Сайт Өрлеу

ҮШТІЛДІЛІК — БОЛАШАҚҚА АПАРАР ЖОЛ

ҮШТІЛДІЛІК — БОЛАШАҚҚА АПАРАР ЖОЛ

А.Ж. Мамбетбаева,
А.Е. Ниязова

«Тілдердің үштұғырлығы мәдени  жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Ата-аналар балаларына білім беруге ұмтылуы тиіс. Үштілділік міндетті!»
(Н.Ә.Назарбаев)

Кез келген әңгіменің құндылығы мен өзектілігі, негізінен қозғаған тақырыбына  қарай, сол тақырыпты ашу деңгейіне орай бағаланатыны белгілі. Ендеше, біздің әңгімеміздің төркіні — үштілділік мәселесін қозғай отырып, ағылшын тілінің қоғамдағы орнын анықтау. Елбасымыздың, көптеген лингвист ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің пікірлеріне сүйене отырып, дәлелді ойлар тарқатылмақ.  Үштілділік жөнінде Елбасымыздың тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамыз.

Әлемде орасан зор ғылыми және техникалық оқулықтардың ағылшын тілінде шығатынын және оның барлығының қазақ тіліне аударыла бермейтінін білеміз. Елбасымыздың айтуынша, жастар қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін ұлтаралық қарым-қатынас үшін және ағылшын тілін халықаралық қатынас тілі ретінде тануы керек. «Мәселен, Швейцарияда таксидің әр жүргізушісі бес тіл білуі тиіс. Мұның өзі ештеңе емес, жастар меңгеруі тиіс», — деді мемлекет басшысы. Ол әлемде орасан зор ғылыми және техникалық оқулықтардың ағылшын тілінде шығатынын және оның барлығының қазақ тіліне аударыла бермейтініне тоқталды.  «Қазақстанда жұмыс істегің келсе, жұмыссыз болу мүмкін емес. Ал егер жұмыс істегісі келмесе — мұндайларды қайта тәрбиелеп шығару керек», — деді Елбасы.

Үштілділік — нақты  тұлға, ұжым, халықтың белгілі бір қоғамда қарым-қатынас үдерісінде қажет болған жағдайда үш түрлі тілді алма-кезек қолдану құбылысы.Біз үштілділікті тәуелсіз еліміз үшін стратегиялық мәні ерекше құбылыс деп бағалаймыз, сондықтан да бұл құбылысты төрттілділік пен бестілділіктен бөліп қараймыз, үштілділіктің кез-келген сыңары ретінде кез- келген шет тілін алуға болар еді, бірақ біз бұл жерде де қоғамның нақты сұранысы басым түскен қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне ерекше мән берген жөн деп түсінеміз.

Атап айтсақ, саясаттанушы Т.Әбдуәлидің: «Мемлекет басшысы жаһандану жөнінде мәселе көтергенде де өре түрегелдік. Жаһандану дегеніміз қарапайым сөзбен айтқанда жоғары деңгейге жеткен елдермен қарым-қатынасымызды нығайту. Соның бірі — тілдік коммуникация. Бұл үшін халықаралық қатынас тілі болып жүрген ағылшын тілін үйренуге жастарымызды жатпай-тұрмай баулуымыз керек. Оның      қажеттілігін уақыт өткен сайын өткір сезініп келеміз» деген ойын оқытушы            Т.Тәңірбергенқызы ары қарай жалғастырады: «Ағылшын тілін үйренгеннен біз мәңгүрттенбейміз. Ағылшын тілі қазақ тілін үйренуге ешқандай кедергі жасамайды. Тек соны түсіне білуіміз керек. Себебі, ағылшын тілі мемлекеттік тілмен бәсекелес емес».

Қазіргі таңда Елбасымыз жастардың қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеруі үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап отыр. Ол: «Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады»-, деп,айта кеткен болатын. Сонымен қатар, Президент «Қазақстан 2050» стратегиясында мемлекеттілікті, демократияны және халықтың бірлігін нығайту керектігін атап көрсетті. Ол Парламенттің рөлі мен өкілеттілігін нығайтуға, ұлттық құқықтық жүйені жаңғыртуға, сот билігінің беделін көтеруге аса мән беріп кеткен. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысын жетілдіру мен нығайту да соңғы кезеңдерде емес. Əрине , осы мәселелерді дамыту үшін, өзге елдермен қарым-қатынасмызды нығайтуымыз керек, сонда біз өзге елдермен өз бірлігімзді, экономика мен халықтың мүддесін биікке көтеретін əртүрлі пробдемалық мəселерімізді көтере аламыз. Өзге елдермен қарым қатынаста бола үшін, ағылшын тілі үлкен рөл атқарады.

Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек. Үштілділікті үрейлі кейіпте елестететін кейбір ағаларымыз «мұны ең соңғы өлу деп те қорқатындығын» жасырмайды. Жоқ! Біз өзге тілдерден қорықпауымыз керек. Керісінше, сол тілдерді пайдалана отырып өзімізді өзгелерге таныта білуіміз қажет.  Мәселен, М.Әуезовтың  «Абай жолы» романы ағылшын тіліне аударылмаса Абайдай ғажап ақынымызбен қалай мақтанар едік?

Әлемдік ғаламдандырудың өткізгіші, ғаламдандыру тілі болып танылған ағылшын тілін білу — ағылшын тілді елдермен тиімді байланысқа түскен әлемдік деңгейде өз орнын ойып тұрып ала бастаған Қазақстан үшін қажеттілік. Қиындық туғызатыны — аталған үш тілді меңгерген мамандардың кездесе бермейтіні. Қазіргі күні ағылшын тілі Ұлыбританияда, Америка Құрама Штаттарында, Канадада, Австралияда, Жаңа Зеландияда  және Кариб теңізі бассейні мен Оңтүстік Африка Республикасында, Ирландияда қолданылады және орыс, араб, португал, испан, қытай тілдерімен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмыс тілдерінің бірі болып табылады. Бұрынғы Ұлыбритания мен Америка Құрама Штаттарының барлық отарларында да өз әлеуетін сақтап тұр. Жалпы Әлемдік рейтингте ағылшын тілі бірінші орын алады, мәселен Интернетте ана тілінде сөйлеушілерінің саны қытай тілінен кем болғанына қарамастан ағылшын тілі қолданушыларының саны бойынша бірінші орында тұр.

Осы арада орыс тілі мен ағылшын тілінің басқа мемлекеттерге әсері бойынша Қазақстан мен Ирландияның жағдайы өте ұқсас екенін атап өткен жөн. Мәселен, жарты мың жыл Ұлыбританияның отары болған Ирландияда әлі күнге дейін өз ана тілінде тек халықтың 25 проценті сөйлейді (Еуропада басқа тілде сөйлейтін бірден бір мемлекет). Ал Азияда халқының көпшілігі басқа тілде сөйлейтін бірден бір мемлекет — ол Қазақстан (Беларусьті есепке алмаймыз, өйткені оның жағдайы өзгеше әрі беларус тілі шығыс славян тілдері семьясына жатады). Қазақстан Ресей империясының құрамында ширек ғасыр, яғни 260 жыл болғанын атап өткен жөн.

Біздің тақырыбымыз үшін қызығушылық тудыратын елдер ол бұрынғы Югославия мен Швейцария. Оңтүстік славян тілдерінде сөйлейтін бір елдің көптеген мемлекетке ыдырауында ешқандай тілдік рөл болған жоқ, ал Швейцарияда неміс тілді, итальян тілді, француз тілді және роман тілді швейцариялықтардың бар екенін әрі ешқандай да ол тілдердің бір біріне қауіп төндірмейтіні анық.

Біздің тақырыбымыз үшін тағы бір қызығушылық тудыратын елдердің бірі ол – Үндістан. Мысалы, Қазақстан жағдайымен салыстыратын болсақ Үндістанда мемлекеттік тіл хинди тілі, ағылшын тілі ұлтаралық қатынас тілі болып саналады, сондай-ақ 18 ең жиі таралған тілдер өңірлік тілдер деп жарияланған, Қазақстандағы жағдайды алатын болсақ, бізде қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі, ал ағылшын тілі жаһандық экономика тілі деп жарияланды.

Біздіңше тілдік саясатта жетістікке жеткен екі елді айрықша атап өтуге болады. Біріншісі өлі тілді қайта тірілткен Израильдің жанкештілігі (иврит тілін жандандыруы). Екіншісі сөйлеушілерінің саны бойынша өз елінде 60 процент болғанына қарамастан кезінде ағылшын және қытай тілдерінің үстемдігі білініп тұрған, тіпті екінші сортты болған малай тілінің шынайы мемлекеттік тілге айналуы. Қазақстанда әлемдік тәжірибенің ішінен Балтық бойы елдерінің де, Орта Азия елдерінің де және Дүние жүзінің басқа да елдерінің ішіндегі тәжірибесін пайдаланбай-ақ, үлгі алуға тұрарлығы дәл осы Малайзия үлгісі.

Қазақ тіліне қатысты мәселелер бұрын қозғалғандықтан оған тоқталып жатуды артық санадық.
Енді тақырыбымызға қайта оралып, ағылшын және қазақ тілдеріне қатысты мәселелерге тоқтала кетсек.
Қазақстанда ағылшын тілінен қазақ тіліне аудару проблемасы бар ма?
Әрине, біз Қазақстанда мұндай проблеманың бар екенін жасырмаймыз. Бірақ ол қаншалықты көкейкесті және өз шешімін таба ала ма?

Біздің ойымызша бұл проблеманың туындау себебінің түп-төркіні алыста жатыр. Еске түсіріп көрейікші, мәселен, біздер Кеңес Одағы тұсында қазақ мектебінде оқыған балалар ағылшын тілін қай тілде оқыдық? Әрине, орыс тілінде. Мәселенің мәнісі Қазақстанда ағылшын тілі ұзақ жылдар бойы қазақ тілінде оқытылмай, орыс тілінде оқытылуына байланысты болып отыр. Ауылдық жерде немесе қалада орналасқанына қарамастан кез келген қазақ мектебінде ағылшын тілі ана тілінде оқытылмады. Мектеп оқушысы әлі орыс тілін игермей тұрып, орыс тілінде ағылшын тілін оқуды бастайтын. Ана тілінде, яғни қазақ тілінде шетел тілін оқыту деген сирек құбылыс еді. Мысалы, біздің практикамызда қазақ тілінде бір ғана ағылшын тілінің оқулығы бар болатын (English – Ағылшын тілі, авторы Ж. Қалиев, В.С. Мальцев, З.Н. Очаковская, «Мектеп» баспасы, 1981 жыл). Дәл сондай жағдай мектепте ғана емес, сонымен қатар жоғары оқу орындарында да болған еді.

Бірақ, ХХ ғасырдың 80-90 жылдары жағдай өзгере бастады. Қазақ мектептері жаппай ашыла бастады, әсіресе өңірлер мен ірі қалаларда қазақ тіліндегі мектептердің саны артты. «Көп қорқытады, терең батырады» демекші қазақ мектебінде оқушылардың санының артуымен байланысты енді ағылшын тілін бұрынғыдай орыс тілі арқылы емес, ана тіліміз — қазақ тілі арқылы үйренудеміз.

Жоғары оқу орындарының студенттері де ағылшын тілін қазақ тілінде оқитын болды. Жоғары оқу орындарында оқитын қазақ студенттерінің саны қазіргі күні 65 пайызға жетуі де маңызды фактор болып отыр. Егер Кеңес Одағы дәуірінде педагогикалық жоғары оқу орындарынан басқа барлық жоғары және орта арнайы кәсіптік оқу орындарында сабақтар орыс тілінде жүргізіліп келген болса, қазіргі күнгі 65 пайызды үлкен жетістік деп санауымыз қажет.

«Тілдердің үштұғырлығы» жобасы Қазақстан Республикасы азаматтарының ағылшын тілін оқып-үйренуі үшін жағдай жасауды болжайды: барлық жалпы білім беретін мектептерде, оның ішінде шет тілдерін тереңдетіп оқытатын мамандандырылған мектептерде, орта арнаулы, жоғары оқу орындарында ағылшын тілін оқытудың сапасын арттыру; кадрларды даярлаудың, оқу процесін әдістемелік және оқу құралдарымен қамтамасыз етудің икемді жүйесін жасау қажет.

Осы мақсат үшін:
1) жалпы білім беретін мектептерге ағылшын тілінің шетелдік оқытушыларын тартуды қамтамасыз ету;
2) мемлекеттік қызметшілерге қазақ және ағылшын тілдерін жеделдетіп оқытуға арналған жалпы пайдаланылатын қағидалық сөздіктер, оқулықтар, оқу бағдарламалары мен жоспарлар, әдістемелік құралдар, интерактивті оқыту жүйесін, инновациялық-әдістемелік бейнесабақтар әзірлеу және шығару болжануда.

Бұл ретте, қазақ тілін меңгергендердің ағылшын тілін меңгеруі оңай екенін білу маңызды. Бұл мемлекеттік тілді насихаттау мәселесі емес, әртүрлі объективтік көрсеткіштерді растайтын факті. Мысалы, жалпы әлемдік тілдерге түркі тілдері 26 мың сөз сыйлаған болса, ағылшын тілінде шашамен 4500 мың түркі тілдерінен енген сөздер кездеседі. «Тіл» журналына берген интервьюінде «Заман-Қазақстан» журналының журналисі Ахмет Аляз осындай деректерді келтіред Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда 98 америкалық пен 81 ағылшын тұрады, амеркалықтардың 78-і ағылшынның, 71-і өз ұлтының тілін меңгерген. Бұл күллі тұрғынның 1 пайызын құрайды. Ұлт деңгейінде алсақ,  ағылшын тілін меңгергендердің тең жартысын жергілікті қазақтар құрайды. Басқаша айтқанда, ағылшын тілін меңгерген қазақ саны – 53 743, бұл – ұлт арасындағы үлкен көрсеткіш және күллі қазақтың 0,7 пайызы деген сөз.Сонымен қатар  әлемдік дамудың жалпы тенденцияларын ескере отырып, білім беру жүйесіне тоқтала кетсек. Мәселен, 2004 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі республиканың 32 мектептерінде (2-ші сыныптан бастап) ағылшын тілін оқытыла бастады. Қазіргі уақытта статистикаға сәйкес сол жоба бойынша салынған мектептердің саны 165 жетеді. 2007 жылы ағылшын тілінде оқытатын мектептердің жалпы саны 2, 2008 жылы – 4, 2009 және 2010 жылдары  — тиісінше 6 және 7.

Ағылшын тілін меңгеру – жастарға әлем танудың кілті болмақ. Ағылшын тілін білу біздің жастарымызға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі. Сабақтан тыс шараларда, факультативтерде, үйірмелерде үш тілді бірдей қолдану, іс-қағаздардың үш тілде жүргізілуі тілді білуді әрі қолдануды қажет етеді. Бұл шаралар тілдердің қолданысы мен дамуына жағдай жасайды және осы жұмыстарды еліміздің барлық мектептеріне енгізу – үштілділік бағдарламасын іске асырудың жолы болмақ.Біздің бұл бағыттағы басты мақсатымыз қарапайым және түсінікті: біз қоғамдық келісімді сақтауға және нығайтуға тиіспіз. Бұл — біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты.

Қазақстан патриотизмінің іргетасы — барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан алдындағы жалпы жауапкершілігі.

Бүгінгі таңда əлемдегі шығарылатын оқулықтардың 85 %-ы ағылшын тілінде. Қазақстанда 3,5 мың шетелдік компаниялар жұмыс істеуде. Біз олармен қандай тілде сөйлесеміз? Үштілділік біз үшін қалыпты жағдай болуы тиіс», — деді Елбасы Н.Ə. Назарбаев. Шет тілін білу сән емес, заман талабы екені белгілі. Туған тіліңді жетік меңгер, қастерлей біл. Бірақ бір тілмен ғана шектеліп қоймай, жан-жақты бол, тіл үйрен. Бұл сенің болашағыңның ғана емес, тұтастай ұлтыңның болашағының жарқын болуының кепілі.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Назарбаев Н.Ә. (Қазақстан халқына жолдауы). Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан – Астана, 2007
  2. Әбдуәли Т.Үштұғырлы тілден түңілмейік // Жетісу, №31. 2008
  3. Тәңірбердіқызы Т. Ағылшын тілі мемлекеттік тілмен бәсекелес емес // Қазақ әдебиеті, №48. 2008
  4. Аяпова Т.А. №12,2009 жыл//Ағылшын тілінің қолданылуы.
  5. Ақиқит. 2011жыл, №4. «Ел тәуелсіздігінің нышаны – мемлекеттік тіл», ф.ғ.к. М.Салқынбаев.
  6. Ақиқат. 2013 жыл, №1. «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы
  7. Ақиқат. 2011жыл, №5. «Қазақ тілін білу — әншейін бір ұран емес», 9. Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының ХҮІІ сессиясында сөйлеген сөзі.

Один комментарий к “ҮШТІЛДІЛІК — БОЛАШАҚҚА АПАРАР ЖОЛ

  1. Уведомления: Использование методов и технологий обучения в преподавании языковых дисциплин | Сайт ӨРЛЕУ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

*

code