Сайт Өрлеу

ОҚУ ҮРДІСІНДЕ ТҰЛҒА ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ҮШТІЛДІЛІКТІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

ОҚУ ҮРДІСІНДЕ ТҰЛҒА ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ҮШТІЛДІЛІКТІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Алшынбаева Гулайым Жанбалаевна,
жоғары санатты оқытушы
Экономика, технология және тағам өндірісін
стандарттау колледжі, Астана қ.

Еліміздің тәуелсіздігі нығайып, қоғамдағы демократияның өрісі кеңейген шақта адамның қоғамдық та, тұлғалық та рөлі жаңа сипатқа ие болып отыр. Соған орай рухани құндылықтар жаңарып, адамның зияткерлік әлеуетін қалыптастырудағы білімнің маңыздылығы туралы қағидалар түбегейлі өзгерді. Жалпы білім беретін мекемелерде оқытылатын әрбір пән студент тұлғасын жетілдірумен қатар, оның шығармашылық қабілеттерін дамытуды көздейді. Ал, студенттің жан-жақты білім алуына бағыт-бағдар беруші оқытушы мәдениеттілік, шығармашылық, инновациялық тұрғыдан ойлай алатын және бірнеше тілді білетін маман болуы шарт. Бүгінгі технология және жаһандану заманында өскелең ұрпақты көп мәдениеттілікке тәрбиелеу үдерісін іздестіру қарқынды жүргізіліп отырғанын байқауға болады. [1]. Көптілділік мәселесі – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған көкейтесті мәселелердің бірі, себебі, жаһандандыру және кибер кеңестікке шыққан заман тілдерді білуді талап етеді. Қазір көптілді білім беру – оқу орындарындағы оқу пәндерін екі немесе одан да көп тілде оқыту, жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік[1]. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі” деген болатын[2]. Бүгінде еліміз жаңа ғасырдың табалдырығын абыройлы көрсеткіштермен аттап, дамыған елу елдің қатарына қосылуға бет бұрғандықтан, білім беру жүйесі де әлемдік білім талаптарына сәйкес болуы тиіс. Тіпті, көптілді білім берудің қажеттілігін түйсіну – Еуроодақтың тіл саясатының қарым-қатынас дағдыларын қалыптастырып, болашақ кәсіби салада тиісті лингвистикалық біліктілікті қамтамасыз ету үшін жоғары оқу орындарында, ішінара шет тілінде оқуды қошеметтейтін қағидаларынан да қолдау тапты. Еурокомиссия Еуроодаққа мүше елдердің білім беру жүйелеріне «ана тілімен қоса екі шет тілі» қағидасының енгізілгенін жариялағаны белгілі. Сондықтан көптілді білім беру білім ошағындағы көпмәдениеттілік, ақпараттық және коммуникативтікпен қатар қойылып, білімнің базалық құзыреттілігі ретінде танылып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «…еліміздің маңызды құндылықтарының бірі және басты артықшылығы – көпұлттылық пен көптілділік» деп атап көрсеткені белгілі [3]. Әрине, білім жүйесіне қандай жаңашылдықтар енгізіліп жатса да, Елбасымыз бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқытудың сапасын арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударады. Сондықтан, қазақ тілін тереңдетіп оқыту мен көптілділікті меңгеруді жолға қою – бүгінгі таңдағы білім жүйесінде педагогикалық үрдістің негізгі бағыттарының бірі болып отыр. Қазақстанның болашағы – қазақ тілі. Әлемдегі жоғары дамыған елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты –сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Ал, сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз өз ана тілінде ой қорытып еркін сөйлей алатын, туған халқына өнеге бола білетін ұрпақ. Ал, ана тілін жақсы білмейінше, сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың[4]. «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды», деген Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхан. Сайып келгенде, үш тұғырлы тіл мәселесіндегі қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Соған орай, Президент жүктеген тапсырмаларға сәйкес, Тілдерді қолдану мен дамытудың  мемлекеттік бағдарламасы мен «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени бағдарламасында, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында, 2020 жылға қарай «… барша қазақстандықтар қазақ тілін, орыс тілін 95% және 25% – ағылшын тілін меңгеруі тиіс» делінген [3]. Қазіргі таңда дүние жүзінің барлық халықтары мен мәдениеті бір-бірімен жақындасып, өзара толыққанды қарым-қатынас жасасуды қалайды. Ал Қазақстанда мұндай рөлді орыс тілі атқарады. Орыс тілі дүниежүзілік бірлестіктегі Қазақстанды позитивті қабылдауды қалыптастырудың басты факторларының бірі ретінде біздің Республикамыздың халықтарының арасындағы ұлтаралық қарым-қатынас жасау құралы және халықаралық ұйымдардағы қарым-қатынас құралы болып келе жатыр. Орыс тілі – БҰҰ- ның ресми тілдерінің бірі болып табылады. Шетел тілдерінің мәдениетін тарту, оның өзіндік ерекшелігін ұғыну, рухани құндылықтардың жалпы қорына оның мәдени үлесін түсіну, қазіргі таңда рухани-өнегелі тәрбие берудің маңызды мәселесі болып табылады [4]. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дей келе, алдымен мемлекеттік тілді, кейін басқа тілдерді үйрету арқылы тұлғаның «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға болып дамуына жол ашып, ұлтаралық қатынас мәдениетін, толеранттылығын және планетарлық ойлауының қалыптасуына мүмкіндік туғызуымыз керек. Ана тілінен басқа шетел тілдерінің бірін білу тұлғаның ой-өрісін кеңейтеді. Маманға шет тілін меңгеру кез-келген шетелдік ортада өзін еркін ұстап, жаңа кәсіптік ақпараттар легіне немесе жалпы ақпараттық ғаламшарға бейімделу мүмкіндігіне жол ашады. Әр адамның түрлі әлеуметтік қызметтерінде жеткен жетістіктерінің нәтижелері түрлі болмақ, сол себептен шетел тілін оқытудың мақсаты тек нақты білім іскерліктерін біліп қана қоймай, сондай тілдік тұлғаны қалыптастыру болып табылады, оған шет тілі «өмір заңдылықтарында» және «нақты жағдаяттарда қарым-қатынас жасай алу үшін» қажет болмақ [5]. Сондықтан қазіргі таңда мектептерде шет тілін бастауыш сыныптардан бастап оқыту енгізілді. Себебі, ағылшын тіліне ерте жастан оқыту тілді жақсы әрі еркін меңгеруге тигізер әсері мол. Ол адамның интеллектуалдық, тәрбиелік және рухани әлеуетін жақсартады. Көпжылдық зерттеу көрсеткендей, ағылшын тіліне ерте жастан оқыту балалардың жалпы және тілдік дамуын реттейді, бастауыш мектепте тәрбиенің жалпы білімдік құндылығын көтереді, балаларды өзге ұлт мәдениетін білуге және құрметтеуге үйретеді. Ғалымдардың зерттеулері көрсеткендей, үлкен адамға қарағанда кішкентай бала ағылшын тілін тез меңгереді.[4]. Оқытушылар мен студенттердің алдында тұрған басты мақсаты – полимәдениетті тұлғаны қалыптастыру әлеуметтік және кәсіптік жағынан өзін-өзі билеуге қабілетті, өз елінің тарихы мен салт-дәстүрін білетін, бірнеше тілде сөйлей алатын, барлық жағдайларда үш тілде коммуникативтік-әрекеттік операцияларды жүргізе алатын, өзін-өзі дамытуға және өзін-өзі жетілдіруге талпынатын тұлғаны дамыту [4]. Сондықтан, бүгінгі таңда елімізде ағылшын тілді мамандарды даярлау ісіне ерекше мән берілуде. Алайда, бізде қазақ және орыс тілдерін игеру сияқты ағылшын тілін үйрену, сондай-ақ осы тілде сабақ беруде көптеген кемшіліктер бар, ал оның салдарын барлығымыз сезініп те, байқап та жүрміз. Соған орай, көптілді білім беру жүйесі аясында білім саласындағы оқу-әдістемелік құралдар қайта қарастырылатыны жайлы мәселелер іске асуда. Көп тілді меңгерген адам әуелі өз тілінде ой қорытып, өзге жұртпен бәсекеде өзін ұстай білсе, түрлі мәдениетті санасына салып сараптай алса, онда ол өз өмірін қалай да мағыналы өткізетін айтулы тұлға болып жетілері анық.
Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы. Орта мектепте оқыту процесінде көптілділікті дамыту мәселелері. Әдістемелік құрал. – Астана 2013. – 3 б.
  2. http://www.akorda.kz/kz/category/poslaniya_narody. Қазақстан Республикасы Президентінің Ресми сайты.
  3. http://baq.kz/kk/regional_media/post/45590. Университет тынысы газеті. Көптілді білім берудің бүгінгі жағдайы мен өзекті мәселелері. 17 Қаңтар 2014.
  4. http://www.group-global.org/ru/publication/view/3526. Сулейменова Г. М. Үш тілді меңгеру – полимәдениетті тұлға қалыптастыру кепілі. 19.04.2013
  5. www.45minut.kz. Түсіпова Н. М. Көптілділік-зияткер тұлға қалыптастырудың негізі / «Республикалық 45minut.kz» газеті

2 комментариве к “ОҚУ ҮРДІСІНДЕ ТҰЛҒА ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ҮШТІЛДІЛІКТІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

  1. Уведомления: Внедрение трехъязычного образования в рамках обновления содержания среднего образования: состояние и перспективы | Сайт ӨРЛЕУ

  2. Гулден Еркіновна

    Тіл адамға өмір бойы керек. Жер бетінде халық та, тіл де көп.
    Қазақ тілінің мәртебесін өзіне тиісті «мемлекеттік тіл» деген дәрежесіне дейін өсіруіміз, мәңгілік ел болудағы сенімді қадамымыз.
    Алдымызда тұрған міндет — ана тіліміздің мәртебесін асқақтата отырып, бірнеше тілді жетік меңгерген ұрпақ қалыптастырып, бәсекеге қабілетті елге айналуымыз қажет. Соган байланысты мақалада үштілділіктің маңыздылығы жақсы ашылып айтылған.