Сайт Өрлеу

ЗАМАНАУИ ҚҰЗІРЕТТІ ТҰЛҒАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДА ҮШТІЛДІ БІЛІМ БЕРУДІҢ РӨЛІ

ЗАМАНАУИ ҚҰЗІРЕТТІ ТҰЛҒАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДА ҮШТІЛДІ БІЛІМ БЕРУДІҢ РӨЛІ

Пердебаева Раушан Смадияровна
ОҚО бойынша БАҰО АҚФ ПҚБАИ
«Басқару және білім беру сапасы»
кафедрасының аға оқытушысы

Елбасы жыл сайынғы Қазақстан халқына арнайтын дәстүрлі жолдауларында да тіл саясатына, оның ішінде қоғамдағы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесіне көңіл бөлген болатын.

Білім мен ғылымның, экономиканың, бизнестің, саясаттың, жалпы бәсекелестіктің қарыштап дамып отырған бүгінгідей жаһандану кезеңінде Елбасы көрегендік танытып, алдымызға үш тілді білу қажеттігін қойып отыр. Әсіресе, өскелең ұрпақ пен жастар алдында бірнеше тіл білу міндеті тұр.

Мемлекет басшысы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Қазақстан халқына Жолдауында: “Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі —жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі”, — деген болатын. Бүгінгі білім беру жүйесі модернизацияланған заманда көп тілді меңгертуге аса назар аударылып, жан-жақты жол ашылған. «Келешекке кемел біліммен»,-деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұстаным еткендей, келшекке терең біліммен қадам басып, әлемдік білім кеңістігінің құпияларына үңіліп, қоғамға бейім, өз қабілетін таныта алатын, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген құзіретті тұлғаны қалыптастыру басты мақсаттардың бірегейі болып отыр.

Үштілді оқыту – заман талабы. Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі. «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны мемлекет басшысы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етті. Ал 2007 жылғы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты халыққа Жолдауында “Тілдердің үштұғырлылығы” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. Елбасымыздың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Халқына Жолдауында: “Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар — қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген салиқалы үндеуінде айтқандай, әлемдік кеңістікке енуде ағылшын тілінің маңызы зор. [4, 41]. Ағылшын тілі — әлемдік бизнес тілі, оны меңгеру – жастарға әлем танудың кілті болмақ. Ағылшын тілін білу біздің жастарға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі. «Ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүние жүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек» [4, 49]. «Үштілділік — нақты тұлға, ұжым, халықтың белгілі бір қоғамда қарым-қатынас үдерісінде қажет болған жағдайда үш түрлі тілді алма-кезек қолдану құбылысы»,-Б. Хасанұлы анықтама бергендей [5, 4], бүгінде оны қолдануға жан-жақты күш салынуда.

Білім беру жүйесінде оқушының бойында коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыруда ақпараттық-коммуникативтік технологияның рөлі ерекше. Бұл технологияны қолдану оқушылардың қызығушылығы мен белсенділігін және жұмыс істеу шеберлігі мен қабілеттіліктерін арттырады. Бағдарламаны жақсы меңгеруге, өз жұмысын жоспарлауға, өз бетімен жұмыс істеуге үйретеді. Оқушының қазіргі заман талабына сай білім алуына, білім сапасына тікелей әсер ететіндер – ақпараттық құралдар. Қазіргі кезде оқушыларға ағылшын тілін оқытудың әртүрлі деңгейлеріне сәйкес оқытудың жаңа технологияларын, ақпараттық және компьютерлік жүйелер арқылы ізденіс жұмыстарын жандандыра түсудің барлық мүмкіндіктері жасалған. Шетел тілін оқытуда лингафондық құрал-жабдықтар, аудио, видео кешені – оқушылардың ауызша және жазбаша аударудағы білім жетілдіру, сөздік қорын қосымша жаңа сөздермен байыту, толықтыру, ой-өрісін дамыту мақсатында қолданылады. Сондай-ақ оқыту процесінде мультимедия бағдарламасының көмегімен, ғаламтордан алынған әлемдік жағдайлар, педагогикалық технологиялардың түрлі әдіс – тәсілдері, комуникативтік бағыттағы оқыту элементтері кең қолданылады. Тілге байланысты оқу процесінде жүйелі жетілдіру жұмыстары жүргізіліп отырады, атап айтсақ ашық сабақтар, пікір-сайыстар, семинар, конференциялар, практикалық сабақтар, дөңгелек үстелдер, кездесулер, өзара сабаққа қатынасып талдау, оқушылардың зерттеу жұмысымен айналысулары.  Қазақстанның болашағы көптілді білім берумен қатар 12 жылдық білім беру саласында осы мақсатты жүзеге асыру мәселесі болып саналады. Сондай-ақ 12 жылдық білім беру үлгісіне ауысу мұғалімнен инновациялық, шығармашылық тұрғыдан ойлауды талап етеді. Кәсіби педагогикалық шеберлікті, шынайылықты талап ететін қазіргі заманда ұстаздың әрбір ісін, жоспарын мұқият зерделеуін қажетсінеді. Яғни жаңаша білім беруде оқытушыларға қойылатын талаптар. Сондықтан көптілді білім берудің мақсаты: әлем бірлестігінің жағдайында бәсекеге түсе алатын көптілді тұлғаны дамыту. Міндеттері: әр оқушының жеке қабілеттерін көптілді дамытуды қамтамасыздандыратын жағдай жасау; әртүрлі деңгейдегі мәселелерді шешуге бағытталған оқушылардың жобалары. Күтілетін нәтиже: Көптілді меңгерген, өзін-өзі әлеуметтік және кәсіби билеуге, өздігінен дамуға, өздігінен жетілуге қабілетті тұлға. Бүгінде елімізде ағылшын тілді мамандарды даярлау ісіне ерекше мән берілуде. Алайда, бізде қазақ және орыс тілдерін игеру сияқты ағылшын тілін үйрену, сондай-ақ осы тілде сабақ беруде көптеген кемшіліктер бар. Оның салдарын барлығымыз сезініп отырмыз. Көптілді білім беру жүйесі аясында білім

саласындағы оқу-әдістемелік құралдар қайта қарастырылады. Себебі осы саладағы ағылшын тілін оқыту жұмысы әлемдік талапқа сай емес. Осыған байланысты келешекте осы мәселені шешу үшін нақты іс-шаралар т\u1257 .тізілу керек.

Сондықтан жоғары білім беруді жаңартудың негізгі құжаттарында ең негізгі мақсат білікті маман даярлау деп көрсетілген болатын. Ол жауапкершілігі мол, өз мамандығы бойынша халықаралық стандарт деңгейінде тиімді іс-әрекетке қабілетті болуы, кәсіби деңгейінің өсуіне ынталы болуы, әлеуметтік және кәсіби бейімділігі жоғары, үш тілді: мемлекеттік тілді-қазақ тілін, ұлтаралық қатынас құралы ретінде орыс тілін, дүниежүзілік экономикалық кеңістікке кірігу тілі ретінде ағылшын тілін еркін меңгерген тұлға болуы тиіс. Бұл міндетті шешудің маңыздылығы Қазақстанның жаhандану жағдайында ұлттық білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ұмтылысымен анықталады. Оның жүзеге асырылуына Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобасы септігін тигізді деп айтар едім. Қазақстандықтардың үш тілді еркін меңгеруі туралы идеяны тәжірибе жүзінде іске асыру бүгінде отандық мектептен маманның шығармашылық өзін-өзі жетілдіру саласын дамытуға, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық саласында қызмет етуін қамтамасыз етуге, оның ұлтаралық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығыйту факторы ретіндегі рөлін арттыруға, орыс тілінің лингвистік белсенділігін сақтауға және ағылшын тілін ғылыми ақпарат пен жаhандану экономикасына сәтті кірігу тілі ретінде енгізу бағытталған көптілді білім беруді енгізуді талап етеді. Бұл мәселенің бүгінде мемлекеттік деңгейде талқыланып, білім реформалары аясында қарастырылып отырғандығы қуантады. Қазіргі таңда оқушыларға компьютермен, интернетпен,интербелсенді тақтамен сабақ өткізу толығымен жолға қойылып отыр. Көптеген мұғалімдер осы уақытқа дейін техникалық құралдармен сабақ өтіп, оның қаншалықты тиімді екенін дәлелдеді. Компьютермен сабақ өткізу арқылы оның қолданылуын үйрене отырып телесабақтарды тың, жаңа деңгейде өткізуге, оқытушы мен оқушының қарым-қатынасының педагогикалық және методикалық тұрғыдан сараланып алынған алуан түрлі қызмет түрлерінің қолданылуы жүзеге асады. АКТ қолдану барысында өздерін қызықтыратын әр түрлі мәселелерді шешуге болады және талқылайды. Компьютермен бала жазады, оқиды, түрлі тестілер орындайды. Техникалық құралдарды пайдаланудың ең тиімді жағы уақытты ұтасың, дәл, тиянақты оқу-материалдарын алдын-ала дайындап, оқушыға беріп отырсаң өзінен-өзі жасауға тырысады, қызығады, жасамай, үлгермей отырған оқушы болмайды, себебі оның алдында бәрі дайын тұр. Сонымен қатар мұғалім қазіргі мектептегі ақпараттық құралдарды жетік меңгеру, Power Point, Active Studio бағдарламаларымен жұмыс істеп қана қоймай үнемі интернет жүйесіндегі жаңалықтар мен өзгерістерді өзінің кәсіби шеберлігіне қолдана білу, білім кеңістігін кеңейту, ашу бағытындағы өзгерістер мен әлемдік білім беру кеңістігіне кіруге талпыну керек. Соңғы кезде уақыт көрсетіп отырғандай, мұғаліммен салыстырғанда оқушыда көп ақпарат болатыны кейінгі көрсетілген тәжірибелер дәлелдеп отыр. Сондықтан әрбір мұғалім өз қызметіне ақпараттық технологияны пайдалана білуі кажет. Бұл мәселе білім беруді ақпаратттындырудың қажетті шартына айналып отыр.

Қазіргі кезде адамның кәсіби шеберлігіне, білім өрісіне, зиялылық және танымдылық деңгейіне өмірдің өзі биік талаптар қойып отыр. Бүгінгі күні көкейкесті болып отырған білімнің құзырлылық ұстанымын жүзеге асыру құралы ретінде педагогикалық технологиялар мен белсенді оқыту әдістерінің алар орны ерекше. Әрекетке негізделген технологиялық оқыту танымдық белсенділігі жоғары, өмірде әртүрлі мәселелерінен хабардар, кез келген тапсырманы орындауға қабілетті, қолынан іс келетін (құзырлы) азаматтарды қалыптастырады

Қорыта айтатын болсақ, үштілде білім беру бағдарламасы аясында үштілді меңгеру тәжірибесін жинақтап, әлемдік деңгейде көтерілуіміз керек. Бұл оқушылардың халықаралық жобаларға қатысуын кеңейту, шетелдік әріптестермен ғылыми

байланыстарын нығайтуға, шетел тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Елдің ертеңі өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтарын өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік озық ой-пікірімен ұштастырған сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет. Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына жолдаған Үндеуінде: «Біздің болашағымыз білікті де, білімді жастардың қолында»- деп атап көрсетсе, сол жастарды мектеп табалдырығынан бастап дайындауға көш алдында болайық.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Ақиқат. 2013 жыл, №1. «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы.
  2. Ақиқат. 2011жыл, №4. «Ел тәуелсіздігінің нышаны – мемлекеттік тіл», ф.ғ.к. М.Салқынбаев. 2.Ақиқат. 2013 жыл, №1. «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты.
  3. Л.Б.Елшібаева. Қазақстандағы көптілді білім беру жүйесі // Үш тұғырлы тіл: бүгіні мен ертеңі: Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Респ. ғыл.- практ. конф. материалдары. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2011. — 174- 177 бет.
  4. 12 жылдық білім. ғылыми-әдістемелік, ақпараттық-сараптамалық журнал, №3 2008ж
  5. Мектептегі шет тілі. Республикалық әдістемелік-педагогикалық журнал. №4 (22), 2006, №2(44), 2010

Один комментарий к “ЗАМАНАУИ ҚҰЗІРЕТТІ ТҰЛҒАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДА ҮШТІЛДІ БІЛІМ БЕРУДІҢ РӨЛІ

  1. Уведомления: Внедрение трехъязычного образования в рамках обновления содержания среднего образования: состояние и перспективы | Сайт ӨРЛЕУ