Сайт Өрлеу

ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Рысқалиева Ардақ Райымбердіқызы,
ағылшын тілі пәні оқытушысы
Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжі

«Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз… Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз»
Н.Ә.Назарбаев

Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Бүгінгі нарық заманы  бізден бәсекеге қабілетті болуымызды, дамыған отыз елдің қатарынан көрінуіміз үшін білімді де озық ойлы  азаматтарды тәрбиелеуімізді талап етеді. Әлемдегі жоғары дамыған елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ.
Ал, ана тілін жақсы білмейінше, сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың. Мемлекеттік тілді және басқа тілдерді үйрену арқылы балалар мен жастардың әлем және ұлттық мәдениетті игерулеріне, өз халқы мен басқа халықтардың дәстүрлері мен мәдениетін зерттеуіне және қабылдауына жағдай жасау керек, яғни полимәдениетті тұлға қалыптастыру керек.
«Елу жылда ел жаңа…» демекші, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері әлемнің көптеген дамыған елдерімен мәдени, экономикалық, саяси және  әлеуметтік жағынан байланыс жасап келеді. Бұл қатынастардың оң нәтижелі болуы, ел мен елдің, халық пен халықтың өзара ынтымақтастығы, өзара түсіністігі, яғни тіл білуінен. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстандағы тілдердің үш тұғырлығы туралы ойды алғаш рет  2006  жылы Қазақстан халқының Ассемблеясында айтқан. 2007  жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» жолдауында Елбасы  «Тілдердің үштұғырлығы»-  «Триединство языков» мәдени жобасын кезендеп іске асыруды ұсынды.Тілдердің үш тұғырлығы идеясында Елбасы оған нақты анықтамасын берген, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ал ағылшын тілі –жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Елбасының  2011  жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты жолдауында 2020 жылға дейінгі еліміздің әлеуметтік – экономикалық дамуының нақты жоспарын айқындап берді.Елбасының бұл жоспары Қазақстанның әлемдік дағдарыстың қашан аяқталуын күтпей өзіндік даму стратегиясын алдын ала  белгілеуі деп айтар едім. Президентіміз тек экономиканы ғана емес, сонымен қатар ғылым мен білім, денсаулық сақтау салаларын барынша дамытуға көп көңіл бөлгендігін ерекше атап өтті. Осы жолдауда білім мен ғылымның модернизациясын жалғастыру қажеттігін меңзеді. Үш тілділік жөніндегі сөз Ел басымыздың “Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар — қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген салиқалы үндеуінен бастау алған болатын. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы: “Мектептерге ағылшын тілінен шетелдік оқытушыларды тарту қажет. Кез келген ортанқол мектептің балаларға ең жоғары деңгейде шет тілін оқып үйренуіне жағдай жасайтындай дәрежеге қол жеткізуіміз міндет” — деп ерекше атап көрсеткен.
Білім министрі  2019 жылға дейін  елімізде үш тілді білім беруге көшуде еш кедергі болмауы керек деп санайды. 2019 жылға дейін жоғары сыныптарды осы жүйеге көшіретінін айтты. Бір айта кететіні, мені қызықтырғаны техникалық мамандықтар пәнін  (химия, физика,биология,информатика) ағылшын тілінде өткізе отырып, студенттердің оқушылардың әлемдік оқудағы үдерістерге ықпалдасуына жағдай жасайтынын тілге тиек етті. Ал, еліміздегі орыс мектептеріндегі «Қазақстан тарихы»  пәні қазақ тілінде және де қазақ мектептеріндегі «Дүниежүзі тарихы»  пәнінің орыс тілінде жүргізілетінін айтып өткен болатын. Бұл Қазақстанның барлық мектептерінде де осылай жүретінін меңзеген болатын. Осылайша еліміздің білім алушы әр перзенті үш тілді еркін меңгеретін болады. «Бұндай ықпалдасу оқушы үшін міндетті. Осылайша, ол жоғары оқу орындарында да ағылшын тілінде оқытылатын техникалық пәндерге бейімделе бастайды», —  деген болатын министр Ерлан  Сағадиев мырза.
Ағылшын тілі – бүгінгі заманымыздың кілті, ақпараттық технологияның, компьютер технологиясының кілті деуге болады. Бүгінгі әлемде мыңдаған адамдар шетел тілін, соның ішінде ағылшын тілін жұмыста немесе оқуда пайдаланады және ана тілі ретінде меңгереді. Қазіргі заманда ағылшын тілі «21 ғасырдың», халықаралық бизнес, қазіргі ғылым мен технологиялар тілі мәртебесіне ие болды.
Біздің елімізде осы күндері үш тұғырлы тіл саясаты туралы атқарылып жатқан жұмыстарды біреу-міреу ойдан шығарып ала салған жоқ. Бұл заман талабы болып отыр. Біз мейлінше, заман ағымына сай, озық технологиялардың тілін жетік меңгеруге бейім болуымыз керек. Қарапайым ғана мысал келтірейін: 2014 жылы әлем бойынша 500 мың кітап ағылшын тілінде жарық көрді. Ал осының ішінде қазақ тілінде шыққан кітаптар 2 мыңды ғана құрайды. Салыстырып, таразылап көрейік. Сол сияқты, оның ішінде ғылым-білім мен технология, медицина салаларында 30 мың материалдар жарық көрген болса, қазақ тілінде 200 ғана мақалалар топтамасы тасқа басылған. Ал енді осыншама дүниелерді игеруіміз үшін біз қашанғы аударып алып отырамыз. Тікелей түпнұсқадан оқып, біліп, қайта жарық көріп жатқан жаңашылдықтарды игеруіміз үшін, қазірдің өзінде балаларымызды ағылшын тілін үйренуіне жағдай жасағанымыз абзал, — деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы келтірген деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын азаматтардың 20 пайызы ағылшын тілінде еркін пікір алмасып, жазу қабітеліне иелік етеді. Бүгінгі таңда Қазақстан үшін үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылудағы бірінші қадамы десе де болады. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады. Сондықтан, елімізде тілдердің үштұғырлы саясатының жүргізілуін дұрыс деп есептеймін. Үш тілді қатар меңгеру – әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарына қосылуды жеделдете түсетіні сөзсіз.
Ағылшын тілін оқып – үйренемін деушілердің саны күннен – күнге көбеюде. Бұл сайып келгенде, шет тілін, соның ішінде ағылшын тілін мектеп қабырғасынан бастап жоғары оқу орындарында оқыту әдістемесінің жаңа бетбұрыстарды қажет екендігін тудырады. Қазіргі уақытта, ағылшын тілін меңгерудің талабы жоғары болғандықтан, ағылшын тілін тереңдетіп үйренуге арналған арнайы мектептер, гимназиялар, колледждер көптеп ашылуда. Үштілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашылатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік. Қарапайым тілмен айтқанда, қазақ тілді дамыту керек, орыс тілін қолданамыз және ағылшын тілін үйренеміз.
Ойымды қорыта келе, Елбасының мына бір сөзімен аяқтағым келеді: «Дауға  салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған.
 
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Назарбаев Н.Ә. (Қазақстан халқына жолдауы). Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан. – Астана, 2007
  2. Хасанұлы Б. Тілдік қатынас негіздері,
  3. Әбдуәли Т.Үштұғырлы тілден түңілмейік // Жетісу, №31. 2008
  4. Тәңірбердіқызы Т. Ағылшын тілі мемлекеттік тілмен бәсекелес емес // Қазақ әдебиеті, №48. 2008
  5. Ғабжәлелов Х. // Тасжарған, №18. 2008