Сайт Өрлеу

АҒЫЛШЫН ТІЛІН ДЕҢГЕЙЛЕП-САРАЛАП ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ АРҚЫЛЫ ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

АҒЫЛШЫН ТІЛІН ДЕҢГЕЙЛЕП-САРАЛАП ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ АРҚЫЛЫ ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

ОҚО, Мақтарал ауданы. Мырзакент кенті.
КММ «Абылайхан» атындағы жалпы орта мектебінің
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
Налибаева  Перизат Ермекқызы

ХХІ ғасыр табалдырығын білім мен ғылымды инновациялық технология бағытымен дамыту мақсатымен аттауымыз үлкен үміттің басты нышаны болып табылады.  Болып жатқан әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени өзгерістердің әсерінен қоғамда  ағылшын тілінің рөлі өзгерді.
Ағылшын тілі – жаңару тілі.  Ол қарапайым оқу пәнінен заманауи білім беру жүйесінің негізгі элементіне айналды.  Сол себепті де ағылшын тілін жетік меңгеру, ол тілде жақсы сөйлей білу, жаңару көшіне ілесу деген сөз. Осыған орай қазіргі заманға сай ағылшын тілін тиімді үйретуге мүмкіндік беретін көптеген әдістер пайда болды.  Заман талабына сай шетел тілін жаңа технологиялармен оқыту қазіргі күннің басты талаптарының бірі болып тұр.
Қазіргі кезде  50–ден артық педагогикалық технологиялар бар. Педагогикалық технологиялар көп түрлі болуына қарамастан, олардың іске асуының екі ғана жолы бар. Біріншісі – теориялық негізде орындалуы (В.Б. Беспалько, В.В. Данилов, В.К. Дьяченко жəне т.б.), екіншісі – тəжірибемен жүзеге асуы (Е.Н. Ильин, С.Н. Лысенкова, В.Ф. Шаталов жəне т.б.)
Сондай-ақ ағылшын тілінде деңгейлеп оқыту технологиясын ағылшын тілі сабақтарында қолдану –сабақтың білім сапасын көтерудің маңызды факторларының бірі болып, тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденіп отыр.
Ж. Қараев және Б. Кобдикованың еңбектерінде деңгейлік оқыту әдістемесі туралы айтылған. Бүгінгі таңда Ж. Қараевтің оқытуды дербестендіру мен деңгейлік дифференциалдау технологиясы пәнге деген қызығушылықты арттыратын технология ретінде танылды [7].
Өзге тілді аудиторияда жаңашаландырып жаңғырта оқытудың деңгейлік әдістемесінің негізін қалаған профессор Қ. Қадашеваның зерттеуінде де жаңалықтар өте көп берілген. Ғалым еңбегінде тіл үйретудің ішкі деңгейлері мен «Фонетикалық тамшылар» әдісі – тиімділігімен тәжірибеде кең таралып кеткен тіл үйретудің оңтайлы жолы болып саналады.
Саралап, деңгейлеп оқыту педагогикалық технологиясында алынған нәтиже сәйкесті меңгеру деңгейлері түрінде анықталады.  Бұл жағдай :
а) тіл үйренушінің  оқу материалын жеңілден күрделіге қарай жүйелі меңгеруі;
ә) алынған нәтижені өлшеуге болатындығы;
б) оқу процесінің жарыс түрінде ұйымдастырылуы;
в) бағалаудың жетелеушілік қасиеті;
г) дамыта оқытудың әдіс – тәсілдерін қолдануға ыңғайлы жағдайлар жасалуы, т.б. себептерге байланысты үйренушінің  оқу материалын қажетті минимум деңгейінде меңгеруіне жағдай жасайды. Меңгерудің әр кезекті деңгейіне өтіп отырған сайын ынта, мотив, белсенділік, білік пен дағды да өсіп отырады.  Ендеше оқыту технологиясын оқу процесіне енгізу – білім сапасын қажетті деңгейде қамтамасыз етуге оны көтеруге, тіпті басқаруды қамтамасыз етеді [2]. Деңгейлеп, саралау негізіндегі педагогикалық технология мазмұнының ерекшілігі:
— жеке құрылымдарға бағдар беру;
— білім мазмұнының сипаты мен көлемі, оқу жоспарының, материалының, баяндау түрлерінің дидактикалық құрылымы [6].
Деңгейлеп, саралап оқыту технологиясының мақсаты –әр  үйренушіні қабілетіне, өзіндік ерекшелігіне, мүмкіндігіне қарай топтастырып оқыту.  Оқытуды түрлі топтарына, білім деңгейлеріне, қабілеттіліктеріне,  өзіндік ерекшеліктеріне қарай бейімдеу, ыңғайлау, берілген тапсырманың саралануы. Бұл технологияның ерекшелігі – тіл үйренушінің тіл үйренуге  деген ынтасын, қызығушылығын, деңгейлік тапсырмалар арқылы дарындылығын арттыру [3].
Деңгейлеп оқытудың маңыздылығы: тіл үйренушілердің барлығы жұмыс жасайды;  бос отырған үйренуші болмайды;   өздігінше жұмыс жасау дағдысы қалыптасады;  тіл үйренуге деген қызығушылығы арта түседі; сабақ барысында тіл үйренуге деген белсенділігі арта түседі.
Деңгейлеп оқытудағы нәтиже:    Өз бетімен ізденіп, шығармашылық қабілеттерін жетілдіре алатын, өз қателерімен жұмыс жасай алатын тұлға тәрбиелеу; Үйренушінің алдына қойған мақсатына жете алатын тұлғаны жетілдіру; Үйренушінің өз деңгейін біліп қана қоймай, оны әрі қарай дамыта алуы [5].
Бұл деңгейлердің тапсырмаларына төмендегідей талаптар қойылады:
I – деңгейдегі тапсырмаларға:
1) жаттап алуға лайықталған болуы керек;
2) алдыңғы сабақта жаңадан меңгерілген білімнің өңін өзгертпей қайталап, пысықтауына мүмкіндік беруі тиіс;
3) тапсырмалар жаңа тақырып үшін типті және өмірмен байланысты болуы керек;
II – деңгейдегі тапсырмаларға:
1) өтіп кеткен материалдарды реттеуге және жүйелеуге берілген тапсырмалар.  Бұлар өзгертілген жағдайлардағы тапсырмалар, яғни бұрынғы тапсырмаларға ұқсас, бірақ оларды орындау үшін алғашқы алған білімдерін түрлендіріп пайдалану қажет.
2) үйренушінің ойлау қабілетін жетілдіруге берілетін тапсырмалар. Оларда біздің ұлттық ерекшеліктеріміз ескеріліп, танымдық және үйретімділік маңызы болуы қажет болады. Бұлар : логикалық есептер, ребустар мен сөзжұмбақтар.
III – деңгейдегі тапсырмаларға:
1) танымдық – іздену (эвристикалық) түрдегі тапсырмаларды орындау барысында тіл үйренушілер жаңа тақырып бойынша меңгерген алғашқы қарапайым білімдерін жетілдіріп , тереңдетумен қатар, ол тағы да жаңа білімді меңгеріп, өзі үшін жаңалық ашуы тиіс;
2) өз ісіне талдау жасай білуі, білімді жаңа жағдаймен пайдалана алуы қажет;
3) эвристикалық (танымдық-іздену) түріндегі жұмыстарды мұғалім көмегімен өздері орындайды.
IV –  деңгейдегі тапсырмаларға:
Бұл сатыға өз бетімен жұмыс жасай алатын, ұшқыр ойлы үйренушілер көтеріле алады.
1) үйренуші өз бетімен эссе жазуы қажет;
2) мәтін кейіпкерлеріне хат жаза алуы тиіс;
3) олимпиадалық тапсырмаларды орындау;
Демек, бұл тапсырмалар – үйренушінің біліктілігі мен дағдысын қалыптастыру және оны бағалау деңгейі болады [6].
Сабақ барысында грамматикалық тапсырмаларды орындауда, өтілген сабақты еске түсіргенде, үйге берілген тапсырмаларды сұрағанда сонымен қатар жаңа сөздермен жұмыс жасағанда түрлі ойындар, жарыс сабақтарын ұйымдастыруға болады. Сондай сабақтардың бірі төменде берілген.
Қорыта келгенде, ағылшын тілін аудиторияда деңгейлеп оқытудың негізгі мақсаты – күнделікті өмірде пікірлесім түрлеріне еркін араласып, сөйлеу, әңгімені қолдау дағдыларын қалыптастыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, тіл тазалығын сақтау, үйренушінің өз бетімен білім алуы, ізденуі болып табылады.

Пайдаланған әдебиет:

  1. Америка ғалымының көзқарасы. Идея триединства языков в Казахстане правильна и будет способствовать развитию страны. // Казинформ. -15 мамыр. — 2008жыл.
  2. Кузьмин С. С., Шадрин Н. Л. Русско-английский словарь пословиц и поговорок. – М.: Русский язык, 1989.
  3. Колпакчи М. А. Дружеские встречи с английским языком. — Ленинград, 1978.
  4. Тен Т. Трудности перевода. //«Карав» газеті.
  5. Президенттің Қазақстан халқына жолдауы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан». Астана, 28 сәуір. — 2007 жыл.
  6. Қалиев Ж., Мальцев В.С., Очаковская З.Н.. English – Ағылшын тілі. «Мектеп» баспасы, 1981. Тәрбие.орг сайтынан Үштілділік білім беруді жүзеге асыру шарттары.

Один комментарий к “АҒЫЛШЫН ТІЛІН ДЕҢГЕЙЛЕП-САРАЛАП ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ АРҚЫЛЫ ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

  1. Уведомления: Использование методов и технологий обучения в преподавании языковых дисциплин | Сайт ӨРЛЕУ