Сайт Өрлеу

ҮШ ТІЛДІ ҚАТАР МЕҢГЕРУДІҢ ДЕ УАҚЫТЫ КЕЛДІ

ҮШ ТІЛДІ ҚАТАР МЕҢГЕРУДІҢ ДЕ УАҚЫТЫ КЕЛДІ

Айтжанова Ж.Р.
«Өрлеу» БАҰО АҚФ Астана қаласы
бойынша ПҚ БАИ
ЖҒ(г)ПОӘмИТ кафедрасының
аға оқытушысы

«Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс»
(Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2007 жылғы Қазақстан халқына жолдауы)

Көптілді меңгеру қазақ дүниетанымында бұрыннан бар түсінік.
«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген аталы сөз дәл бүгінгі дамыған дәуірімізге сәйкес айтылғандай. Елбасының саясатына орай Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым бағыттардың бірі — қазақстандықтардың кемінде үш тілді меңгеруі. Бұл мақалада үш тілді қатар меңгерудің маңыздылығы қарастырылады. Біріншіден, саяси құжаттарға шолу жасалады. Келесі, үштілді саясаттыңжүзеге асырылудың саяси-әлеуметтік жағдайы талданады. Соған қоса осы саясат пен оның енгізілу үрдісіне өзіндік  бағалау мен сыни  ой толғау жасалады. Соңында барлық ойды қортындылау жүргізіледі.
Үш тілділік саясаты туралы құжаттарға шолу
Үш тілді саясатты жүргізу тарихы саяси құжаттарда бастау алады.    Елбасы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында «Үш тұғырлы тіл» туралы идеяны жария етті.
Ал 2007 Жолдауында «Тілдердің үш тұғырлылығы» атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. Тілдердің үш тұғырлылығы идеясына Елбасы нақты анықтамасын да берді: қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” [1].
Тілдік саясатты кезең-кезеңмен жүзеге асыру арқылы дәйекті жасалып жатқан ұтымды әлеуметтік-лингвистикалық кеңістікті құру стратегиясы «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында», «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көрініс тапқан және «Үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасында» көрініс тапты. [2] Үштілді саясаттың жүзеге асырылудың саяси-әлеуметтік жағдайы
Осыған орай,  үш тілді саясатты  асырудың бір жолы   білім беру саласы арқылы жүзеге асып жатыр. Мектептерде бастауыш сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту қолға алынып,  оның сағаты да көбейсе, жоғарғы сыныптарда жаратылыстану-математика циклі пәндері, яғни, биология, химия, физика, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту еліміздің кейбір мектептерінде іске асырылуда.
Әсіресе, 2017-2018 оқу жылында 5-сыныптан бастап, үш тілді пәндік оқытуды кезең-кезеңімен жүзеге асырмақ.
2018-2019 оқу жылында 6-сыныптан бастап «Қазақстан тарихы» орыс мектептерінде қазақша жүргізілсе, «Дүние жүзі тарихы» қазақ мектептерінде орысша жүргізіледі.
Алдағы уақытта,  Қазақстан Республикасының орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында жоғары сыныптарда «Информатика», «Химия», «Биология», «Физика» пәндерін ағылшын тілінде оқыту жоспарлануда.
Дарынды балаларға арналған үш тілде білім беруге мамандырылған мектептер желісі жұмыс атқаруда. Атап айтсақ, әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университеті, Назарбаев Зияткерлік Мектептер, қазақ-түрік лицейлер, «Мирас» мектебі, жастардың болашағы үшін «Болашақ» бағдарламасы негізінде олардың шетелге шығып білім алуына жан-жақты жол ашылған.
Пәндік оқыту қарқынды түрде жүргізілу үшін, ең алдымен, педагог мамандарды даярлау жаппай қолға алынып жатыр.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Өрлеу» БАҰО АҚФ Астана қаласы бойынша ПҚ БАИ жаратылыстану бағытындағы  педагогтары CLIL (Content and Language Integrated Learning) технологиясы бойынша біліктіліктерін арттыруда.
Өзіндік бағалау  мен сыни  ой толғау
Негізінде, үш тілді саясат Қазақстан қоғамы үшін маңызды. Біріншіден,   Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Ата Заңында мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп бекітілді, демек әлемде қанша ұлт, нәсіл болса, соларды бір-бірінен даралап тұратын басты бойтұмары – туған тілі. Сонымен қатар орыс тілі — достық пен бейбітшіліктің, этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде еліміздің екінші тілі болып табылады. Демек, орыс тілі ғаламдық экономикаға кірудің ең негізгі тілі ретінде өте маңызды боп табылады.
Ал ағылшын тілінің жөні – бір басқа. Ағылшын тілі үйренудің заманауи көптілді және көпмәдениетті жаһандаған әлемде адамның күнделікті өмірі мен кәсіптік қызметін қамтамасыз ететін кепіл ретінде әлеуметтік маңызы зор болып тұр. Еліміздің тарихында болып жатқан әлеуметтік-экономикалық, мемлекеттік зор ұлттар мен ұлыстардың бір-бірін түсінуіне халықаралық сипат алған ағылшын тілінің өзіндік рөлі көп.  Бұл тіл қазіргі заманда жаһандық тіл болғандықтан, оның Қазақстандағы рөлі және болашақтағы маңызы зор. Көптілділік дегеніміз көп мәдениетті тұлғаны қалыптастырудың негізі.Үш тілді қатар меңгерту білімді жастардың, іскер жастардың көбеюіне көмегін тигізіп, мемлекетімізге үлкен көмегі болатыны айқын.
Бір себебін айта кетсек, бір жарым ғасырлық тарихы бар дүниежүзілік халықаралық көрме  ЭКСПО – 2017 Еліміздің елордасы Астана қаласында өткізілді. Көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі ұлттар делегациялары және туристер халықаралық көрмеге келді. Олардың қатынас тілі ағылшын тілі болды. Көрмеде еліміздің жастары аудармашы ретінде жоғары деңгейде қызмет етті. Халықаралык көрме арқылы, біз еліміздің тарихын, мәдениетін, қоғамның үштілде де еркін сөйлейтіндігін әлемге таныттық.
Қазіргі таңда мектеп алды дайындық білім беру орталықтарынан бастап ағылшын тіліне үйретеді, себебі, елімізді болашаққа жетелейтін өсіп келе жатқан жас буын екені белгілі. Елбасы «Қазақстан — 2050» стратегиясында болашақ бүгіннен басталады, ел болашағы – ертеңгі азамат, бүгінгі жас ұрпақ» [3].
Демек, көп тіл білу жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларын тануына мүмкіншілік беретін аса маңызды құралы болып табылады.
Үш тілде қатар білім беру үш тілдің қолдану аясының ішінде бірі артық, бірі кемдеу болуына әкеліп соғуы да мүмкін. Жастардың мектеп қабырғасында үш тілді тегін оқып, шетелге шығуына және оқу іздеуіне, ғылыммен, бизнеспен айналысуына зор мүмкіндік туып отыр деуге де болады. Біздің елімізде оқығысы келген адамға әрқашан жол ашық екені рас.
Әсіресе,қазіргі әлемдік жаһандану кезеңінде жаңа технология мен қаржы-экономиканың тілі болып есептелетін халықаралық тілдерді меңгерген адамның жұмысты да қиналмай, тез табуға мүмкіндік туады.
Әрбір саналы азамат өз елінің болашағы үшін үш тілді қатар меңгергеннен ешбір зиян шекпейді, әсіресе еліміздің шетел елдерімен халықаралық байланыстары күннен-күнге арта түскен кезде.
«Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа саналы, мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру бүгінгі күннің талабы. Тілдің адам өміріндегі ең шешуші рөл атқаратыны әркімге де түсінікті. Ол танудың, түсінудің, дамудың құралы.
Қазіргі ақпараттық технологияларының дамыған заманында үш тілді меңгеру қиындық тудырмайды, себебі ағылшын тілін тек білім алу барысында емес, ғаламтордың көмегімен де еркін меңгеруге болады. Көп тілді үйрету арқылы біз болашақта көзі ашық, әлемдік мәдениетке көзқарасы қалыптасқан азамат тәрбиелейміз деген ойдамын.
Қорытынды
Қорыта айтатын болсақ, қөп тіл білу біздің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы болып табылады.
Елжанды, білімді, салауатты, жауапты, сыни ойлай алатын, үш тіл меңгерген, жалпы адамзаттық құндылықтар мен қазақ халқының мәдениетін бойына сіңірген, толерантты және әлемдік кеңістікте танымал болатын қазақстандық жастарды қалыптастыру үшін негіз салынды.
Пайдаланылған әдебиеттер:

    1. 1. Президенттің Қазақстан халқына жолдауы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан». Астана, 28 сәуір. — 2007 жыл.
      2. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.http://www.edu.gov.kz
      3. Үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы www. 1. akorda.kz