Сайт Өрлеу

«КӨПТІЛДІЛІКТІ МЕҢГЕРУ» МЕКТЕПІШІЛІК ЖОБАНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІНЕН

«КӨПТІЛДІЛІКТІ МЕҢГЕРУ» МЕКТЕПІШІЛІК ЖОБАНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІНЕН

Казиева Марал Кадикеновна
Астана қаласы  №70 мектеп-лицей директоры       
Кожабаева Алия Алтаевна
Астана қаласы  №70 мектеп-лицейі директорының орынбасары,
ағылшын тілі мұғалімі

Көптілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік. Еліміздегі жүріп жатқан өзгерістердің мәнін пайымдау бірінен бұрын жастарды тәрбиелеп отырған ұстаздарға үлкен міндет жүктейді. Елбасымыздың жолдауында көрсетілгендей, қазіргі шәкірт ертеңгі күні әлем кеңістігіне еркін ену үшін білім беру жүйесі халықаралық деңгейге көтерілуі керек. «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны мемлекет басшысы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етті (1). Ал 2007 жылғы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты халыққа Жолдауында “Тілдердің үштұғырлылығы” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды.
Елбасымыздың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Халқына Жолдауында: “Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар — қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген салиқалы үндеуінде айтқандай, әлемдік кеңістікке енуде ағылшын тілінің маңызы зор.
Ағылшын тілі — әлемдік бизнес тілі, оны меңгеру – жастарға әлем танудың кілті болмақ. Ағылшын тілін білу біздің жастарға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі. Сол себепті де ағылшын тілінде жаратылыстану пәндерін оқыту негізінде дарынды оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамыта отырып, ақпараттық кеңістігіне ену мүмкіндіктерін кеңейту, бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында №70 мектеп-лицейде 2013 жылдан бастап «Көптілділікті меңгеру» тәжірибелік алаңы өзінің жұмысын жүргізіп келеді.
Негізгі бағыттары:
—   Баланың сөздік қорын кеңейте тілін дамыту;
— Жаңа сөздердің мағыналарын жетік түсіну;
— Синонимдер мен антонимдерді қолдана білу;
— Сөз тіркесі , сөйлемдерді дұрыс қолдану;
— Сөзді байланыстырып сөйлеуге үйрету;
— Диалог түрінде сөйлей білу.
Жұмыс мақсаты: Математика пәні мен ағылшын тілін  кіріктіре отырып оқушылардың  тілдік ортаға ену арқылы өзге тілді үйренудің тиімді жолдарын анықтау.
Негізгі міндеттер: 

  • Нысаналы сыныптар мен жобаға қатысатын мұғалімдерді анықтау.
  • Оқушылардың математика және ағылшын тілі пәндері бойынша оқу дағдылары туралы деректерді жинақтау.
  • Оқушыларды тілдік ортаға тарту жолдарына қатысты мұғалімдердің теориялық білімдерін толықтыру үшін арнайы оқулар жүргізу;
  • Қысқа мерзімді жоспардан орта мерзімдік жоспарлауға көшу.
  • Мұғалімдер теориялық алған білімдерін өз тәжірибесінде қолдану:

-WEB ойын сабақ үлгілері арқылы оқушылардың оқу-танымдық қызығушылығын ояту;
4)  Оқушылардың математика және ағылшын сабақтарында мотивациясының жақсарғанын анықтау.
5) Оқушылардың математика және ағылшын тілі пәндері бойынша тілдік және пәндік дағдыларының жақсарғанын анықтау.
6) Алған деректерді алғашқы деректермен салыстыру.
7) Қорытынды мен ұсыныстар шығару.
Қажетті материалдар мен зерттеу әдістері:
— Нысаналы сыныптарда саулнама жүргізу;
— визуалды бақылау;
— теориялық материалдарды оқу;
— математикалық деректер, талдау және алған деректерді сурыптау.
Астана қаласы Білім басқармасының 29.08.2013ж. әдістемелік кабинетпен келісілген №70 мектеп-лицейдің жұмыс оқу жоспары бекітілді. Мұнда оқу жоспарының лицей компонентінен «Mathematics» факультативтік курсы 5-6-7 лицей сыныптарында аптасына 1 сағат (барлығы 34 сағат) жүргізілді. Алғашқы жұмыс та, алғашқы қадам да осы курс болды. Жұмыс барысындағы басты мәселе — ағылшын тіліндегі оқу материалын қазақстандық стандартқа сай сәйкестендіру. Білім  беру үрдісінде ағылшын тілінде жаратылыстану пәндерін оқыту өзекті мәселелердің қатарынан орын алуда. Сондықтан алғашқы жылы керекті материалдар ғаламтор көздерінен алынды.
Бұл бағдарлама 5-6-7-сыныптағы математика курсын толық қамтиды. Ауызша есептер мен терминдерді жаттауға баса көңіл бөлінді. Әр тараудың соңында міндетті түрде ағылшын тілінде математикалық диктант жұмыстары жүргізілді. Математика пәнін ағылшын тілінде оқыту оқушылардың сөздік қорын кеңейте отырып, жаңалық ашуға, әртүрлі бақылаулар, тәжірибелер жүргізуге құлшындырды. Берілген тапсырмалар оқушыны өз бетімен ізденуге, танымдық және шығармашылық икемділіктерін дамытуға бағытталды. Сонымен қатар, алған білімі өмірге деген қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында меңгерілуі қажет екендігі оқушы санасында берік қалыптасты. Ағылшын тілін меңгерудегі қосымша берілетін математикалық термин сөздігі оқушылардың сөздік қорын дамытты, сөйлеу дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Алғашқы болса да, бұл курсты ендіру тәжірибеге батыл ендірілді.
Ағылшын тілінде оқытылатын пәндер бойынша жоба басында  нысаналы сыныптар ретінде  таңдалып алынды. Жоба басындағы және жоба соңындағы білім сапасын салыстырғанда, өсу байқалады.Ағылшын тілі пәні бойынша:

нысаналы сыныптар Жоба басындағы білім сапасы Жоба соңындағы білім сапасы
6 «Д» 39 % 56 %
6 «Е» 49 % 68 %
7 «В» 43 % 71 %

Осы сыныптарда пәндік оқу дағдыларының көрсеткіші де салыстырылды. Көрсеткіш төмендегіше:

нысаналы Жоба басындағы білім сапасы Жоба соңындағы білім сапасы
айтылым тыңдалым айтылым тыңдалым
6 «Д» 50 % 30 % 70 % 50 %
6 «Е» 45 % 20 % 50 % 32 %
7 «В» 55 % 50 % 65 % 62 %

  
Екінші және үшінші тілді меңгеру барысында туындайтын маңызды сұрақтардың бірі — оқу бағдарламалары мазмұнының оқушыларға түсінімділік деңгейі. Көптеген коммуникативті әдіс  стратегиялары оқу бағдарламалары мазмұнын оқушыларға түсінікті ету үшін скаффолдинг үрдісі арқылы икемделуі мүмкін.  Скаффолдинг – оқыту үрдісінде кең қолданылатын стратегиялардың бірі.  Бұл мәлімдемеде көтерілетін сұрақтардың көбі оқу бағдарламалары мазмұны үшін маңызды болып табылады. Қазақстанда қолданылатын «қорғалған» стратегиялардың бірі тіл мен пәнді кіріктіріп оқыту болып табылады (CLIL). Марш (1994) CLIL-ге келесідей анықтама береді “пән немесе пәннің кейбір бөлімдері шетел тілінде оқытылады, себебі мұнда екі мақсат көзделген: пәннің өзін оқыту және де шетел тіліне жаттықтыру.” Мектеп оқытушылары
CLIL  тиімді әдіс ретінде таңдап алды, себебі оның мынадай артықшылықтары анықталды :

  1. Сөздік қорды ұлғайтады
  2. Жергілікті мұғалімдердің ағылшын тілі білімін дамытады
  3. Оқушылардың дербестігін нығайтады CLIL-ды орта мектептерде қолдану мүмкіндігі: 4. Қажетті әдіс
  4. Ертерек бастау қажеттілігі
  5. CLIL көзделген тілмен жұмыс жасауға мүмкіндік береді
  6. CLIL ағылшын тілі білімін дамытады
  7. CLIL жоғарғы деңгейде ойлауды дамытады

Қазіргі күні тәжірибелік алаң бойынша жаратылыстану бағытындағы пәндер, оның ішінде математика, информатика, биология, география пәндерінен 5-8 сыныптарда таңдау пәндері ағылшын тілінде жүргізілсе, 7 — сыныптарда дүниежүзі тарихы орыс тілінде жүргізіледі. Бастауыш сыныптарда қазақ тілі, орыс және ағылшын тілінде командалық оқыту арқылы оқушылардың үш тілді ерте жастан меңгеру тәжірибесі де нәтиже бере бастады. Оқушылар мектептің сабақтан тыс жұмыстары арқылы өздерінің тілдік дағдыларын кеңінен қолданып, театр сахналарынан, олимпиада, ғылыми жоба сияқты білім сайыстарына белсене қатысып, нәтиже танытып жүр. Педагог қызметкерлердің тілдерді меңгеріп, оны іс жүзінде қолдана білудің сапалық құрамын жасақтауда биология пән мұғалімі Ж.Орақбаева ағылшын тілінің 4 айлық курсын оқуда, математика пән мұғалімі К.Амирханов пен география пән мұғалімі Т.Машенов  ағылшын тілін еркін меңгерген. Осы оқу жылында информатика пән мұғалімі Ж.Мақсұт , физика пән мұғалімі А.Болыс,  ағылшын тілінің екі айлық курсын бітіріп, терминология ретінде пәнді ағылшын тілінде бере бастады, өз бетінше ары қарай білімдерін шыңдауда.

  • Тәжірибелік алаң жұмысы бойынша республикалық, қалалық деңгейде тәжірибе тарату семинарлары ұйымдастырылды. Биылғы оқу жылында «Жеке тұлғаның көп аспектілі қыры арқылы полилингвизмді тұлғаны жетілдіру» тақырыбында үш тілде сабақ беретін пән мұғалімдеріне арналған қалалық семинар болып өтті. Семинар аясында мектебімізде география, биология, математика, информатика пәндері ағылшын тілінде сабақ өткізді.  Әсіресе  «Climate and weather» тақырыбындағы география сабағын өткізу барысындағы оқушылардың білімін жүйелі тексерудегі «kahot» әдісі қатысушылардың қызығушылығын арттырды.  «Mathematical strategic games» тақырыбындағы математика сабағында оқушылардың ағылшын тілінде ойын стратегияларын пайдалана отырып, сыни ойлауларын дамытты. «Computer devices» тақырыбындағы сабақта информатика пәні бойынша ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жүйелі пайдалана отырып, ағылшын тіліндегі термин сөздерді қолданылуы жоғары деңгейде көрсетілді. Ал «Елтану» таңдау сабағы бойынша 10 — сыныптарды әр елдің салт-дәстүрін үш тілде насихаттауы және тілдік қорларын дамытудағы әдіс-тәсілдер сабақта тиімді пайдаланылды. Семинар барысында «Әр халықтың ана тілі-білімнің кілті» тақырыбындағы тілдер әлеміне саяхат кезінде оқушылардың үш тілде емін-еркін өз ойларын жеткізуі «Көптілді меңгеру» тәжірибелік алаңның  нәтижелі жұмысын көрсетті. Оның ішінде ағылшын тілі  мұғалімі А. Базардың 5-7 сынып оқушыларынан құралған ағылшын тіліндегі театр үйірмесінің авторлық жобасын құрып, қала көлемінде қорғап, жұмысы республикалық деңгейде таратылып, үйірме жұмысының әдістемелік құралы 2016 жылы педагогикалық инновациялық идеялар фестивалінде жүлделі ІІ орынға ие болды. Оқушылардың көптілді құзіреттіліктерін дамытуда қазақ, орыс, ағылшын тілі пән мұғалімдері бірлесіп өткізетін іс-шаралар жиі ұйымдастырылады.
  • Оқушылардың ғылыми жобалар сайысында халықаралық деңгейде үш тілді еркін меңгерген оқушылардың жетістіктері де жетерлік. Мысалы, физика пәнінен Байқоңыр қаласында өткен «Ғылым әлемін ашамыз»  халықаралық жобалар сайысында 2 оқушы ІІ орын, Тбилиси қаласында математика пәнінен халықаралық  Грузия «IYPO» жобасынан 2 оқушы ІІІ орын, Бразилияда өткен халықаралық «MOSTRATEC» жобасынан математика пәні бойынша 1 оқушы ІІІ орын, биология пәні бойынша 1 оқушы ІІ орын, Алматыда физика пәні бойынша «Infomatrix-Asia&Pacific» компьютерлік жобадан 2 оқушы ІІІ орын алған.

Қорытындылай келе, осы әдістердің бәрінде де жазылым, оқылым тапсырмаларынан бұрын айтылым мен тындалым тапсырмаларын орындау қажет.  Тілдік емес пәндерді оқытуда қолданылатын «қорғалған» стратегиялар кез келген тілде оқу және ойлауға қажетті түсінік негізін қалауға бағытталған сөздік қорды молайту және білімді тереңдету үшін қолданылады. Сондықтан тіл мен пәнді кіріктіріп оқыту және «қорғалған» стратегиялар жиынтығы тілдік деңгейі орташа оқушыларға арналғаны туралы зерттеу ақиқат деуге болады.
 
Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қасенова А. Т. «Қазақстандағы үш тұғырлы тіл мәселесінің қалыптасуы»// Әдікер жаршысы., №7, 2009
  2. «ЖАҢА ӘЛЕМДЕГІ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы, Астана қ., 2007 жылғы 28 ақпан, http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K070002007_
  3. NIKULA, T. (2015). Hands-on tasks in CLIL science classrooms as sites for subject-specific language use and learning. System, 1-14. http://dx.doi.org/10.1016/j.system.2015.04.003

Один комментарий к “«КӨПТІЛДІЛІКТІ МЕҢГЕРУ» МЕКТЕПІШІЛІК ЖОБАНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІНЕН

  1. Уведомления: Внедрение трехъязычного образования в рамках обновления содержания среднего образования: состояние и перспективы | Сайт ӨРЛЕУ