Сайт Өрлеу

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖҰМЫСТАР АРҚЫЛЫ ОҚУШЫ ДАРЫНЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖҰМЫСТАР АРҚЫЛЫ ОҚУШЫ ДАРЫНЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Джалакенова Махаббат Эргалиевна
№ 2  Мамандандырылған үштілде оқытатын
мектеп – интернатының ағылшын тілі мұғалімі

Қазіргі ғаламдану заманында еліміздің әлеуметтік – экономикалық дамуы, индустрияның қарыштап өсуі, әлемдік деңгейге көтерілуге бет бұруы кезеңіндегі ұлттық мәдени – тарихи, рухани құндылықтарымызды бойына сіңірген азаматтарға қоғамың сұранысының өсуі білім жетістіктерін өркениетті елдердің білім деңгейіне көтеру қажеттігін алға тартады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында (Астана, 1 наурыз, 2006 жыл.) «Біз қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді, біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз» — деп атап көрсеткен.
Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз ететін – білім саласы. Бүгінгі таңда білім саласының алдында дайын білімді, дағдыларды меңгеретін, қайталайтын ғана емес шығармашылық бағытта жұмыс істейтін тың жаңалықтар ашатын, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр. Бүл, әрине, оқушылардың шығармашылық әрекетін дамытуда маңызды мәселе екендігін дәлелдейді. Жалпы оқушылардың шығармашылық әрекеті ғылыми – педагогикалық проблема ретінде едәуір зерттелген. Оқушылар бойында «шығармашылық әрекет тәжірибелерін» қалыптастыру қажеттілігі туралы 80 жылдары – ақ И. Я. Лернер жазған болатын.
Қазақстанда шығармашылықтың дамуы жөнінде арнайы зерттеу жұмысын жүргізген психолог – ғалымдар Т. Тәжібаев, Ж. Аймауытов, В. К. Шабельников, Н. Палагина, Қ. Р. Рахымбаев, М. О. Резванцева, С. Қ. Бердібаева, Б. Тұрғынбаева еңбектерін атап өтуге болады.
«Бала мейлі жақсы, мейлі жаман іс болсын, әйтеуір бірдеме істеуі керек. Ештеңемен айналыспаған адамның жан дүниесі жөнді жетілмейді.»
Ж. Аймауытовтың бұл пікірі белгілі психолог А. Н. Леонтьевтің адам психологиясы тек іс — әрекет үстінде дамып отырады дейтін қағидасына жақын тұжырым деп есептейміз.
ХІХ ғасырдағы қазақ халық ағартушылары да халықты сауаттандыру, жеке тұлғаның қабілетін, дарындылықты дамыту мәселелерін көтере бастады. Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсариннің (1841-1889) демократиялық-ағартушылық бағыты оның педагогикалық көзқарастарынан айқын көрінеді. Бүкіл өмір жолын мектеп ашуға, қазақ, балаларын оқуға тартуға, дүние ғылымдарын үйретуге, оқу құралдарын жазуға, тәлімгер-ұстаз дайындауға, оларға ғылыми әдістемелік басшылық жасауға, өз кезеңіндегі қазақ халқының қоғамдық өміріндегі саяси-әлеуметтік мәселелерді жан-жақты қамтып, жазуға жұмсады. Ы. Алтынсарин «Табиғи ақыл өзін қоршағанды құшағына ала алса, оны дамытып, өзі көрмегенді де танып білуге мүмкіндік жасайтын тек қана өркениетке жетелейтін озық білім» деп, бала дарындылығын туа біткен кездегі қасиетін дамыту негізімен байланыстырған.
Қазақ халқының ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының поэтикалық шығармалары мен қара сөздері педагогикалық ой-пікірлерге толы. Табиғаттың санадан тыс, тәуелсіз өмір суруі, өмір ақиқатының түйсікпен қабылдануы, адамдар жаратылысының бірдей еместігі, ғылымның ақылмен, жан құмарымен алынатындығы оның көрінісі екендігін ұғындырып отырған.
А.Құнанбаев  адам бойындағы мінезді сынай отырып, оған ерекше түсінік беріп өткен. «Жетінші қара сөзінде» «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі — ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар — тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі — білсем екен демекпін. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі — жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген». Міне, Абайдың айтып отырған баланың білуге деген құштарлығын, талабын дамытуда жеке ерекшелік қасиетін ескере отырып біліммен, іскерлік, дағдымен ұштастыра отырып танымдық ой-өрісін дамыту ең алдымен ата-анаға содан кейін білім беретін орындарға жүктелетін міндет.    ХХ ғасырдың бас кезіндегі көрнекті қайраткерлер еңбектерінде бала тәрбиесі мен ерекшелігін қабілетіне қарай қалыптастыру жайттары сөз болған. Жалпы, ХХ ғасырдың бас кезі халқымыздың рухани-мәдени тарихындағы қиындығы мен қайшылығы мол күрделі кезең еді. Бұл кезең халқымыздың ұлттық оянуының, демократиялық мәдениетінің өсіп-өркендеуінің, зиялылықпен ілгерілеуінің, әлемдік деңгейдегі ой жарыстыруының, көркем өнер салыстыруының көрініс бере бастаған тұсы болатын. Осы кезеңде қазақтың көрнекті қайраткерлері болашақтың дамуы білім берудің дұрыстығы екендігін ұғынып, халықты білімге шақырған болатын.
Алаш қозғалысының қайраткері, 20-шы ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі М. Дулатов «Туысында қанша зеректік болса да  — ғылымсыз, тәрбиесіз кемеліне жетпейді. Кімде-кім өзін табиғатында не нәрсеге шеберлік барлығын сезініп, өз жолына түссе ғана, көзге айнытпай сала білсе, жақсы жазушы да адамның ішкі сырын, мінезін, әдетін бұлжытпай көрсете біледі, оқығанда – көріп тұрғандай боласың»- деп, дарындылықтың бір қырын зеректік екендігін ашып көрсеткен болатын.
Қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі  Жүсіпбек Аймауытов «Неғұрлым баланың қабілеті мен талантын дамытуға көңіл бөлінсе, соғұрлым оны толық ашуға мүмкіндік туады. Бала бойындағы ерекше қасиеттерді, оған жақын жасы үлкендер жігерін ескеру қажет».           Қазақ әдебиетіндегі аса ірі тұлға Мағжан Жұмабаев жеке тұлға тәрбиесін интеллектуалды қабілетпен тығыз байланыста қарастырған. Мағжан «Педагогика» еңбегінде баланы оқыту мен тәрбиелеу жолдары жан-жақты сараланған.
Ғылыми зерттеулерге сүйенетін болсақ, оқушы шығармашылығын дамытуда «шығармашылық тапсырмалар» үлкен рөл атқарады.
Оқушыларды шығармашылыққа баулу кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі. Дарынды, қабілетті балаларды іздеу, оларды оқыту мен тәрбиелеу қоғам үшін бүгінгі күні өте қажет, себебі дарынды адам, қабілетті адам басқаларға қарағанда көп пайда әкеледі. Әрбір талантты адам еңбекке бейім, ол шығармашылық тапқырлықпен жігерлі еңбек етеді. Алдымызда отырған әр оқушы-жеке тұлға. Сол әр оқушының өзіндік жеке ерекшелігін, қабілетін айыра біліп, оны әрі қарай  дамыту ұзақ та үздіксіз жұмысты қажет етеді. Әр ұстаз өз жұмысының нәтижесін де көргісі келетіні сөзсіз. Бірақ сол нәтижеге жеткізу үшін мұғалімге де, оқушыға да шыдамдылық пен төзімділік керек. Қазіргі таңда мектептегі мұғалімнен күтілер іс – шығармашылық.  Алаш арысы Мағжан Жұмабаев «Негізінде әр адамның сұлулық сезімдері әр түрлі нәрселерден оянымпаз болады. Біреудің музыкадан, біреудің суреттен, біреудің поэзиядан. Әйтсе де,  Cөз өнерінің рөлі бәрінен биік екеніне ешкім дау айта қоймас» деген.  Ал, қазіргідей көркем әдебиетті аз оқитын, уақытының көбін түрлі ойындармен өткізетін оқушылардың арасынан шығармашылық қабілеті бар дарынды оқушыны қалай танып білуге болады? Ол үшін не істеу керек? Қандай жұмыстар жүргізу қажет және жұмыс түрлерін қашан бастау керек? Мұндай сұрақтар әр мұғалімді де толғандырары айқын. Дарынды оқушыны табу үшін, мұғалімнің шығармашылық шеберлігі, көрегендігі қажет. Мұғалімнің сабақтағы шеберлігі-маңызды фактордың бірі. Мұғалімнің образ жасауы, өз пәнін жетік білуі, өз пәнін сүюі көрініс тапса, оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артады. Оқушы алдында  мұғалім қарапайым жаннан алып тұлғаға  айналады. Сол тұлғаға ұқсау жолында іздену басталады. Баланың жан дүниесі қалыптасып қоймай, оның рухани марқаюы көрініс табады. Әдебиетке деген құлшынысқа сыныптан тыс өткізген жұмыстар да өз әсерін тигізеді. Демек,қабілетін шыңдап барып, жақсы нәтижеге жетуге болады. Мысалы:

  • Мектепішілік іс-шаралар өткізу арқылы
  • Әдеби-музыкалық поэзия кештерін жиі өткізу арқылы

Нәтижесінде:

  • Қабілеті жоғары деңгейдегі оқушыларды анықтауға мүмкіндік туындайды.

Өз еңбектерімен қажырлы күш жұмсау барысында ерекше көзге түскен оқушыларды-дарынды оқушылар десек те болады. Олардың өзге оқушылардан ерекшеліктерін сараптай келе, оқушы бойындағы тапқырлық, білімділік, зеректік, қабілеттілік, белсенділік, икемділік қасиеттерін байқап, дарынды оқушылардың қабілетіне көз жеткізуге болады.  «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, оқушының дарындылығын, қабілеттілігін танып, айқындап қана қоймай, ол оқушының әрі қарай жетілуіне, дамуына жол ашып, бағыт-бағдар беруі керек.
Менің өз тәжірибемнен байқағаным, бастауыш сыныптарды аяқтап бесіншіге енді келген оқушылардың бойында пәнге деген қызығушылық пен шығармашылық қабілет басқа сынып оқушыларына қарағанда жоғары келеді. Осы жағынан ескеріп, дарынды оқушыларды іріктеп, олармен мынадай жұмыс түрлерін жүргіземін:
— шығармашылық бағыттағы жұмыс түрлерін ұйымдастыру (шығарма құрылысына талдау жасау, авторларына хат жазу т.б.);
—  түрлі тақырыптарға шағын шығарма, эсселер жазу;
—    мектепте өткен түрлі іс-шаралар жайлы мақала жазу;
—    өлең шығаруға қабілетті оқушылармен жұмыс;
—     шағын шығармаларға жоспар құрғызу;
—     көркем әдебиет,газет-журнал оқуға насихаттау,
—     газет-журналдарға оқушылардың үздік жұмыстарын жіберу;
—    түрлі шығармалар мен оқулар байқауына қатыстыру;
—    пән олимпиадаларына қатыстыру.
Сынып жоғарылаған сайын жұмыс түрлері де күрделене түседі. Негізінен жұмыстардың ең бастысы оқушылардың сөздік қорын байытып, өз ойын жүйелі түрде ауызша және жазбаша дұрыс жеткізе алуға үйрету деп санаймын.
«Шығармашылық тапсырмалар» атауы педагогикада белгілі, екі құрамдас бөліктен тұрады. Шығармашылықты,
— біріншіден, оқушылар дербес, өз бетімен ойдан жаңаны құрастырады
— екіншіден, жағдай тудырушы материалдар даярлап, шығармашылыққа икемдейтін ересек адамның қатысуы қарастырылады.
Дарындылық—адамның өз бейімділігі арқылы, шығармашылықпен жұмыс істеу арқылы қалыптасатын қасиет. Дарындылық пен қабілеттіліктің не екенін, оқушы дарындылығын анықтайтын психодиагностикалық әдістемелердің тиімділігін, нәтижелілігін білетін мұғалім ғана дарынды оқушымен нәтижелі жұмыс істей алады.
Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты—олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал мақсатқа жету- оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту және оқушылардың танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады.
Оқушы шығармашылығын дамыту – білімдік үрдіс субъектілерінің және білім мазмұны мен жүйелердің өзара әрекеттесу аймағы. Сөзім дәйекті болу үшін жоғарыда көрсетілген критерилерді өз іс – тәжірибемде қалай, қандай жолдармен іске асыратыныма тоқталайын.
Оқушылардың шығармашылық әрекеті мен танымдық қабілеттерін арттыруда мәтіннің алатын орны ерекше. Мәтіндерді оқу, талдау барысында оқушылардың оқиғаға қатысты өз ойларын жеткізулеріне, әңгіме кейіпкерінің қылықтарын бағалай білуіне, автордың оқиғаға қатысы, көзқарасы қандай екендігін анықтай алуына назар аударылуы тиіс. Бұл жерде жеке сөздерді жаттап қою не мәтінді аудару емес, өз бетімен, дербес жұмыс жасай, ойлай білу, білімін толықтыру, белсенді болу, деңгейлік тапсырмалар орындау.
Өз тәжірибемде оқушының шығармашылық әрекетін дамыту мақсатында 7 сынып сабағында әртүрлі тапсырмалар беруге болады:
— әңгімені, ойды жалғастыру
— мәтін бойынша жаднама құру
— ертегі ойлау
— өз көңіл күй әсерлері нәтижесінде әңгіме жазу
— өз пікірін білдіру, оны дәлелдеу.
Мұндай тапсырмалар оқушылардан қиялдау, талдау, салыстыру, себеп салдарлық байланысты айқындай білу, тұжырым жасай білу секілді ой операцияларын орындауды талап етеді.
Оқушылардың шығармашылық әрекеті мен ойлау қабілеттерін дамытуда өзіндік жұмыстар арқылы берілетін тапсырмалар пәндік білім, білік, дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Мұндай тапсырмалар негізінен сөйлеу мен тыңдап түсінуге бағытталған.
— репродуктивті жаттығулар:
— сөздікпен жұмыс
— сөздерге, сөз тіркестеріне байланысты жаттығулар.
Репродуктивті жаттығулар күрделі тапсырмаларды орындау білігін қалыптастыру жолындағы қажетті кезең болып табылса, сөздікпен жұмыс жеке сөзбен тыңғылықты жұмыс жүргізу оқушыға сөздің мағынасын жан жақты түсінуге, сөздік қорын молайтуға мүмкіндік береді.
Сөз тіркестерімен жүйелі жұмыс жүргізіп отыру оқушының сөз байлығын молайта түседі. Сөз тіркесін ойлап табу; олардың мағынасын түсініп, сөйлем құрау; сөз тіркестерін орысшадан қазақшаға не қазақшадан ағылшынға аудару; сөйлем ішінен сөз тіркесін айыра білу; жиі кездесетін грамматикалық формалар арқылы сөз тіркестерін құрау жаттығулары орындалады.
Оқушылар бұл жерде жаңа ұғымдармен танысып қана қоймайды, өзіндік жұмыстар арқылы жаңалыққа деген қызығушылықтары артады.
Жаңалыққа деген қызығушылық – басты ішкі талпыныс болып табылады. Оқушыларда жаңа, өзі білмейтін іске деген қызығушылық басым болады. Ондай істер оқушының бар ақыл – ойын, ішкі күштерін жұмылдырады және ерекше қуат береді. Осы негізде жеке тапсырмалар орындау, сөзжұмбақ, бейнесөз құрастырту қызығушылықтарымен қоса, шығармашылықтарын дамытады.
Қорыта келгенде, шығармашылық тұлға басқалардан өз ісіне деген сенімділігімен, қиял ұшқырлығымен, әдемілікті сезіне білуімен, өзгеше шабытымен ерекшеленеді. «Өз ойын жаза білу зиялылықтың бірінші белгісі. Шығармашылық адамның бақылағыштық қабілетін, қиялын, фантазиясын дамытады» — деген А. Рыбаковтың пікірі осыған дәлел.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ

  1. Б.А.Тұрғынбаева «Мұғалімдердің шығармашылық әлеуметтік біліктілікті арттыру жағдайында дамыту: теория мен тәжірибе» А.2004ж.
  2. Ж.Жеткізген «Қазақ тілін оқытудың тиімді әдістері» Алматыкітап, 2007ж.
  3. Ү.Б.Жексенбаева «Балалардың дарындылығын диагностикалау» А. 2005ж

Один комментарий к “ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖҰМЫСТАР АРҚЫЛЫ ОҚУШЫ ДАРЫНЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

  1. Уведомления: Использование методов и технологий обучения в преподавании языковых дисциплин | Сайт ӨРЛЕУ