Сайт Өрлеу

ҮШТІЛДІЛІК БІЛІМ БЕРУ: МАҢЫЗЫ МЕН ӨЗЕКТІЛІГІ

ҮШТІЛДІЛІК БІЛІМ БЕРУ: МАҢЫЗЫ МЕН ӨЗЕКТІЛІГІ

Сариева Асель Өстемировна
№1 Шымкент қалалық дарын мектебі
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

Көпұлтты елде өмір сүріп отырған қазіргі жағдайда бір тілді ғана білу жеткіліксіз екені анық. Дана халқымыздың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген мақалы дәл осы бүгінгі жаһандану, киберкеңістікке шығу заманына дөп келгендей. Елбасымыз жеті тілді талап етпесе де, Қазақстан халықтары Ассамблеясының 12-сессиясында «Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде үш тілді білулері тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерулері қажет» — деп, тілдердің үштұғырлығын міндеттеп берді. Мұндағы мақсат – еліміздің болашағы – жастарымыздың әлемдік білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашу, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беру, осының негізінде өмірден өз орнын таба алатын, өзара қарым-қатынаста өзін еркін ұстап, кез келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласында білімі мен білігін көрсете алатын, көптілді және көпмәдениетті құзіреттіліктерді игерген жеке тұлға қалыптастыру.

Ұлттық құрамы бірыңғай, бір ғана этнос мекендейтін мемлекетте көптілділікке аса көңіл бөлінбеуі мүмкін. Ал жүз отыздан астам ұлт мекендейтін біздің елімізде көптілділіктің орын алуы заңдылық та секілді. Әрине, үш тілді меңгеру дәрежесі сол адамның немесе бүтіндей халықтың өмір сүрген тілдік ортасы, әлеуметтік, экономикалық, мәдени өмірі, тұрмыс-тіршілігі секілді көптеген факторларға байланысты. Мысалы, Қазақстанда өмір сүретін өзге ұлт өкілдері өз тілдерін, одан басқа орыс және қазақ тілдерін қоса меңгерсе, ал қазақ халқының өз тілін, орыс тілін және де жергілікті жерді мекендеген өзге ұлт өкілдерінің тілдерін игеріп алып жатқандары аз емес. Дегенмен, бұл ішінара ғана көптілділік. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – жаппай көптілділікке көшу. Әлемдік білім беру іс-тәжірибесінде көптілді және билингвалды білім беру жаңалық емес. Айта кететін болсақ, АҚШ пен көптеген Еуропа елдерінде көптілді және билингвалды білім беру бағытында қыруар жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде жетістікке де қол жеткен. Еуропадағы мектеп түлектері мен студенттерінің өзара бірнеше тілде еркін сөйлесулері қалыпты жағдайға айналған. Люксембург халқының түгелге жуығы, әсіресе, жастары төрт тілде еркін сөйлей алады. Ең бастысы, Люксембург балалары мектепке дейін төрт жастан бастап ана тілінде, екінші сыныптан бастап француз тілінде, алтыншы сыныптан бастап ағылшын тілінде оқиды.

Бірақ, қазақстандық білім беру жүйесіне көптілді білім берудің халықаралық іс-тәжірибесінде қолданысқа енген модельдерді енгізу оңай шаруа емес екені белгілі. Әрине, бұл білім саласындағы жаңа проблема болғандықтан ол жаңа жағдайларда шығармашылық тұрғыдан іске асырылуы тиіс деп ойлаймын. Тарихи деректерге көз жүгірсек, жаһанға атағы жайылған дара тұлғалардың барлығы дерлік бірнеше тілді меңгергенін байқауға болады. Лингвистика ғылымында көп тіл білетін адамның ойлау аумағы, ой өрісі кең болатыны дәлелденген.  Ал «Әлемнің екінші ұстазы» атанған түркі ойшылдарының ең мәшһүрі Әбу Насыр Әл-Фараби 70-ке жуық тіл білген, нәтижесінде философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 150-ге тарта трактат жазған. Қазақ поэзиясының атасы — Ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгеріп, ғылым игеруде тіл білудің маңыздылығын өте жақсы ұққан. Көптілді меңгерген ұлы Абай атамыз ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы ғана емес сонымен қатар философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор ретінде танымал. Абай атамыздың осыншама көп саланы қамтуының өзі сол көп тілді білгенінің нәтижесі болуы ықтимал емес пе?

Қазақ халқының ұлы перзенті, Абылай ханның немересі Шоқан Уәлиханов араб, шағатай және түркі тілдерінің білген. Кадет корпусында оқып жүргенде орыс тілін жетік біліп үлгерген. Сол тұстарда қазақтан шыққан жалғыз зерттеуші ғалым Шоқан болғанына ешкім күмән келтіре алмайтыны анық. Оның ғылымға, зерттеушілікке деген қызығушылығы көптілді меңгергенінен кейін пайда болғаны да жасырын емес. Көптілді адам білім мен ғылымға құштар болатыны бүгінгі күнде де талай дәлелденіп отыр.

Орыстың классигі, ақыны А. С. Пушкин француз, ағылшын, неміс, итальян, испан, латын, грек, славян тілдерін білген. Тіпті, көне еврей тілін зерттеп үлгеріпті. Пушкиннің Ресейді жер жаһанға танытуда ақындығымен қатар, бірнеше тілді меңгергенінің көмегі орасан болғаны сөзсіз.

Орыстың дипломаты, драматургы, ақыны А. С. Грибоедов бейтаныс біреуге жазған хатында: «Мені . өте білімділігім славян және орыс тілін, латын, француз, ағылшын, неміс тілдерін игергенімде болса керек. Персияда болған кезімде парсы және араб тілдерімен шұғылдандым», – дейді. Дипломат сонау ХVІІІ ғасырдың өзінде бірнеше тілді білгеннің пайдасын айқын сезінген. Бұдан Б. Момышұлының «Бір тіл білген адам — бір адам, екі тіл білген адам — екі адам» деген сөзінің жаны бар екенін, яғни көптілді білген адамның көп ілімді меңгеріп отырғанын байқауға болады. Ал А. П. Чеховтың «Шет тілін білмеген адам өзін паспортсыз жандай сезінеді» деген қанатты сөзі бір тілмен шектелген адам өзін еркін, бостандықта жүргенін сезіне алмайтынын ұғындырғандай. Ендеше, «Үштұғырлы тілді» меңгеру еркіндіктің, бостандықтың, бүкіл әлем бойынша жүріп-тұрудың кепілі екені даусыз. Әрине, тек бұрынғы адамдар ғана көп тілді білген деген ойдан аулақ болғанымыз дұрыс деп есептеймін. Түркиядан Қазақстанға қоныс аударған қазақ студент Нығмет Нажмуддин мемлекеттік тілден басқа тоғыз — хинди, араб, парсы, пушту, ағылшын, түрік, урду, тәжік, орыс тілдерін біледі және де мұның барлығын өз бетінше үйренген.

Ал шығыстану факультетінде оқитын Әділбек Қоңырбай әрі кетсе төрт жылдың ішінде ғана алты тілде ойын еш қиналмай жеткізе алатын болған. Нәтижесінде Иран елінің Тегеран қаласында оқып келуге мүмкіндік алып, бүгінде аудармамен айналысып жүр. Алты тілді білетін Ақмаржан Кенжеболат жапон және түрік тілдерін өз бетінше оқып жатқанын айтқан.

Тіпті шет тілін жартылай білудің өзі пайдалы. Лондондағы Корольдік колледждің профессоры Лесли Хью өзімен бірге жұмыс істеген студент Шашикант Пхадниске лабораторияда өткізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде пайда болған трихлорсахарозды сынап көру бойынша сынақ (ағылшынша «test») тапсырған. Шет тілін жартылай білген студент «test» сөзін «taste» деп түсініп, бірден заттектің дәмін татып, оның тәтті екенін аңғарған. Осылайша, ең тиімді қант алмастырушы сукралоза табылды.

Жоғарыда айтылған ақпараттарды саралай отырып, бірнеше тілді білу тұлғаның ойлау қабілетінің нығайуына, ой-өрісінің кеңеюіне, есте сақтау қабілетінің әлдеқайда жақсаруына, тұлға ретінде дамуына мүмкіндік туғызады деген тоқтаммен келіспеу мүмкін емес. Бірақ бұл ең бастысы емес! Тек өз тілінде сөйлеп қана қоймай, өзге тілде де тілдесетін адамдарда таң қаларлық ерекшелік байқалған. Олар физикалық түрде белсенді, ширақ келеді. Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін орта мектептерінде 1 сыныптан бастап қазақ тілін, орыс тілін, ағылшын тілін оқыту енгізілуде. Үш тілді оқыту сөйлеу әрекетінің төрт коммуникативтік дағдысын (тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым) қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар ол тілдік және тілдік емес пәндерді оқыту мен мұғалімдердің де рөлін анықтайды.

Әрине, ең алдымен, тілдерді меңгертуде ең бірінші орында ана тіліміз – қазақ тілін меңгеру тұрады. Өз ана тіліне қанық болу әрбір адамға шарт. Қазақ тілі — өте бай, кең мағыналы, нағыз таусылмайтын байлық. Сол халқымыздың сөз өнерін, қазына байлығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз. Төрт қатар өлең шығара алмайтын қазақ болмаған. Ол біздің ұлтымыздың мақтан тұтар ерекше қасиеті деп білем. Суырып салма ақындықтың өзі адамның сөз байлығынан, ой тереңдігінен, білімнің молдығынан туындайтын қасиет деп ойлаймын. Осындай ерекше қасиетке ие халқымыздың дана тілін бүгінгі ұрпаққа үйретуіміз керек екені даусыз. Мемлекеттік тілдің өркендеп дамуына, келешекте ғылым тіліне айналуына жол ашу мақсатында, сонымен қатар, Қазақстанды мекендеген өзге ұлт өкілдері әлеуметтік қарым-қатынас жасауы үшін қазақ тілі еліміздегі өзге ұлт мектептерінде де оқытылуда.

Өзге ұлттың тілін жетік игеріп, сол ұлт азаматтарымен ойдағыдай тіл табыса білу – үлкен біліктіліктің белгісі. Өзге ұлттың тілін игерген адам сол халықтың ішкі жан-дүниесін түсініп, күллі мәдени құндылықтарымен таныса алады. Осы тұста халқымыздың орыс тілін білуі біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы болып табылады. Осы орыс тілі арқылы біз жылдар бойы Кеңес Одағы құрамындағы елдердегі білім, ғылым жаңалықтарымен танысып, өз дүниетанымдарымыз бен араласатын ортамызды кеңейтуге мүмкіндік алдық. Сол себепті де біз орыс тіліне қазақ тілінен кейінгі мемлекеттік тіл рет құрметпен қараймыз. «Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады» — дейді Елбасымыз. Бұл сөздермен келіспеу мүмкін емес. Ағылшын тілі әлемдегі ең кең тараған тіл болғандықтан оны білген адам шексіз мүмкіндіктерге ие екені сөзсіз. Шамамен Жер бетінде өмір сүріп жатқандардың 1,5 миллиарды ағылшын тілін меңгерген. Бұл тіл әлем бойынша халықаралық қарым-қатынас (құру) тілі ретінде ресми түрде қабылданған. Әлемдегі экономикасы дамыған мемлекеттер — Ұлыбритания мен АҚШ-тың мемлекеттік тілі. Сонымен қатар, ондаған мемлекеттердің ресми тілі. Дүниедегі барлық аударма шығармалардың, ақпараттардың 33%-ы ағылшын тілінен аударылса, 15 % -ы француз тілінен, ал 1%-ы ғана неміс тілінен аударылады екен. Бұл статистикалардан-ақ, ағылшын тілін меңгерудің қаншалықты маңызды екенін, ақпарат пен білімнің барлығы да сол тілде екенін түсінуге болады. Демек, бұл ағылшын тілін білетін адам, жер жүзінде бір миллиардтан астам адаммен еркін коммуникацияға түсе алады деген сөз. Бизнес, туризм, ғылым, білім беру жүйесі, кинемотограф т. б. әлемнің түрлі саласында дәл осы ағылшын тілі қолданылып, көптеген әлемдік жобалар, саяси кездесулер мен жиындар, спорттық жарыстар мен олимпиадалар ағылшын тілінсіз өткен емес. Ал бүгінде өмірімізді елестете алмайтын Интернет ше? Ғаламтордағы ресурстардың — виртуалды ойындардың, кез келген бағдарламалық жасақтамалардың, одан қалса, фильмдер мен кітаптардың 80 пайызы дерлік ағылшын тілінде.

Еліміздегі білім мен ғылымды т. б. саланы дамытамын деген әрбір жас, әрбір патриот ағылшын тілін білуге міндетті. Бүгінде елімізде жұмысқа қабылдағанда ағылшын тілін білетін жастарға ерекше құрметпен қарайды. Ал, кейбір шетелдік компанияларда бұл тіпті талап ретінде қарастырылып жатқаны баршамызға белгілі нәрсе. Сол себепті де бүгінде ағылшын тілін білу үлкен қажеттілікке айналып отыр.

Қазіргі қоғамда көп тілді білу әрқандай адамды кең өріске, тың өмірге бастайтын жол болып табылады. Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерде үш тілді білім беру моделін енгізудің өзектілігі де осында: — бүгінгі қазақстандық қоғамда көптілді, көп мәдениетті тұлғаға деген сұраныстың артуы; — ұлттық мектеп бітірушілерін жалпы қазақстандық және әлемдік білім және ақпарат кеңістігіне кіріктірудегі мәселелерді шешу қажеттілігі; — болашақ ұрпақты қазақстандық патриотизмге, ұлтаралық қатынас мәдениетіне тәрбиелеудің өзектілігі; — аз ұлт өкілдерінің этникалық ерекшеліктерін сақтаумен бірге олардың жалпықазақстандық экономикалық, әлеуметтік-мәдени үрдістерге толыққанды қосылуына жағдай жасау; — жас ұрпақтың коммуникативтік және ақпараттық құзырлықтарының жеткілікті деңгейіне қол жеткізу. Бұл өзекті мәселелерді жүзеге асыру үшін басты мақсат анықталды. Ол – Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім стандарттары талаптары деңгейінде үш тілде білім меңгерген, көптілді коммуникативтік құзырлықтары қалыптасқан, көп мәдениетті, рухани-адамгершілік қасиеттері дамыған тұлғаны тәрбиелеу.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Сауат ашу» пәні бойынша оқу бағдарламасы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2014.
  2. Рахымбердиев А. «Үш өлшемді әдістемелік жүйе», Қазақстан мектебі, № 2, 2010.
  3. Солташұлы Ы. «Заман талабы-көп тілді болу», «Ақиқат», 2012. 5. Тер-Минасова С. Г. «Язык и межкультурная коммуникация»,M., Слово/ Slovo, 2008.
  4. Ибраева Ж. М. «Көптілділікті іске асыру- бүгінгі күннің талабы».
  5. Аримбекова А. Г. «Көптілді білім беруде қарастырылатын құзіреттілік мәселелері».,  Ерғали Е. «Тіл білудің теңдессіз тиімділіктері».