркін қарым-қатынасқа түсе алуы үшін сабақ үрдісін дұрыс ұйымдастыра алу зор роль атқарады. Сабақтың түрлерін кіріктіру жағдайында жоспарланған дағдылар не сатылай, не бірден қалыптастырылады. Сабақтың кіріктірілген түрлері төмендегідей:
— айтылымның лексикалық-грамматикалық дағдыларын қалыптастыру және жетілдіру сабақтары;
— айтылымның грамматикалық- стилистикалық дағдыларын қалыптастыру және жетілдіру сабақтары;
— айтылымның лексикалық-стилистикалық дағдыларын қалыптастыру және жүзеге асыру сабақтары;
— диалогтік сөйлесім дағдыларын қалыптастыру және жүзеге асыру сабақтары;
— диалогтік, полилогтік, монологтік тілді дамыту;
— интонациялық, емлелік және тыныс белгілік сауаттылықты қалыптастыру сабақтары.
Оқу уақытын реттеу кезінде коммуникативті дағдыларды қалыптастыру және жетілдіру сабағын сабақтан тыс іс-шаралар ретінде өткізуге болады. [4, 17- бет] Педагогтің тілдік құзыреттілігі заман талабына сай бірнеше тіл білетін тұлғаны қалыптастыру үшін оқу үдерісін ұйымдастыру барысында оқытудың мазмұны, қағидаларын ерекше іріктей отырып, тиімді жоспарлағанда, оқытудың сәйкестігі көзделген арнайы технология жасаған жағдайда көп тілде оқытудың нәтижесі көрініп көп тіл білетін тұлға қалыптастыруында. Үштілділікті қалыптастыруда сабақ  үрдісінің орыны ерекше. Тіл сабақтарында полилогтік қатынас икемділігін қалыптастыру үшін түрлі диалогтік құрылымды пайдалану орынды. Сабақта меңгерілетін тақырыпқа байланысты кез келген жағдаят  әсіресе, сұрақ-жауап, мәлімет-мәліметке жауап, белгілі бір тақырыпқа үш тілде мазмұнды диалог нақты бір нәтиже береді.
Педагогтің коммуникативтік құзыреттілігі білім алушының жан-жақты толық білім алуына жағдай жасай отырып, яғни түрлі жағдаяттық әрекетке түсу арқылы білімді игертуінде. Оған мысал: диалогтік және полилогтік қатынас икемділігін қалыптастыру және жетілдіру сабағы. Бұл сабақтың ерекшелігі – дәстүрлі емес оқыту бірліктерін үйлестіру. Төрт түрлі диалогтік бірліктер (мәлімет – мәліметке жауап-әрекет, сұрақ – сұраққа жауап-әрекет, өкімдік білдіру – өкімдікке жауап-әрекет, эмоциялық – экспрессивті диалогтік бірлік) ғана емес, диалогтік құрылымды – мазмұнды түрі не болмаса сөйлеу қимылының алғашқы сұлбасын ашу да соңғы кезде қолдануда. Тек әлеуетті белгілі бір тақырып бойынша диалогті ашу сызбасын енгізу екінші/үшінші тілде мазмұнды диалогті жүргізудің нақты икемін қалыптастыру және жетілдіру бойынша белгілі нәтиже береді. Деректі бұл сабақта екінші/үшінші тілде сөйлеу әдебі ерекше орын алады. [4, 23-бет] Диалогті оқытумен бірге оқушылар ресми және биресми ортада сөйлесу дағдыларын табады, лайықты тілдік құралды таңдайды. Т.У.Тучкова ұсынған сөйлесу қызметтік тіректер көмегі қолданылады. Диалогтің мазмұны мен құрылымын анықтағанда профессор Д.И.Изаренковтың лингводидактикалық зерттеуінің нәтижесіне сүйенеміз. Сөйлесушінің пікірін бағалай білуді дамыту, сөйлесуді қолдау, жүйелі сөйлесу, біртұтас өз ойын жеткізу де ілеспелі мақсаттар болуы мүмкін. Педагогтің кәсіби тілдік құзыреттілігі сабақ үрдісін тиімді ұйымдастыра білуінде, яғни сабақтағы орындалатын жаттығулармен тығыз байланысты болады. Ал үштілділікті іске асыруда жаттығулардың да өз орны бар. Өйткені, оқытудың кезекті кезеңінде берілген жаттығулар 2 үлкен топқа бөлінеді:
1) ахуалға парапар икемді қалыптастыруға бағытталған тілдік жаттығулар;
2) ұлттық психологияның ерекшеліктерін ескере отырып, диалогті жүргізу тәсілін меңгеруге арналған жаттығулар. Сабақтың берілген түрінің негізгі және ілеспелі мақсаттары жаттығулардың пайыздық қатынасын келесідей анықтайды: ұққанын айту бойынша жаттығулар – 50 %, оқуға негізделген жаттығулар – 15%, бағалау, қолдау, келісу-келіспеу, қарсы болу мақсаттарын көздейтін жаттығулар – 30%, логикалық
(қисынды) сөйлесу тәсілін меңгеруге арналған жаттығулар – 40 %, өзіндік қатынастық жаттығулар – 10%. Осындай жаттығуларды орындау арқылы үш тілді меңгертуді жүзеге асырудың бір жолы қарастырылады. Бұл да педагогтің құзыреттілігіне байланысты деп айтуға болады. Қазіргі педагог Білім стандартының мазмұнына сәйкес сабақтың осындай түрінде келесідей дағдылар қалыптасады және жетілдіріледі:
— сөйлесушімен қатынас орнату және қолдау дағдысы;
— сөйлесу әдебінің негізгі формулаларын қолдану дағдысы;
— тұрмыс, мәдениет, оқу тақырыптары бойынша диалог жүргізу дағдысы;
— сөйлесушімен жауап сөз алмастыру дағдысы;
— оқыған, естігенге келісу-келіспеу дағдысы;
— сұхбат, пікірталас кезінде өзінің көзқарасын дәлелдеу дағдысы.
Аталған дағдылар тізімін төменде көрсетілген икемдермен толықтыруға болады:
— сөйлесу мақсатын нақты анықтау, әңгіме барысын жоспарлау;
— сөйлесу кезінде өз бағдарламасын қолма-қол өзгерту, сөйлесу бастамасын мақұлдау, қабыл алу;
— сөйлесушінің репликасын жағдайға байланысты қабыл алу. [4, 24-бет] Педагогтің құзыреттілігі сабақ үрдісінде оқу бағдарламасына сай берген білімі мен білім алушының бойында қалыптастырған біліктерін іс жүзінде, күнделікті өмірде кездесетін проблемаларды шешу кезінде қолдана алу қабілеттілігі. Сондықтан диалогтік оқытумен қатар монологтік тілдесімді де қалыптастыру қажеттігі бар. Өзге тілде сөйлеуде тілдік дағдыны қалыптастыруда педагогтің естен шығармайтын жағдайларының бірі. Педагог білім алушының өмірінде кездесетін түрлі жағдайларына сай пікірталас, өз ойын дәлелдеу, пікірін жеткізуде қажетті дағды. Білім алушыны шағын монолог айтуға үйретіп жаттықтыратын, икемдейтін педагог. Яғни, педагогтің үш тілді монологтік сөйлеуде ескеретін жағдайы:
— тақырыпқа сай ойды аяқтап, шешімді ауызша белгілі бір көлемде жеткізу;
— айтатын ойын қысқа сөйлемдермен шағын мәтін түрінде үйлесімді байланыстыру;
— бірнеше пікірді байланыстыра отырып, бірнеше сөйлеммен баяндау.
Педагогтің арнайы құзыреттілігі сабақты дұрыс ұйымдастыру шеберлігінде. Үш тілділікті күнделікті үздіксіз тұрақты түрде дамытқанда ғана монологтік сөйлеу дағдысы жетіліп нәтижеге жетеді. Білім алушыны ауызша және жазбаша монологтік сөйлеуге үйретуде оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым дағдыларын жетілдіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыс ақпаратты қабылдау кезеңінде іске асырылады. Нақтырақ айтқанда мәтінді түсіну кезеңінде ойды монолог түрінде жеткізуде орындалады. Өйткені жаттығулардың орындалу процентін ескеретін болсақ, 10%- тілдік жаттығулар, шартты – тілдік жаттығулар – 10 %, сөйлесімдік – 40 %, коммуникативтік – 40 % .
Жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес педагогтің кәсіби құзыреттілігі арқасында білім алушының үш тілде диалог пен монолог  арқылы сөздердің лексикалық мағыналарын түсіну, сөздік қорларын толықтыру, есте сақтау арқылы білім алушының тыңдау-көру материалы арқылы басталған әңгімені өз ойынша аяқтау, тыңдалған/оқылған материал бойынша пайымдама жасау, тыңдалған/оқылған материал бойынша өз көзқарасын дәлелдеу дағдылары қалыптастырылады.
Қорыта айтқанда, педагогтің тілдік құзыреттілігі үш тілділік қазақстандық білім алушының болашағы, сонымен қатар білім алушының білім кеңістігінде сенімді түрде бәсекеге қабілетті болуына жол ашады және білім алушының ынтымақтастықты түрде үш тілді толерантты тұлға болып шығуына ықпал етеді. Педагогтің тілдік құзыреттілігі еліміздің рухани құндылықтарын жоғары ұстайтын білімді ұрпақ тәрбиелеуде маңызы зор.
Пайдаланылған әдебиет

  1. Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаҺандық бәсекеге қабілеттілік Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы 2017 жылғы 31 қаңтар
  2. Нұрашева Г.С., ИльясоваР.К. Орал қ. Кәсіби құзыреттілікті дамытудағы педагогикалық практиканың ролі. ӘОЖ 373.2 интернет ресурс
  3. Үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы 2016 ж. 18.02
  4. Орта мектепте оқыту процесінде көптілділікті дамыту мәселелері Әдістемелік құрал 12,17, 23-24 беттер