Сайт Өрлеу

КӨПТІЛДІЛІК-ӨМІРДІҢ ШЕКСІЗ МҮМКІНДІКТЕРІН АШАТЫН ЖОЛ

КӨПТІЛДІЛІК-ӨМІРДІҢ ШЕКСІЗ МҮМКІНДІКТЕРІН АШАТЫН ЖОЛ

Жүсіпбекова Бақытжамал Жақановна, 
Экономика, технология және тағам өндірісін стандарттау колледжінің
бірінші санатты  оқытушысы

Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын
жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс
Н.Ә. Назарбаев

Тіл  адамға өмір бойы керек. Жер бетінде халық та, тіл де көп. Ғалымдар дүние жүзінде бес мыңдай тіл бар деп есептейді.
Ғаламтор материалдарына сенсек, әлемде  диалектілерді қоспағанда 8 500-дей тіл бар. Жыл сайын оның 10 пайызы жойылып отырады.  Қажет еместері… Оны қолданатын адамдар аз, ауқымы тар. Тілінен айырылған халық ұлттық қасиетінен айырылады. Ол халық ретінде жоғалады.
Өз ойын шешен тілмен жеткізе білгендерді ерекше бағалайтын халықтың бірі  біз.
Қазақ тілі әлемдегі сөйлеушісі ең көп 70 тілдің бірі және  мемлекеттік статусы бар 116 тілдің бірі. Біз үшін бұл үлкен мақтаныш.
Қазақ тілінің мәртебесін өзіне тиісті «мемлекеттік тіл» деген дәрежесіне  дейін өсіруіміз, мәңгілік ел болудағы сенімді қадамымыз.
«Қазақтың тілі ғана жақсы, қазақтың тілінен басқа тілді білгіміз келмейді»,- деп айтатындар да бар. Біздің халқымыз әрине орыс, ағылшын тілдерін  білмей-ақ өмір сүре алады. Бірақ онда орыс, ағылшын тілдері  арқылы тарап жатқан ілімді  біле алмаймыз. Оны білмесек, өркендеп өсуімізге жол ашпаймыз, мына өркениетпен қалай жалғасамыз? Ең дамыған отыз елдің қатарына ағылшын тілін білмесек қалай қосыламыз?
«Қазақстан мемлекеттік тілді игеруі керек. Орыс тілі – көрші еліміздің ана тілі және БҰҰ-ның алты тілінің бірі. Осы тіл арқылы әлемдік мәдениет пен әдебиетке жеткенімізді мойындауымыз керек. Бұл тілді де ұмытуымызға болмайды. Әр тіл – адамзаттың байлығы», — деген  Мемлекет басшысының сөзіне қалай құлақ аспаймыз.
Тіл білу – байлық. Барлығымыз қазақ тілін мемлкеттік тіл ретінде қабылдап, орыс тілін ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде және ағылшын тілін жаһандық экономикаға табысты бірігу үшін үйрену дұрыс деп ойлаймын.
Ағылшын тілін дүние жүзі халқының 70 пайызы қолданады. Себебі ол – ғылым мен білімнің, ақпарат құралдарының, интернеттің, медицина мен мәдениеттің тілі. Әлемде жарыққа шығатын 10 млн кітаптың 85%-ы ағылшын тілінде шығады.
Алдымызда тұрған  міндет — ана тіліміздің мәртебесін асқақтата отырып,  бірнеше тілді жетік меңгерген ұрпақ қалыптастырып, бәсекеге қабілетті елге айналуымыз қажет.
Қазіргі заманда  көптілділік өмірдің шексіз мүмкіндіктерін ашатын жол, яғни үш тілді меңгеру – өмір талабы,заман талабы.
 «Жастарыңды көрсет, еліңнің ертеңін  айтайын» деген екен келешегіне алаңдаған бір адамға әйгілі данагөй.
Болашақ – білімді жастардың қолында. Бүгінде еліміз жаңа ғасырдың табалдырығын абыройлы көрсеткіштермен аттап, дамыған елу елдің қатарына қосылуға бет бұрғандықтан, еліміздің білім беру жүйесі де әлемдік білім талаптарына сәйкес болуы тиіс. Сапалы білім беруді, жоғары танымды қалыптастыруға ұмтылуда, білім шекарасын жылжыту және  жастарды өмірге даярлау үдерісінде көптілділіктің үлесі бар.
Қазіргі уақытта  тілдің  рөлін түсіну, тілді үйретуде оқытудың нәтижелілігін, білім алушыларды көптілділікке бейімдеп оқыту деңгейінің сапасын арттыру  біздер, яғни оқытушылар үшін өзекті мәселеге айналуда.
XXI ғасыр – ғылым ғасыры.  Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауында: «Білім беру реформасы табысының басты өлшемі-тиісті білім мен білік алған еліміздің кез келген азаматы әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады. Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз»-деген болатын. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының азаматын қалыптастыру, оның тез өзгеріп отыратын әлемде табысты білім алуға деген сұранысын қалыптастыру, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу және оқыту басты мақсат болып отыр.
Бәсекеге қабілетті құзіретті мамандарды қалыптастыру үшін  көп ұлтты, түрлі мәдениеттегі ортаға деген сыйластық, құрмет, түсінісушілігі дамыған,  тілге бейім, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру үшін көп тілділік білім беру аса маңызды. Елімізде үш тілде білім беру үдерісі басталды. Тілдік  пәндерді оқыту әдістері қайта қарастырылып, оқыту технологиялары іріктелуде. Үш тілде білім беру жағдайындағы  тілдік  пәндерді  оқытуда педагогтердің  тілдік құзыреттілігіне көп көңіл бөлінуде.          Тілдің қажеті артқан сайын, сұраныс артқан сайын осы қажеттілікті қамтамасыз ету үшін білімпаздарға арнап түрлі ғаламтор жобалары дүниеге келіп жатыр. Шет тілдерін үйренуге арналған тегін, әрі қолайлы сайттар да бар.
Өзім орыс тілінің оқытушысы ретінде белгілі бір тақырыптарды түсіндіруді  интеграция арқылы жүзеге асыруға көп көңіл бөлемін. Интеграция дегеніміз – пәндердің өзара байланысын жоғары деңгейде нақтылы түрде іске асыру. Интеграция тұтастықты қалыптастырып, білімді жүйелеу мен жинақтауда әр түрлі  ғылымдарды біріктіреді, бір сабаққа бірнеше оқу пәндері мақсатының бірігуіне мүмкіндік береді. Үш тілде еркін сөйлеу біліктілігін дамытуды жүзеге асыру барысында мынадай міндеттерді іске асыру көзделеді: үш тілде еркін сөйлеу біліктілігін дамытуда оқыту технологияларын тиімді пайдалану, заманауи интерактивтік және иновациялық технологияларды қолдану, үш тілде де қарым-қатынас жасауға, сөйлеуге үйрету, студенттердің  тілдік қабілетін толық ашу, сөздік қорын молайтуда аударма және түсіндірме сөздіктерін пайдалана алу, танымдық қызығушылығын қалыптастыру.
Білім алушылардың танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында  сабақтарда әр түрлі қосымша материалдарды қолдануға  болады. Тақырып бойынша тақпақтар, шағын қойылымдар, мақал-мәтелдер, сөзжұмбақтар және ребустар қолдануға болады. Мұндай қосымша материалдар сабақты жандандырады, өткен тақырыпты жақсы қабылдап, түсінуге, ойлау қабілетін дамытуға әсерін тигізеді.
Орыс, ағылшын тіліне ерте жастан оқыту жақсы әрі еркін меңгеруге ғана емес, сонымен бірге адамның интеллектуалдық, тәрбиелілік және рухани потенциалын жақсартатынын бүгінгі таңда түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Көпжылдық зерттеу көрсеткендей, тілдерге  ерте жастан оқыту балалардың жалпы және тілдік дамуын реттейді, тәрбиенің жалпыбілімдік құндылығын көтереді, балаларды өзге ұлт мәдениетін білуге үйретеді.
Қоғамда полиглот тұлғалардың беделін көтеру арқылы  жаһандық экономикаға еркін кіре алатынымызға  мен сенімдімін.  Әрбір оқытушы  үш тілде еркін сөйлесе және оқыта білсе көптілділік мәселесі аз уақыттың ішінде шешіледі. Латын әліпбиіне көшу ағылшын тілін үйренуде көп мүмкіндіктер туғызары айдан анық. Сондықтан Елбасы бастаған тіл саясатының бағыты айқын, болашағы жарқын.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдаулары, 2014-2017 жж.

2. Солташұлы Ы. Заман Талабы ــ көптілді болу. // Ақиқат. 26 қараша- 2012 ж. № 11. 14-15 б.,
3. Тіл және руханият: өзекті мәселелер. Халықаралық конференция материалдары ,  Астана қ.